Кеше (12 мамыр 2025 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов «Отан» орденімен наградталды.
Сексен жасыңыз да, жоғары марапатыңыз да құтты болсын!
Кітап, оқыңыз!
Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» атты естелік және дипломат, журналист-жазушы Гүлсім Еңсеповаға берген «Отыз жылдың ой-толғауы» сұхбаттар кітаптары бір дәуірдің тарихын ар тілімен баяндайды.
Біздің ұрпақ, былайша айтқанда, «көзімізді тырнап ашқалы» Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін естіп өстік. Қазақстанның тәуелсіздігіне дейін «Қонаев дәуірінде» өмір сүргеніміз және де анық. Сонан да болар, тұтас бір дәуірдің алып тұлғасы, өткен XX ғасырдың 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жайлы жазылған белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» кітабы қолымызға тиісімен бас салып, оқығанымыз бар.
Қонаев көпшілік үшін белгілі де, беймәлім де тұлға! Көпшілігіміздің білетініміз, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаев 1986 жылы 16 желтоқсан күні – Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынды, одан соң желтоқсан оқиғасы… 1987 жылғы маусымдағы пленумда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін деген сылтаумен коммунистік партия мүшелігінен шығарылғандығы жалған жала жабылғандығынан еді!
Біз өмір сүрген «Қонаев дәуірі» кешегі кеңестік жүйенің дәуірлеп тұрған кезі болатын. Дінмұхамед Қонаев басқарған жылдары Қазақстан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс саласы 8 есеге өскендігі айтылады, 43 қала салынғандығы ерлікке таңылады. Алайда, әлі күнге шейін «Қонаев дәуірінің» қарама-қайшылықтары жайлы сан алуан көзқарасты пікірлер айтылып жатары және де бар.
«Мен де кезінде Дінмұхамед Ахметұлының қолдауымен, қамқорлығымен он жылдай республиканың ең жауапты бір лауазымды қызметі, атап айтқанда, республика комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет, ұйымдастыру-партия жұмысы сияқты екі үлкен бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқару сенімі мен бақытына ие болдым.»,– деп (10-шы бет) өзінің «Қазақтың Қонаевы» кітабында жазып отырғанындай, Қонаевтың жанында жүрген, сеніміне ие болған Қуаныш Сұлтанов не айтты екен деген ойдың болғаны да анық. Өйткені, көпшілік біле бермейтін Қонаев өмірін, оның айналасындағыларды және олардың талай сырын да, тіпті құпияларын да бір білсе, осы Сұлтанов біледі деген ел ішінде қалыптасып қалған ұғым да бар.
Қуаныш ағаның «Мемлекеттік, партиялық жұмыс та ардың, алдымен адамгершіліктің жұмысы болуы керектігін Димекеңдей сирек тұлғадан көрдім, үлгі еттім»,–деп (10-шы бет) айта отырып, Қонаевтың бізге беймәлім ар мен адамгершілік, адами асыл қасиеттері жайлы жазғандары елең еткізді, бірден қызықтыра жөнелді.
Сол өткен жиырмасыншы ғасырдың сексен алтыншы жылы билік ауысқан және тоқсаныншы жылдардың біраз кезеңіне дейін Қонаев төңірегіндегі не бір қолдан ұйымдастырылған саяси ойындар, сатқындықтар мен опасыздықтардың толастамағаны анық.
Сол кездегі Кеңес Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті М.Горбачев те, Қазақстанның басшысы Г.Колбин де Дінмұхамед Ахметұлын кінәраттап, жала жауып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты, Қонаев алаңға барудан бас тартты, жастарға басу айтпады деп өтірік күстаналап, «қазақ ұлтшылдығы» дегенді жалаулатып, Қазақстандағы кемшіліктерді термелеп жатты.
«Қазақтың Қонаевы» кітабындағы Қуаныш ағаның: «Оған өз еліміздегі кейбір белгілі адамдар да атсалысып, жанталаса жарысып, жаңа басшыға жағынуды кәсіп етті. Димекеңнің тұсында ол кісіні мақтап, мәртебелеп, ондаған, жүздеген адамдар өскен болса, енді бұл жолы Димекеңді жамандап, сыртынан ғайбат айтып, көптеген адамдар Колбиннің назарына ілігіп, лауазымдары өсіп жатты»,–дегеніне (28-ші бет) орай «Олар кімдер? Сұлтанов біліп отыр ғой, біледі әбден, білген соң да жазып отыр ғой! Бірақ, солардың аттарын неге атамаған?» деген бір пендешілік ойдың санамызда оянғанын да жасырмас едік.
Әрине, сол кездегі жоғары билікте қалыптасқан жағдай мен ахуалдың бәрін бірдей білмесе де, біраз жайды, өзі де қуғындауға түскеніне қарамастан, Қуаныш Сұлтановтың білері анық. Тереңдемейді, сол кездегі жағдайға орай еш адамның аттарын атамайды, ешкімді ғайбаттамайды, айыптамайды. Біздіңше, Қуаныш аға өзі жазған осы кітабы арқылы Қонаев сынды жақсы адамның артынан қайра бір сөз тудырмағанды және де қашан болсын өткеннің қоламтасын қайра үрлеуден бойын аулақ ұстайтын сабырлы да, ақыл-парасатты ұстанымымен, «өспес ұрпақ қана өшпес дау қуар» дегенді басты мақсат еткені де бар еді. Сұлтановтың сұңғылалығы бұл!
Адами асыл қасиеттерінен айнымаған Қонаев сол қиын-қыстау кезеңдерде жақсыны да, жаманды да, өсек пен ғайбатты да, бәрін де салиқалы сабырмен қарсы алып, төзе білгендігі, ақыры, адалдығымен жеңе білгендігі Қуаныш Сұлтановтың кітабындағы талай бір оқиғалар арқылы айғақ етіледі. Бір атап көрсетерлігі сол, автор өзінің осы еңбегінде тек өзі ғана куә болған жайларды баяндайды және бұған дейін жарық көрген тұлғалардың еңбектерінде айтылған жайларды ғана куәлікке тартып отырады.
Адал адамға қандай жағдайда да адал болып қалу және адал адамға адал қызмет жасау ол да ардың ісі. Мұны айтып отырғандағы себебіміз, Қуаныш Сұлтанов өзіне төнген қауіп пен қатерге қарамастан КОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Николай Мищенконың «Қонаевтың қызметі туралы, басқарушы лауазымды кадр жұмысы туралы сыни анықтама жазып бер», – дегенде (109-бет) «Сіз мені ешнәрсеге мәжбүрлемеңіз!.. Мен ешқандай қағаз, ешқандай анықтама жазбаймын, Әсіресе, Қонаев туралы ешнәрсе жазбаймын!,–деп (110-бет) қасқайып қарсы жауап беруі, әрине адамгершілік, адалдық, тіпті ерлік те болар еді.
Осы оқиғадан кейін, тура үш күн өткеннен соң жаңағы Мищенко «Сіз жазбасаңыз да, міне, көрдіңіз бе, қаншама адам жазғанын деп» қалыңдау көк папкіні көрсетеді. Және де, «көруіме бола ма?» деген Сұлтановтың қолына жаңағы көк пәпкіні ұстата салады… Жә… сонымен не керек, Сұлтанов жазбаса да, көк пәпкі толық еді…
Әрине, дәуір тұлғасы Дінмұхамед Қонаевты, оның дәуірін бір ғана адамның жазғандары мен естеліктерінен тану мүмкін емес. Алайда, адамның адами бейнесі мен тұлғасы сол естеліктер арқылы да қалыптасары және де анық. Автор Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» кітабының негізі кейіпкері Қонаев және өзге де адамдар болса да, Қуаныш аға өзінің де өсу, өркендеу өмір жолдары, өз ұстаздары және де өзі куә болған, бел ортасында жүрген оқиғалар, сондағы иық тірестіре жүріп қызмет жасаған қайраткерлер жайлы да әсерлі бір дүниелерді қатар өріп отырады. Әрине, солардың барлығы да «Қазақтың Қонаевы» кітабын мазмұны жағынан байытып, әсерлендіріп, қызықтыра түсер құнды дүниелерге толы екендігін айтқан ләзім.
