«Айтармын мұның тегіс қайсы бірін…»

Біздің ардақты әкеміз Қайыржан Жүнісұлы Жүнісовтің Екінші дүниежүзілік соғыста және одан кейінгі жылдарда  көрмеген көрешегі жоқ.

Ақмола облысының бұрынғы Қызылту ауданы Томан ауылында дүниеге келген әкем соғыс басталысымен Ұлы Отан соғысына аттанып, соғыстың орта тұсында сондағы ең бір ауыр да қайғылы майдан шебі Харьков қазанында зұлым жауға қарсы бастарын қатерге тігіп, шабуылға шығады. Бірақ, жалаң қолмен атқа шаптырып, көрінер көзге жау қолына айдап салған біздің  жақтың қатыгездігі мен мейірімсіздігінен түгелдей дерлік қырылып, аз ғана қалған бөлігі бірі жаралы, бірі ес-түссіз қалғандықтан, енді бірінің басқа амалы болмағандықтан, жау қолына тұтқынға түседі. Әкем сол тұтқыннан көрген қорлығы мен азабын айтқанда, тыңдап отырғандардың денесі тітіркенетін.

Содан Еуропа жеріндегі фашистердің концлагерінен  соғыс аяқталған соң босап, елге келгенде, бұрынғысы аздай, тағы да қорлықпен он жылға сотталып кете барады. Сол кезде анамыз Райхан қаншама ауыртпалықты басынан өткізсе де, жұбайының аман ораларына үмітін үзбей, ұлының атын Орал қойған екен. Расында да әкеміз бұл қорлықтан да елуінші жылдардағы жылымықтан кейін аман-есен елге оралып, 66 жыл ғұмыр кешті. Осы жасында бірнеше немере сүйді. Кейін бұл қатарға шөберелері қосылды. Осындай ауыр жағдайларды  басынан кешкен әкеміздің бір қасиеті ақынжанды еді. Соғыстың басынан  бастап, тіпті тұтқында болғанда да шамасы келгенше өлең жазып, ол жазбаларын небір ауыр кездердің өзінде аман  сақтай білген. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қолымызда қалған әкеміздің осы мұрасынан кейбір жырларын облыстық «Арқа ажары» газетіне ұсынуды жөн көрдік.

Зәуреш Сәдуова,
қызы.            

Қара судай ақты қан

Біз келдік составпенен Харьков жаққа,
Кездесті осындай жыл біздің баққа,
Босатып селоларын Украинаның,
Харьковке жиырма шақырым қалған шақта.

Жау қашып кейін қарай, алға бастық,
Кездесіп қалған жерде қарсыластық.
Қамауда үш армия түгел қалып,
Прорвайт ету үшін жолды аштық.

Сатылып басқарушы біздің жәләп,
Ант соғып, көгермегір ол лағнат.
Қарусыз жаяу-жалпы, аш-жалаңаш,
Еріксіз жіпсіз байлап берді қамап.

Амалсыз құрған жолдан өте алмай көп,
Жосылдық ерсіл-қарсыл ата алмай оқ.
Таппады басқа пана ер азамат,
Қырғи құрған тордағы торғайдай боп.

Аспаннан көп самолет қаптап кетті,
Бомбыны есебі жоқ тастап өтті.
Қырылды неше мың жан бір сағатта,
Топалаң халық ажалын қолдан септі.

Біреудің оқ әкетті басын жұлып,
Кетті кей адамның белін үзіп.
Осындай хәл кездесті бауырларға,
Біреудің біреу тұрмас халін біліп.

Жаралы ыңырсыған есебі жоқ,
Адасты ақылынан мұншама көп.
Біреулер қол-аяқтан домаланып,
Қызыл қан ағып жатыр дария боп.

Төгіліп қара судай ердің қаны,
Жазықсыз зарлауменен шықты жаны.
Көрі жоқ, кебіні жоқ былқ-сылқ дене,
Жапанда еш жабусыз қалды бәрі.

Өліктер төбе-төбе болып жатыр,
Өлген жан есебі жоқ, толып жатыр.
Мысалы, құйып өткен жаңбыр сынды,
Қызарып жердің беті қалып жатыр…

Сағыныш

Дегейсің менен сәлем ауыл үйге,
Түсті деп мені айтарсың мұндай күйге.
Мұңлықпын міне, соры ашылмаған,
Бүйтер ме егер оны тәңір сүйсе.

Сәлем де мені білген кәрі-жасқа,
Болса да тумақ бірге, уақыт басқа.
Амалсыз айрылдым ғой арманнан көп,
Артымда жеткіншек жоқ болашаққа.

Айтармын мұның тегіс қайсы бірін,
Қан ағып, қаңсыраған жетпейді үнім.
Жаратып топырақ алған жерден келіп,
Жерінде Украинаның бітті демім.

Дүние-ай, қызығыңды көре алмадым,
Дер кезінде күліп-ойнап жүре алмадым.
Ажалдан кім құтылар уақыт жетсе,
Бұл жанды өз жерімде бере алмадым.

Бұйырмай үш метр жер қайран елден,
Шырылдап дүниеге түскен жерден,
Сәлем де жігіттердің барлығына,
Бір шығып Ақмоладан, бірге келген.

Құлахмет, Нұрмаш пенен Дүйсембайға,
Ендігі қамығудан жоқ қой пайда.
Жасырып мені көміп кеткенің жөн,
Жем қылмай, қарға құзғын, тұрымтайға,–

Деді де көзін жұмды жас азамат,
Қамықты мұны көрген көп жамағат.
Сөзі осы халық аузында қалсыншы деп,
Жігіттің өзі болып тербедім хат.

Бір тын бадым

Шіркін, Қарой қойныңда еркін өсіп,
Жаз жайлауда самал жел тұрған есіп.
Қаздай қатар қонысқан ақ боз үйлер,
Бір мен үшін сияқты алтын бесік.

Айдын көлі жанында Алтынайдың,
Күндіз күн, түнде айдың сәулесі ойнап.
Сағым тартқан алыста сары белі,
Сол ауылды көрген көз қалай тоймақ?!

Таң атқанда жолдарда құстар жырлап,
Өріске өрген малдары жүздеп, мыңдап,
Түндік ашқан бұралып келіншектер,
Шақырғандай қайыным деп қолын бұлғап.

Амал қанша, сол ауыл көркем көркін,
Ойлай-ойлай жаныма жақтым өртін.
Түпсіз торда шырмаған күнді ұмытып,
Болар ма күн елді көрер еркін.

Еркіндікті көре алмай жұртымдағы,
Жүрек қабы көп болды жыртылғалы.
Аласұрған ауылға қайран көңілім,
Арманменен қайтейін, бір тынбады.

Алтын Арқа қойнына құстар қонса екен,
Әрбір сөзім аяулы елді шолса екен.
Бізге қастардың өшкенін көріп жас жаным,
Жадырар бір күні болса екен.

Петтен, 1943 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар