Құқықтық жүйенің жұмысын үйлестіретін маңызды буын

Заң және тәртіп

Нормативтік-құқықтық актілерді (НҚА) тіркеу – Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі үдеріс. Соңғы жылдары бұл салада нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу рәсімдерін жетілдіруге бағытталған елеулі өзгерістер орын алды. Соның нәтижесінде көп мәселелер халықтың ыңғайына қарай шешіліп, жеңілдей түсті.

Мұндай құжатты әзірлеу, келісу, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, күшін жою, тоқтата тұру және жариялау тәртібін реттейтін негізгі нормативтік акт – 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Осы Заңның 35-1 бабына сәйкес, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, сондай-ақ, мәслихаттардың, әкімдіктердің, әкімдердің және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, Астана қаласы тексеру комиссияларының нормативтік-құқықтық актілері міндетті түрде әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатады.

Мемлекеттік тіркеу нормативтік-құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін құқықтық сараптамадан өткізуді және ол туралы мәліметтерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне мемлекеттік тіркеу нөмірі беріліп енгізілуін қамтиды.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жаңа «Нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын» бекітті. Бұл қағидалар нормативтік-құқықтық актілерді дайындау, келісу және тіркеу рәсімдерін нақтылай отырып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мерзімдері мен тәртібін белгілейді. Сонымен қатар, «Ашық НҚА» порталы жұмыс істейді, ол азаматтарға заң шығарушылық үдерісіне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл платформада заңдар, қаулылар және басқа да нормативтік-құқықтық актілердің жобалары жарияланып, кез-келген азамат олармен танысып, пікір қалдырып, өзгерістер енгізуді ұсына алады. Мемлекеттік органдар қоғамдық пікірді ескере отырып, заң қабылдау процесін барынша ашық әрі демократиялық етуге ұмтылады. Сонымен бірге, ағымдағы жылдан бастап «Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ, ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі №473, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 12 шілдедегі №135 және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 11 шілдедегі №223 бірлескен бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, мәслихаттардың нормативтік-құқықтық шешімдерінің, әкімдіктердің нормативтік-құқықтық қаулыларының, әкімдердің нормативтік-құқықтық шешімдерінің және тексеру комиссияларының нормативтік-құқықтық қаулыларының жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу талабы қолданылмайды.

Жалпы, Қазақстандағы нормативтік-құқықтық актілердің мемлеккеттік тіркеу үдерісі құқықтық тәртіп пен заңнаманың ашықтығын қамтамасыз етудің іргелі негізі болып табылады. Нормативтік-құқықтық актілерді келісу және тіркеу рәсімдерін цифраландыру мен оңтайландыруға бағытталған соңғы заңнамалық өзгерістер, мемлекеттің құқықтық жүйені жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға ұмтылысын көрсетеді. Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу жүйесін одан әрі дамыту, азаматтарды құқықтық актілердің жобаларын талқылауға белсенді тарту елде орнықты құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және Қазақстанда құқық үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды қадамдар болып табылады.

Ержан РЫСМАҒАНБЕТОВ,
Ақмола облыстық әділет департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар