Жоба
Кітап – рухани қазына. Адам көп кітап оқыған сайын дүниетанымы кеңейеді, тіл байлығы артады, өмірге басқа қырынан қарай бастайды. Кешегі кеңес дәуірінде кітапқа деген құмарлықтың көп болғанын білеміз.
Соған орай жазушылар да жазуды тоқтатпай, түрлі қызықты романдарды оқырман назарына ұсынып жатты. Заман өзгеріп, нарықтық кезеңге қадам бастық. Бүгінде жазушыларды бұрынғыдай үкімет қаржыландырмайды, соған сәйкес қарқыны да баяулағандай. Әсіресе, сол кезеңдегі көркемдік кеңес талай қызықты шығарманың жазылуына мұрындық болғаны белгілі. Бүгінде жазушылар олар сияқты өндіре жазбағанымен, жазылып жатқан жаңа шығармалар да аз емес. Өткен ғасырдан келе жатқан құнды дүниелеріміз де мол. Алайда, осынша құнды мұраны оқитын оқырман бар ма деген сауал әркімді де алаңдатпай қоймайды. Бүгінде жазушының ғана емес, оқырманның қатары да сиреген. Себебі, қазіргі адамдар бұрынғыдай бос уақытын тек кітапқа арнамайды, олардың назарын жаулайтын басқа да заттар көп. Қызыл-жасыл әлемде тек әлеуметтік желілердің өзі сағаттап уақытыңды алады. Кітаптан бөлек, қазір газет-журналдың да оқылмайтыны жасырын емес.
Осындай нарықтық экономика мен рухани құндылықтар тартысқа түскен заманда кез келген көзі ашық адам кітап оқуға да уақыт қалдырып әрі айналасындағыларды да соған жұмылдыра білгені дұрыс. Себебі, кітапсыз рухыңды сәулелендіре алмайсың.
Үлкен адамдар кітап бетін ашпай жатқанда, жас ұрпақты тіпті де оған тарту мүмкін емес. Себебі, оларға үлгі болатын үлкендердің өзі кітап оқымайды. Осы орайда, ағартушылар, яғни, мектеп ұстаздарына, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне артылатын жүктің салмағы орасан зор. Өз миссиясын жете түсінген кейбір ұстаздар ұлтқа кітап оқыту жолында еңбек етіп жатады. Солардың бірі ретінде мен кітап оқитын ұлт қалыптастыру мақсатында үш бірдей жобаны қолға алдым. Ата-аналар үнемі балаларының кітап оқымайтынына шағымданса, ұстаздар әдебиет пәнінен берген үй тапсырмасын баланың орындамай келетініне, мәтінді оқымағандықтан әрі қарай талдаудың қиын болатынына шағымданып жатады. Ал, оқушыларға кітаптан гөрі телефондағы ойынның қызық болып кететіні белгілі. Осы үштік одақты – ата-ана, оқушы және мектеп ұстаздарын да қамтыған, кітап оқытуды көздеген бұл жобаның мақсаты – балаға сапалы білім беру, баланы кітап оқуға тәрбиелеу, осы арқылы баламен бірге дамуға жағдай жасау болмақ.
Алғашқы жобам ата-аналарға арналып, «Оқырман отбасы» деп аталса, келесі жоба мектеп оқушыларына, 6-11 сынып оқушылары арасында заманауи подкаст түрінде өтетін, түрлі жанрдағы қызықты кітаптарды қамтыған «QYZYQ KITAP» жобасы. Ал, соңғы жоба «Оқырман ұстаз» деген атаумен мектеп ұстаздарына арналды. Ата-аналарға арналған жобада оқушылар ата-аналарымен бірге, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты шығармасын бірлесе оқып, тәрбие құндылығына байланысты ойларын ортаға салды.
«Оқырман отбасы» жобасын ұлт болашағын өзгертуге ықпал ететін ерекше жоба деп атауға болады. Жоба дүниеге келмес бұрын көптеген ата-аналар маған баласының кітап оқымайтынын айтып, оларға қалай кітап оқытсам болады деген сұрақ қоятын. Ал, мен оларға баланың ата-анасын үнемі қай әрекет үстінде көретінін, кітаппен, әлде телефонмен жиі көре ме деп сұрайтынмын. Себебі, бала көргенін қайталайды, ата-анасы неғұрлым көп кітап оқып отыратынын көрген сайын олар да еріксіз кітап оқи бастайды.
Осыған сәйкес ойға алған жобамыздың мақсаты – өскелең ұрпақтың оқу құзыреттілігін дамытып, балаларының бойына рухани құндылықтарды қалыптастыру болды. Жоба барысында алдымен, ата-аналармен келісім-шартқа отырдық, одан кейін оқушыға қызықты кіріспе жасалды, жас ерекшелігіне сай кітаптар таңдалды, соңында осының бәрін өзім, мен қалыптастырған жоба арқылы қорытындыладым. Нәтижесінде отбасымен бірге шығармашылық, ынтымақтастық, коммуникация және сыни ойлау дағдылары қалыптасты. Келісім-шарт ата-аналар жиналысында қаралып, бекітілуі, күнделікті бір отбасының үй ішімен бірге кітап оқып, бақылау күнделігін жүргізуі баланың кітап оқуына айтарлықтай ықпал етті. Бақылау күнделігінде отбасы мүшелерінің аты, оқылған бет саны, осыған жұмсалған уақыт және өз түйген ойларын жазу міндеттеліп отырды. Жоба әлі де жалғасын таппақ.
Ал «QYZYQ KITAP» жобасы тіпті де қызықты болды. Подкаст түрінде жүргізілген бұл жобаның мақсаты – әдебиет, кітап төңірегіндегі мәселелерді жан-жақты ашық талқылау, ой бөлісу арқылы оқушы бойында икемді дағдыларды дамыту болды. Бажығали Адия мен Үсенбек Хамида атты оқушыларым жүргізген бұл подкасттар 6-11 сыныптар арасында өтті. Нәтижесінде 5 шығарылым жарияланып, 7 кітап оқылды. 8 сынып оқушылары Дария мен Әбдікерім Джен Синсероның «Сен батылсың, ынталы бол, көңілді жүр, өзгере біл» кітабын оқыса, 6-сынып оқушылары Есен мен Әлинұр Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқып, талқылады. Сонымен қатар, басқа да оқушылар «Абай жолы», «Күміс кітап», «Төбеттің аты – Мани» кітаптарын оқып, талқыға салды. Жоба оқушыларды кітап оқуға ынталандырды, оларға өз ойын еркін жеткізе білуге үйретті.
«Оқырман ұстаз» жобасы бойынша 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай мектепте «Оқырман клубын» ұйымдастырып, Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика» кітабы талданды. Мектеп ұстаздары бір ай бойына осы кітапты оқып, оқырман ұстаздар кітаптың құндылығы туралы талқылады. Жас ұрпақ тәрбиесіне өте қажетті кітап екені айтылып, бұл еңбекті насихаттау қажеттігі жайлы сөз болды. Бала бойындағы ақыл, мінез-құлық, сұлулық және дене тәрбиесі туралы құнды пікірлер айтылып, бүгінгі заманмен байланыстыра отырып талқыланды.
Осындай жобаға қолдау білдірген мектеп басшысы Рысжан Шерниязқызына және Айгүл Көкенайқызы, Зоя Манатқызы, Меделхан ұстазға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары Мақпал Бекейқызы, Бердігүл Кенжетайқызы, Тамаша Мұсақызы, мектеп психологы Ренгүл Сәнкейқызы, бастауыш сынып ұстаздары Гүлмира, Эльмира ұстаздарға, ағылшын тілі пәнінің ұстаздары Еркегүл, Ақмарал, Гүлімхан, Шикай Хазархан ұстаздарға, кітапхана меңгерушілеріне және ерекше дайындығымен көзге түсіп, «Үздік оқырман ұстаз» номинациясын жеңіп алған Унат Аймарал ұстазға ерекше алғыс білдіреміз.
Жобалар әлі де жалғасын таба бермек. Менің ендігі алдағы мақсатым – Қоянды ауылын түгел кітап оқитын ауылға айналдыру. Алдағы уақытта «Coffee book» атауымен түгел ауылды қамтитын кітап оқу жобасы басталмақшы. Қазіргі таңда жаңалықтан да, басқадан да айтылатын тек нашар ақпараттар адамдардың санасын жаулап, өмірге деген қызығушылығын жоғалтуда. Сондықтан да, алдағы уақытта қолға алынатын бұл жоба ауыл тұрғындарының санасын серпілтіп, рухын көтереді деген ойдамын. Барлығымыз бірлесіп, кітап оқуды қолға алсақ, еліміз түгел кітап оқитын ұлтқа айналары сөзсіз.
Болат ПЕСТИФАЛЬ,
Қоянды ауылы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр.
Целиноград ауданы.