Қаламын қаруға айырбастап…

Биыл біздің еліміз, жалпы адамзат тарихы үшін айтулы жыл. 1418 тәулікке созылған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Біздер, бүгінгі жас ұрпақ өкілдері бұл тарихи кезеңді ата-әжелеріміз айтқан әңгімелер, көрген кинотуындылар арқылы білеміз.

Ақын Қасым Аманжоловтың «Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс…» деген өлең жолдары кімді болсын, ойландырмай қоймайды деген ойға жетелейді менің балауса сезімім. Майдангерлер жайлы өзім мектеп қабырғасының жоғары сыныптарында оқып, біле бастадым.

Бірде, мектеп бітіретін жылы, сынып жетекшіміз Гүлнар Естайқызы Жеңіс күні қарсаңында сынып сағатын өткізіп, облыс өңірлерінен майданға аттанған құрамалар жайында деректер келтіріп, мысалдарды алға тартты. Әңгіме барысында өзінің туған атасы, қаламгер Әбу Айзахметовтың да төрт жылдан астам майдан жорығына қатысып, Берлинге дейін жеткенін айтып өтті. Міне, осы сәттен бастап өзім журналист болуға талаптанып жүргенімді алға тартып, атамыз жайлы мақала жазуға серт бергендей болдым. Содан бері де біршама уақыт өтті. Бүгінде мамандығым бойынша білім алудамын. Биыл сәтін салса, жас қаламгерлер санатында диплом алып, шығармашылық ортаға қосылмақпын.

Жуырда ұстазыма арнайы жолықтым. Әбу ата жайлы өзінде бар құжаттармен танысудың сәті түсті. Гүлнар Естайқызының қолындағы деректерге жүгінсек, Әбу Айзахметов атамыз 1907 жылы 10 наурызда бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданына қарасты Алғабас елді мекенінде, қарапайым шаруа отбасында туған. Атамыздың әкесі ерте қайтыс болып, жоқшылықты көре жүріп, аудандағы жеті жылдық мектепті бітірген соң Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық техникумын тәмамдайды. Мұғалімдік қызметпен айналысып, кейін 1938 жылы Рузаев аудандық газетінің редакторы болып тағайындалады. Ал, 1939 жылы жаңадан ашылған Ақмола облысының «Сталин туы» атты облыстық газетінің редакторлығына жоғарылатылады.

– Атаның облыстық басылымдардағы қызметі, шығармашылық өмірі жайлы осы газеттің ардагері, белгілі журналист Бәдуан Имашұлына хабарлассаң, біраз деректер береді, – деп ағамыздың телефонын берген еді ұстазым.

Журналист ағамен жүздесуден кейінгі әңгімеміз төмендегідей сипатта өрбіді:

– Тарихи деректерден мәлім, – деп бастады әңгімесін Бәдуан Имашұлы. –1939 жылы қазан айының 10 жұлдызында Ақмоланың тумасы Әбсәмет Қазақбаев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Он төрт күн өткеннен кейін Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан 17 ауданды бөліп алып, өз алдына жеке Ақмола облысын құрады. Міне, осы күннен бастап, бұрынғы Сәкен Сейфуллин ашқан «Тіршілік» газетінің жалғасы болып келе жатқан Ақмола аудандық «Колхоз екпіндісі» деген газет атын да, затын да өзгертіп, «Сталин туы» атты облыстық газетке айналады. Облыстық газеттің редакторлығына белгілі қаламгер Әбу Айзахметов тағайындалады.

– Әбу ағамыз жаңадан ашылған газеттің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ұжымға өңірдегі қаламы ұшқыр қаламгерлерді тартып, қазақ журналистерін тәрбиелеуге күш салды. Басылымның мазмұнды, сапалы шығуына ерекше назар аударды. Басшылықтың сол кездегі саясатын насихаттаудың басты құралы бола білді.

– Ағамыз газетті төрт жылдан астам басқарып, 1942 жылы өзі сұранып, майданға аттанады. 1946 жылы майданнан оралғаннан кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп, Еркіншілік аудандық партия комитетінің хатшысы, Ерейментау аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы болып еңбек етеді. Кейін зейнет демалысына шыққанға дейін Ақмола облыстық газетінің Ерейментау ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.

– Өзім ардагер ағамызбен газетке қызметке келген 1971 жылдан бастап танысып, араластым, – деп Бәдуан ағамыз әңгімесін одан әрі сабақтады. –Күнделікті қарбалас тірлік. Газеттің сегіз бөлімі бар. Аптасына бес рет шығады. Науқандық жұмыстар бір-бірімен жалғасып дегендей, ағамыз аудан өңірінен материалдарды тоғытып жатқаны. Байланысқа шығып, әлдеқандай деректерді сұрап өтініш айтсаңыз, сол сәтінде телефон шалып орындап тастайды.

Ай сайын редакцияда бас қосатын жиналысымыз бар. Науқандық жұмыстардың қорытындысы бойынша меншікті тілшілер де шақырылады. Белгіленген жоспарлар талқыланып, бекітіледі. Мұндайда Әбу ағаның белсенділігі анық байқалады. Өз ой-пікірлерін ашық, нақты айтады. Біздер, жастар әңгіме-дүкен құрғанда өмір, майдан жолдары, ақындық шеберлік жайлы әсерлі әңгіменің тиегін ағытатын…

Редакция ұжымы ағаны ақын ретінде жақсы таниды. Өлеңдері, толғаулары, майдан жырлары ұдайы жарияланып жатады. Майдангерлер тақырыбына арнаған өлеңдеріне оқырмандарымыздан ілтипат білдірген хаттар толассыз келіп жататын, – деп түйіндеді әңгімесін Әбу ағаның көзін көріп, бірге қызмет істеген журналист ағамыз.

Жоғарыда қаламгер атамыздың төрт жылдан астам майданда болғаны жөнінде дерек келтірдік. Немересі, ұстазым Гүлнар Естайқызының қолындағы өңі кетіп, сарғайған газет қиындылары мен небір парақшаларға назар аударсақ, Әбу атамыз 1942 жылы арнайы әскери дайындықтан кейін Қазақстанда жасақталған 8-ші атқыштар дивизиясы құрамында Бірінші Украин майданы №111 танк бригадасының екінші құрамында рота политругі лауазымына тағайындалып, небір қанқұйлы шайқастарға қатысқан. Бүкіл Еуропаны белден кешіп, Праганы азат етудегі қан жоса қырғындағы өжеттігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Қолымыздағы деректерге жүгінсек, Әбу атамыз осы Бірінші Украин майданы жауынгерлерінің сапында одақтастар әскерлерімен бірге әйгілі Берлин операциясына қатысып, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін кеудесіне таққан.

1945 жылдың 2 қыркүйегінде Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, барлық майдандарда тыныштық орнады. 1946 жылы әскери қызметтен шенді офицер санатында елге оралған атамыз бірден бейбіт еңбекке бел шеше араласты. Саяси басшы ретінде елді мекендерді жиі аралап, халық шаруашылығын қалыпқа келтіруде өз тарапынан лайық үлес қосты дер едік.

Майдандағы, бейбіт өмірдегі ерлігі мен еңбегі лайықты аталып өтілді. «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», басқа да әскери мерекелік медальдармен, Бас қолбасшының Алғыс хаты сияқты марапаттарымен, өлкелік,  облыстық, аудандық органдарының арнаулы наградаларымен аталып өтіп, сайланбалы органдардың лауазымды қызметтерін атқарып, өңірдің қоғамдық, саяси жұмыстарына белсене араласты. Жеке шығармашылығына айрықша көңіл бөліп, бірнеше жыр жинақтарын, әңгіме, хикаяттарын шығарды.

Майдагер, қаламгер, Ақмола облыстық басылымының тұңғыш редакторы, майдан жолымен Ақмоладан Берлинге дейін жеткен Әбу Айзахметов атамыз жөніндегі жазбаның соңына биылғы Жеңістің 80 жылдығын атап өте отырып, оның халқымызға орны толмас қайғы-қасыретінен мыңдаған аға ұрпақ өкілдерінің өмірлерін қиған жанкештілігімен келгенін бүгінгі ұрпақ ұмытпасақ екен деген тілегімді білдіремін.

Аға  буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі бүгінгі біздер, өскелең ұрпақ үшін  қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз.

Бүгінде біз ұлтымыздың сол кезеңдегі қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, білім алып, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа нық қадам басып келеміз. Сол үшін де майдангерлерге мәңгі қарыздармыз!

Мақпал РАХАТҚЫЗЫ,
М.Нәрікбаев атындағы университеттің журналистика
бөлімінің 4-курс студенті.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар