Ай сайын ең үздік жұмысшы таңдалады

Отандық кәсіпорында

Ақмола облысында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында іс-шаралар жалғасып келеді. Оған өңірлік кәсіпкерлер палатасы да белсенді түрде қатысуда.  

Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, кадрлар даярлауды жақсарту және жастар арасында еңбек мансабын танымал етуге бағытталған іс-шаралар бағдарламасына облыстың түрлі кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесулер де кіреді.

Степногорск қаласының тұрғыны Дмитрий Жаров 2018 жылы «Степногорск тау-кен химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматтандыру бойынша IV разрядты слесарь болып жұмысқа келді. Бүгінде VI разрядқа ие ол бақылау-өлшеу аспаптары және автоматтандыру қызметінің экстракция цехында жұмыс істейді. Оның өкілеттіктеріне жедел қызмет көрсету, жөндеу, жабдықты монтаждау сияқты жұмыстар кіреді.

–Қызмет еткен жылдары көптеген маңызды есте қаларлық жәйттер болды. Цех үнемі жаңартылып отырады, жаңа жабдықтар келеді. Мен жабдықты орнатумен айналысамын. Егер мамандар көп болса, ел дамиды, жастар шетелге кетпейді. Ай сайын зауытта ең үздік жұмысшы таңдалады, мерекелерге сыйақы беріледі, ауысым қызметкерлері үшін жақсы жұмыс кестесі құрылған. Бес мезгіл тамақ, арнайы киім беріледі. Кәсіпорынға жастардың көбірек келуін тілеймін, зауыт, тау-кен химия комбинаты сияқты іргелі кәсіпорындар жастарды қызықтыруы тиіс, – дейді Дмитрий Жаров.

Расында, Степногорск тау-кен химия комбинаты Қазақстанның уран өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың бірі. Степногорск тау-кен химия комбинаты осы қаладағы халықтың едәуір бөлігін жұмыспен қамтып келе жатқан ірі жұмыс беруші. Бұл да комбинаттың өңір үшін алатын әлеуметтік орнын баса көрсетеді. Кәсіпорындағы жұмыс тау-кен өнеркәсібімен және радиоактивті материалдарды өңдеумен байланысты, бұл – персоналдың біліктілігі мен дайындығына ерекше талап қойылады деген сөз. Кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2019 жылы комбинаттың үш маманы кәсіпкерлер палатасы жанындағы тәлімгерлік мектебінде оқыды.

– Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және танымал ету мақсатында біз кәсіпорындар, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелерімен ынтымақтаса жұмыс істейміз. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы тәлімгерлік мектебінің екінші кезеңін өткізу, кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейту, жеңіл өнеркәсіп форумын ұйымдастыру жоспарымызда бар, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар