Кісілік қасиетіне адал болған әкем-ай!

Беймезгіл әке  туралы ән естісем, жан әкемді есіме алып, көз жасыма ие бола алмаймын. Әкеге деген сағыныш бүкіл жан-жүрегімді жаулап алады.

Менің әкем Шолтық Байкенұлы Ұлы Отан соғысының мүгедегі әрі еңбек ардагері еді. Ол 1906 жылы Көкшетау облысы Чкалов ауданында дүниеге келіпті. Әкем жастайынан атасы мен әкесіне және ағаларына көмектесіп, мал соңында жүріпті. Біздің әулет көптеп мал ұстаған ауқатты адамдар болса керек. Өз еңбектерімен ешкімді жалға алмай, малмен тірлік кешкен. Кейін 1917 жылы  Қазан революциясы келіп, кейін Кеңес өкіметі бай-кулактарды қудалай бастағанда, әкем мен Мақат деген ағасын «сендер байдың балаларысыңдар» деп жазықсыздан-жазықсыз Қиыр Шығысқа жер аударады.

Әкем сол жақта айдауда жүріп, 1941 жылы неміс фашистері тұтқиылдан Кеңес Одағына шабуыл жасағанда, өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Содан соғысқа кіріп, 1943 жылы кезекті шайқастың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түседі. Сол жолы аяғына оқ тиіп, оған қоса, екі қабырғасынан айырылып, біраз уақыт емделгеннен кейін қайта майданға жіберіледі.

Соғыс аяқталып, Жеңіспен елге оралғанда әкем Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып саналатын. Бірақ, үйде қарап отырған адам емес. Бірден  еңбекке араласып, анамыз Сақып екеуі бұрынғы «Макин труд», қазіргі Макинка ауылында ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етті. Бала кезімнен әлі есімде, мен отбасында ең үлкен қызы болғандықтан, құлағыма білім, адамгершілік, инабаттылық туралы сөздерді құя беретін. Басқа балаларына да осылай тек түзу жолды нұсқап, біреудің ала жібін аттамауды қатты тапсыратын. Соғыста алған жарасынан мүгедектігі де сыр беріп қоятындығына қарамастан, ақадал маңдай терімен үйдегі барлық балаға да жоғары білім әперуді ойлады және сол мақсаттарына жетті де.

Өкінішке орай, кіші сіңліміз Жанат әке-шешемді емдеймін деп мектепті аяқтаған соң Қарағанды медициналық институтына оқуға түсіп жатқанда, ата-анамыз  бір айдың ішінде дүниеден өтіп кетті. Ал, сіңлім болса, кейін институтты ойдағыдай аяқтап, бүгінгі таңда Астана қаласында жоғары санатты дәрігер ретінде өз емделушілерінің ілтипатына бөленіп келеді. Осы саладағы еселі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен және медальдармен марапатталған.

Әке-шешемнің жоғарыдағыдай тәрбиесін көрген және соны шамам келгенше бар саналы өмірімде ұстануға тырысқан өзім болсам, білім саласында 43 жыл үзбестен еңбек етіп, зейнет демалысына шықтым. Екінші сіңлім Қалима да көп жылдар бойы бас есепші болып қызмет істеді. Қысқасы, біздің үйден үш есеп қызметкері шықты. Ортаншы сіңлім Қарлығаш салық жүйесінде еңбек етсе, Үмітіміз Қаржы министрлігінде Салық комитетін  басқарды. Оның да салық жүйесінің үздігі екендігін ескерсек, ата-анамыздың тәрбиесі текке кетпеген сияқты. Бұл тәлімді жолды ішкі істер саласында қызмет атқарған Жанна сіңлім де лайықты жалғастыра білді. Қазір ол зейнет демалысында, отставкадағы полковник.

Ата-анамыздан ұл бала болмағанымен, біздер, алты қызы да алты ұлға ұқсап, көздері тірісінде бар көңілдерін табуға тырыстық. Әкемнің өзінен тірісінде соғыс туралы сөз алу қиын болатын. Әйтеуір, Белорус майданында болдық дейтіні есімде қалыпты. Тіпті, Жеңіс мерекесі күндері біз, қыздары «басқа аталар сияқты сіз де орден-медальдарыңызды тағып алсаңызшы» десек, «мақтанып тағамын ба, ап-ауыр қылып?» дейтін. Еңбекте де, күнделікті өмірде де барынша адал болды. Қазір Германияда тұратын бұрынғы селолық Советтің төрайымы Полина Васильевна Сергеенко «сіздің соғыс мүгедегі, еңбек ардагері ретінде де бір үй алатын ретіңіз бар» деп, жаңа салынған үйден үй беріп тұрғанда, оны да алмай, өз еркімен бас тартқанына әлі күнге қайран қаламыз.

Сол қарапайымдылығы мен адалдығы өзі өмірден өткенде алдынан шығып, бүкіл ауыл үлкенінен кішісіне дейін соңғы сапарға көкіректері қарс айырылып, қимай шығарып салды.

Бүгінгі келіп қалған Ұлы Жеңістің 80 жылдығында осындай жанның перзенті ретінде айтарымыз, әке, сенің бар жақсы қасиеттеріңді бойға сіңірген біз, балаларың әлі де осы жолмен жүріп, айтқан ақылыңды, бізге артқан үмітіңді ақтай береміз. Анам екеуіңнің де жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын дейміз.

Ел басына күн туғанда қалай көңіл жайланған,
Жігіттермен бірге өзің аттаныпсың майданға.
Мүгедек боп оралып, отау құрдың анаммен,
Бола білдің үлгісі кісіліктің қайда да.

Алтаумызды тәрбиелеп, ұшырдыңдар ұядан,
Екеуіңді сағынышпен еске аламыз бұл күнде.
Біз бас иген сексенінші көктемінде  Жеңістің,
Сенің дағы сол ерлігің ұлы ерлікпен тұр бірге!

 

Қасиет Шолтыққызы,
білім саласының ардагері.                              

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар