Отты жылдар кешкендер жайлы бір үзік сыр…
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Бұл – жай ғана сан емес. Бұл миллиондаған тағдыр, көз жасы, үміт пен қайсарлықтың тарихы. Мен соғысты тек кітаптан оқып, фильмнен көрген ұрпақтың өкілімін.
1941 жылы 22 маусымда бүкіл Кеңес Одағына, соның ішінде Қазақстанға да ауыр сынақ түсті. Соғыс басталды. Кеше ғана тыныш өмір сүріп жатқан миллиондаған адам бір сәтте майдан мен тылға бөлінді. Әкелер, ағалар, тіпті бозбалалар соғысқа аттанып жатты. Ал аналары, әпкелері, қарындастары еңбек майданында күн-түн демей тер төкті. Бұл – шын мәнінде бүкіл халықтың зұлмат соғыспен айқасы болды. Сол қиян кескі жылдар аясындағы бір адамның тағдыры жайлы жазғым келіп отыр. Жай тағдыр емес, өз өмірін осы бейбітшілік жолында құрбан еткен жан жайлы.
Менің қайын атам Қасен Тастенбекұлы Тастенбеков соғысқа қатысқан. Ол 1909 жылы Қазіргі Акмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмешіт ауылында дүниеге келген. Отбасы ата-анасына көмектесу үшін жастайынан еңбекке араласқан. 1940 жылы Владивостоктағы снайперлер мектебінде оқыған.
1941 жылы соғысқа аттанған, 1941-1945 жылдары аралығында соғыс майданында болған. Отан қорғауда талай ерлік жасаған. Соғыста Днепр өзенінен өтіп, Украина, Беларуссия, Харьков жерлерінде шайқасқан. 1945 жылы Берлинге 60 шақырым қалғанда үлкен ұрыс алаңында бомба жарылып, топырақ астында қалып, контузия алады. Үш ай бойы бейнет көріп, кейін жарақатына байланысты елге оралады. Елге келгеннен соң, бейбіт еңбекке араласты. Жұбайы Қастай Тастенбекова анамыз тыл ардагері болған. Анамызбен отбасын құрып, ауылда мал баққан, құрылыста еңбек еткен. Зейнеткерлікке шыққаннан соң да еңбектен қалмады. Құрметті соғыс ардагері 1 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, өсірген. Балалары әке атына дақ түсірмей, әр салада белсенді еңбек етуде. Майдангердің 17 немересі, 35 шөбересі, 1 шөпшегі бар. Қастерлі атамыз туған жерін қорғап, ел үшін оқ пен оттың ортасынан аман шыққан екен. Ол ешқашан өз ерлігін айтып мақтанбаған. Бірақ мен оның көзінен бәрін көргенмін. Соғыстың зардабы, жоғалтқан достары, елге деген шексіз махаббаты – бәрі үнсіз тіл қатқандай еді.
Бүгін біз бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бұл – сол ардагерлердің, сол ұрпақтың арқасы. Олар бізге тек Жеңісті емес, рухтың күшін, Отанға деген махаббатты, бірлікті аманат етіп қалдырды. Ұлы Жеңіс – ұмытылмас сабақ. Қазір соғыс ардагерлері жылдан-жылға азайып бітті. Олардың жанында отырып, әңгімесін тыңдау – тарихпен тілдескенмен бірдей еді. Мен осы кісілердің келінімін, әрдайым ойлаймын: егер сол кезде біздің батырларымыз осалдық танытса, біз бүгін қандай болар едік?
Олардың орнында мен болсам не істер едім? Бұл сұрақ мені бей-жай қалдырмайды. Себебі, бүгінгі бейбіт өмір – сол сұрақтың жауабын іздегендердің ерлігімен келген. 80 жыл өтті, бірақ соғыс туралы естеліктер әлі де тірі. Ол біздің тарихымызда ғана емес, жүрегімізде өмір сүруі керек. Ерлік – ұмытылмауы тиіс. Аталар қанымен келген Жеңіс қадірленуі керек.
Тарих – сақталуы тиіс. Меніңше, нағыз патриотизм – өз тарихыңды білу. Оны мақтан тұту ғана емес, одан сабақ алу. Ұлы Отан соғысы – біз үшін үлкен өмір сабағы, бізге берілген аманат.
Атам Тастенбеков Қасен Тастенбекұлы 1981 жылы 18 желтоқсан айында қайтыс болды. Соғыс зардабы оны денсаулығынан айырды, бірақ, өмірінің соңына дейін шыдамдылығы мен төзімділігінен таймады. Міне, өмірге деген құлшыныс. Қазіргі уақытта ұрпақтары Астана қаласында, Ақмешіт елді мекенінде тұрады. Ата бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Сауя Тастенбекова,
ардагер ұстаз.
Целиноград ауданы.
![]()

