Мәдениет адамды жетілдіреді, өнер тәрбиелейді

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар сала майталмандарына түрлі марапаттар тапсырды.

Салтанатты шараға мәдениет қызметкерлерімен қатар, сала ардагерлері, мәдениет жанашырлары қатысты.

Көкшетау ежелден ән мен жырдың бесігі. Өңірде киелі өнер сахнасы арқылы бойындағы өнерін паш етіп, ұлтымыздың төл өнерін жаңғыртып, насихаттап келе жатқан өнерпаздарымыз аз емес. Біз олардың әрбір жетістігі мен еңбек жолын мақтан етеміз. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік, рухы да жоғары болады. Барша өнер қайраткерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Елдос Рамазанов салтанатты жиында сөйлеген сөзі барысында.

Күні кеше ғана Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театрының белді актері Қайрат Мырзаболатов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Салтанатты шараның экран төрінде осы айтулы қуаныш сүйіншіленген соң, облыс әкімінің орынбасары мәдениет пен өнер жолында көп жыл елеулі еңбек етіп келе жатқан ақмолалықтардың бірқатарына түрлі марапаттар тапсырды. Атап айтар болсақ, Ақмола облыстық орыс драма театрының актрисасы Людмила Скуратова «Құрмет» орденімен марапатталса, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты Целиноград аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, дәстүрлі әнші Диана Алтайқызына табысталды. Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Мара Есмұханова мен Целиноград ауданы, Қоянды ауылдық мәдениет үйінің хореографы Ерсін Жүсіповке табысталды.

Сонымен қатар, мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген, елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі үшін осы салада 15 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар Құралай Бекмолдина, Асылбек Әбенов, Әсел Смағұлова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Мәдениет қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты шараға қатысуға арнайы келген Қоянды ауылдық мәдениет үйінің хореографы Ерсін Жүсіповпен аз-кем тілдесудің сәті түсті. Бүгінде 76 жасқа келіп, еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткер осы ауылдың алпысқа жуық баласын би құдіреті дейтін бекзат өнерге баулып жүр. Өзінің бастамасымен құрылған «Мирас» би ансамблі аймақтың мәдени өмірінің алға басуына зор үлес қосып, айшықты жетістіктерімен көзге түсуде. Қоюшы-хореограф Ерсін Жүсіповтың өзі қойған «Тұсаукесер», «Шашу», «Сарбаздар», «Балбырауын» сияқты өзге де би қойылымдарында халқымыздың бай мәдениеті мен тұрмыс-салтының айшықтары айқын көрініс табады. Балаларды бар ықыласымен биге баулып жүрген бишінің болмысы қарапайым.

Мен өз шәкірттерімді би өнеріне жетелеуден еш шаршаған емеспін. Керісінше, олардың ынта-жігері маған шабыт сыйлайды. Маусым айының 11-і күні Алматыға жол жүрейін деп отырмыз. Бірнеше би қойылымдарын алып барып, аймағымыздың намысын қорғаймыз, – дейді Ерсін аға «Арқа ажары» газетіне берген эксклюзив сұхбатында.

Шара соңында жиынға қатысушы мәдениет және өнер ардагерлеріне гүл шоқтары табыс етіліп, жиналған қауымға өңір өнерпаздарының күшімен дайындалған мерекелік концерттік бағдарлама тарту етілді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: «Құрмет» орденімен марапатталған актриса Людмила Скуратова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар