Игі бір іс
Қалыптасқан дәстүр бойынша Көкшетау қаласы №6 мектеп-лицейінің оқу үздіктері мен белсенділерінің үшінші мектеп слетіне 5-11 сыныптардың үздік оқушылары жиналды. 2023 жылы мектеп слеті білім ордасының 80 жылдық мерейтойына арналса, 2024 жылғы слет туған шаһарымыз Көкшетау қаласының 200 жылдығына арналды.
Сонымен қатар, биылғы слеттің басты ұраны – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы болды. Осыған байланысты ұйымдастырушылар бағдарламаға ерекше бағыт беріп, оқушыларды Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы мен Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейіне апаруды ұйғарды.
Оқу жылының соңғы күндерін пәндік олимпиадалардың, ғылыми және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары елордамыз Астана қаласында өткізді. Слет қарсаңында мектеп қабырғасында 80 делегаттың портфолиосынан тұратын көрме ұйымдастырылды.
Президенттік орталық – Қазақстан тәуелсіздігі тарихын таныстыратын ірі музей әрі ағартушылық мекеме. Мұнда музей, архив және кітапхана бір шаңырақ астында орналасқан. Орталықтағы заманауи цифрлық технологиялар мен интерактивті шешімдер тарихи деректермен танысуды қызықты да әсерлі саяхатқа айналдырады. Қазіргі таңда музей қорында 12 мыңға жуық экспонат сақталған. Олар бейнелеу өнері туындылары, ұлттық киімдер, қару-жарақ үлгілері, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар және тағы басқалары.
Слет қатысушыларын Қазақстанның тарихы туралы баяндайтын мұражай залдары, түрлі мемлекет басшылары жасаған сыйлықтар экспозициясы қызықтырды. Балалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, Ақорда және Бәйтерек макеттері аясында суретке түсті.
Бағдарламаның келесі тармағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайы болды.
Orda.kz сайтында айтылғанындай, мұражайдың басты мақсаты – қазақстандық қару-жарақтың қуатын көрсету емес, дегенмен, бұл аспект те назардан тыс қалмады. Негізгі миссиясы – бірнеше рет қолына қару алуға мәжбүр болған, өз Отанын басқыншылардан қорғаған халықтың тарихын баяндау.
Бүгінде мұражай қорында 20 000-ға жуық экспонат бар, олардың ішінде сирек кездесетін заттар – қазақ халқының әскери тарихы мен мәдениетінің ескерткіштері де баршылық.
«Мәңгілік Ел» атриумында ауқымды экспозиция ұсынылған. Мұнда ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі әртүрлі кезеңдерді бейнелейтін жауынгерлердің мүсіндері қойылған. Залдың ортасында тәуелсіз Қазақстанды қорғайтын әскерлердің үш түрін көрсететін композиция орналасқан.
Қонақтардың ерекше назар аударатыны 1986 жылы құрастырылған атақты «Чайка» автокөлігі. Бұл автокөлік ұзақ уақыт бойы салтанатты парадтарда пайдаланылып, осындай парадта екі рет Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев мінген. Қазіргі уақытта «Чайка» жүрмейді, бірақ, тәуелсіз Қазақстан дәуірінің тарихи құнды экспонатына айналған. Оның айналасында LED-экрандарда Қорғаныс министрінің Құрылық әскери күштері бас қолбасшысынан парадты қабылдаған сәттерінен фотосуреттер көрсетілуде.
Мұражайдың бірінші қабатында кеңестік суретшілер, тәуелсіздік дәуірінің танымал шеберлері жасаған картиналар бар. Әр суретші қазақ сарбаздарының ерлігі мен негізгі тарихи оқиғаларды өзінше бейнелеген. Айта кететіні, мұражайда Көкшетау қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі тәрбиеленушілерінің де жұмыстары қойылған.
Мұражай ғимаратының бірнеше қабаттары Отанымыздың әртүрлі тарихи кезеңдеріне арналған. Слет делегаттары ежелгі заманнан қазіргі заманға дейінгі түпнұсқа экспонаттармен – құжаттармен, қару-жарақпен, әскери киіммен және техникамен танысты. Балалар мұражай аумағында орналасқан түрлі жылдардағы әскери техника экспозициясын тамашалады.
Елордадағы мұражайларға бару оқушылардың ой-өрісін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, әрі оқушылар алдағы сынып сағаттарында алған әсерлерімен бөліспек. Шолу экскурсиясы барысында слет қатысушылары Астананың тарихы, оның көрнекті орындары туралы көбірек біліп, Қазақстан астанасының символына айналған «Бәйтерек» монументінің жанында естелік фотосуретке түсті. Слет соңында дәстүрлі марапаттау рәсімі өтті, бұл ерекше сәт оқушылар үшін нағыз шабыт көзіне айналды.
№6 мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Әбдіқасымова слеттің барлық делегаттарына мектеп логотипі бейнеленген «Мектеп мақтанышы» медалін және Құрмет грамотасын табыстады.
Марапатталған 80 оқушының ішінде оныншы сынып оқушылары, «Алтын белгіге» үміткерлер, пікірсайыс турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары Мұзафар Бектас пен Айғаным Хуанған, республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері Татьяна Головина, «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері Максим Потапченко бар. Төртеуі де «Алтын Оскар» мүсіншесімен марапатталды.
Медаль иегерлері қатарында география бойынша қалалық және облыстық пәндік олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Антон Козловцев, республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері Айару Каткай, белсенділер, түрлі қалалық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары Дильнара Баетова, Анастасия Попова, Санжар Шадиметов, Артём Рей, Сабина Елеупова, Руслан Риверра, Олег Браун, облыстық шахмат турнирлерінің жеңімпазы Тимур Ерденев және тағы басқалары бар.
Іс-шара барысында үздік портфолио бойынша мектепішілік байқаудың жеңімпаздары Амина Каримова, Әлмансұр Беркайыр, София Роголева, Әмина Игенбай, Айдана Арыстан, Карина Павенская, Айша Бейсенова және тағы басқалары мақтау грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Үздік оқушылардың жыл сайынғы слеті оқушыларды оқу, ғылыми, шығармашылық және спорттық жетістіктерге ынталандыруды, патриотизм мен белсенді азаматтық белсенділікті қалыптастыруды мақсат етеді.
Мектептің басты шарасына айналған мектеп үздіктерінің форумы оқушылар, педагогтар мен ата-аналардан жағымды пікірлеріне ие болып, олардан қолдау тауып, қызықты әрі мазмұнды болып келеді.
Сөз соңында слеттің сәтті өтуіне қолдау көрсеткен «Той-Дастархан» ЖШС және «Круиз» туристік агенттігіне алғысымызды білдіреміз.
Мәдина ҚАДЫРБЕК,
№6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Көкшетау қаласы.
![]()