«Тұра тұр, тұра тұр… Ұлы адамдар әне жатыр», – деп (252-бет) Кеңсайдағы зиратқа барған бір сәтінде Дінмұхамед Қонаев жанындағы серігі Шәміл Бекболатовқа қарата өзінің әкесі мен анасының құлпытастарын көрсетеді. Дүниеден озар болса, өзінің қабірінің басына қойылар құлпытасы әкесі мен анасының құлпытастарынан ешқандай артықшылыққа жол берілмеуін тапсырады. Өсиеті орындалыпты!
«Димекең туралы көп адам ой толғап, әртүрлі ой-пікірлер жазылуы да табиғи. Болашақта да осылай болары сөзсіз», – дей келіп (77-бет) Қуаныш аға Сұлтанов кім не жазса да, пенделікке берілмесе екен, Димекең жайлы азаматтық ар мен жауапкершілікпен, біліп жазылса деген ой тастайды.
Тоқтарлық сөз! Қазіргі уақытта өткенімізді түгендейміз, тарихымызды толықтырамыз деп кей жағдайда өзіміз білетін де, білмейтін де жайларды қазбалаумен бірге қазымырланып, ешбір дерегі жоқ жайларды көпіртіп, қоғамда қарама-қайшы пікірлер қалыптастыру үрдісі жоқ емес, бар! Осы тұрғыдан келгенде Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» кітабы пендешіліктен ада, азаматтық ар тазалығының ақ қағазына жазылған құнды дүние!
«Отыз жылдың ой-толғауы»
Бір дәуірдің куәгері және де сол кездері жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Премьерінің орынбасары, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, Қытай Халық Республикасында Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі, Парламент депутаты болған Қуаныш Сұлтанов пен дипломат, журналист-жазушы Гүлсім Еңсеповамен екеуара сұхбатынан тұратын бұл кітап «Отыз жылдың ой-толғауы» деп аталады және осы кітапқа жиырма сұхбат топтастырылып беріліп отыр.
Отыз жыл! Бұл жылдардың жүгі тұтас бір ғасырдың еншісіне жүк болары анық. Қазақ елінің тәуелсіздігінен басталар жаңа дәуір аралығындағы тарихи оқиғаларды терең саралау мақсатында журналист-жазушы Гүлсім Еңсепова «Қарсаңда» атты сұхбатында өзінің ойларын жинақтап, «Қандай кезеңдерден өттік? Кім едік, кім болдық?» деген сауал тастайды.
Қашан болсын, өзінің ұстанымын ашық айтатын дағдысымен Қуаныш Сұлтанов бұл сауалға да, яғни, тәуелсіздікке дейін қандай қоғамнан өткенімізді жан-жақты әңгімелейді. «Мұндай әңгіме… бүкіл ұрпағымызға қажет», – деп (6-бет) түйіндей отырып, Қуаныш аға сол бір социалистік қоғам қалпындағы елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын нақтылы деректермен байлап, сөз айтады. Біздің республикамыздағы ауыр индустрия, өнеркәсіп кәсіпорындарының 93 пайызы тікелей Одаққа, яғни, Мәскеуге бағынышты болғандығынан бастап, ұлттар теңдігі, ұлтаралық қатынастардың ерекшеліктері, дамуы мен өркендеуінің заңдылықтарының ескерілмеуі аралығындағы тарихи ақиқат нақтылы мысалдармен таратылады.
Сұхбат кітабындағы «Тәуелділіктен – Тәуелсіздікке» атты парақтарында Қуаныш Сұлтанов өзіне қойылған сауалды арқау ете отырып, Тәуелсіздік Декларациясының қалай қабылданғандығын әсерлі айта отырып, «тәуелсіздік – басымызға қонған бақыт, сонымен бірге сынақ», – деп (13-бет) орында байлам жасайды.
Еркін сұрақтар мен еркін ойдан және еркін жауаптардан тұратын «Отыз жылдың ой-толғауы» сұхбаттар кітабында тарихқа жаңаша бойлау, жаңа көзқарас қалыптастыру бар. Бұл орайда, қазақ халқының тәуелсіздікке дейін жүріп өткен тарихи кезеңдері де айтылады, әңгіме болады. Патшалық Ресейдің қазақ даласы мен баласына жасаған қысастығы, қазақ хандығын әлсірету бағытындағы сұрқиялықтары, Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісін басып-жаншу арқылы отарлау саясатының ықпалы күшейе түскендігі жайы да бей-жай қалмайды.
Тұтас бір дәуірдің тарихы мен оның оқиғалары қамтылған сұхбат кітапта Тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының бүгінгі ұстанымына да арқау болар ойлар мен пікірлер бар. «Ұлтаралық қатынастар» атты сұхбатта Қуаныш Сұлтановтың мына бір «Ресей империясының қазақ жеріне күштеп кіруіне қарамастан, біздің халқымыз ежелден орыстарға бейбіт пейіл көрсетіп, олармен өзара түсінісіп өмір сүруді ұстанған. Тату көршілік дәстүрлері де біздің Ұлы даламызда туындап қалыптасты. Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сияқты даналарымыз да орыстан оқу-білім үйренуді жатсынбаған»,–дей келіп (83-бет), қазіргі уақытта бүгінгі Ресейдің кей саясатшылары тарапынан жағдайды анық білмей тұрып, «Қазақстанда орыс тілін ысырып жатыр» деген байбаламына өкініш білдіреді.
Осындай арандатушылықтың бірі 1993 жылы болғандығын Қуаныш аға әсерлі баяндайды. Целиноград (қазіргі Астана) қаласында Қазақстан славяндарының съезі өткізіліп, барлық славяндарды, солтүстік, шығыс, 5-6 облыстардың аттары аталып, соларды Ресейге қосу жөнінде референдум өткізу қажет деген ұйғарым жасалған шақта, нәтижелі жұмыс жүргізудің қорытындысы бойынша славян белсенділері өздерінің ағаттық жасағандықтарын мойындап, ақырында кешірім сұрауларымен аяқталғандығы бар.
Міне, осы тектес оқиғалар сол оқиғалардың куәгері болған, Тәуелсіздікті орнықтыру, қалыптастыру және нығайту істерінің басы-қасында жүрген Қуаныш Сұлтановтың аузымен әрі дәйектермен нанымды айтылады. Және де бұл арада журналист-жазушы Гүлсім Еңсепованың өткен отыз жылғы тарихи кезеңдердің аса маңызды тарихи оқиғаларын терең саралап, зерделей отырып, жауап берушіге қоя білген сауалдары арқылы қазақ елінің жаңа тарихының бір-бір беттері қағазға түсіп, жазылып қалғандығын да айтқан ләзім.
Бұлай деуіміздің басты бір себебі, осы кітапта Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастық, халықаралық қатынастар, мемлекеттік шекара, әріптестік көршілік сияқты мемлекеттік маңызды буындарының қалыптасуы мен орнығуы жайлары да сұхбаттың алтын арқауына айналып отыр.
Бүгінге танымды, ертеңгіге тағылымды болып қалар «Отыз жылдың ой-толғауы» кітабындағы сауалдар қазір арамызда жүрген және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында аянбай адал қызмет жасап келе жатқан Қуаныш аға Сұлтанов сынды дәуір перзентіне уағында қойылып, жауап алынғандығы үшін Гүлсім Еңсепова қарындасыма шынайы ризашылығымды білдіремін.
Тәуелсіздік тарихы жазылып жатыр, ол жазыла да берері бар!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
Ақмола облысының құрметті азаматы.
![]()

