Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңiске 80 жыл. Жеңiс соғыс қанша алыстаса да, ол жайлы естелiк қазiргi және болашақ ұрпақтардың жадында өз Отанына шексiз қызмет етудiң жарқын үлгiсi болып сақталуы қажет. Абыроймен өмiр сүруіміз үшiн өз тарихымызды есте сақтауымыз керек.
Қазiргi кезде бұл өте өзектi мәселердiң бiрiне айналды. Соғыс… Алапат соғыс жылдары… 1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға таңғы сағат 4-тің кезінде тұтқиылдан шабуыл жасады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халқымыз бір кісідей қолға қару алып, Отанды қорғауға өз үлестерін қосты. Қаншама қазақ майданда қаза тапты. Жеңіс оңай келген жоқ. Жеңіс үшін біздің ардақты ата-бабаларымыз соғыста қаны мен терін төккені әрбірімізге мәлім. Соғыс кенеттен басталғанымен, Кеңес Одағының әрбір азаматы алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектептерде отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. Міне, осы ерен талпыныс арқылы біз жеңіске жеттік.
Ел басына күн туған сол бір кезең көкірегінде намысы бар әр азамат үшін үлкен сын еді. 1941 жылы Көкшетау өңірінен қолына қару алып, майдан даласына талай жас сарбаздар аттанған болатын. Олар қан майданда жанын шүберекке түйіп зұлым жаумен шайқасып, ұрыс даласында ерлік көрсетті.
Ұлы Отан соғысындағы ақмолалықтардың батырлығына баға жетпес. Облысымыздан 90 мыңнан астам жауынгер майданға шақыртылып, Отан қорғаудың мәңгілік даңқына ие болды. Жыл сайын тойланатын Жеңіс мерекесі ержүректілік пен отансүйгіштіктің белгісі. Қазіргі ұрпақтың болашағы жолында майданда қаншама адам қан төкті. Ерлік мәңгі есімізде. Сол Жеңіске жеткізген батырларды ұмытпау, олардың есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізу парыз.
Осы мақсатта біздің мемлекеттік архивте соғыс тақырыбында фотоқұжатты көрме ұйымдастырылды. Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары аталмыш іс-шараға шақырылды. Майдангерлердің туыстары соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Олар студенттердің сауалдарына жауап берiп, оқуды жақсы оқуға, кiтаппен дос болуға шақырды. Осындай кездесулер жасөспірімдердің санасында жаңа бір серпіліс пен асқақ рухтың орнығуына кепіл болатын өнегелі шара десек, артық айтқандық болмас.
Ақмола облысының мемлекеттік архив қызметкерлері соңғы екі жылда өткен уақыттағы баға жетпес мәліметтердің жоғалып кетпеуі, тарихты халық жадында сақтау, өлкеміздің тарихи мұрасын толықтыру мақсатында көкшетаулық соғыс ардагерлерінің ескі фотосуреттерін, құжаттарын қабылдау жұмыстарын жүргізуде.
Биыл да Жеңістің 80 жылдығына орай, Ақмола облысының мемлекеттік архивінде «Ерлік – елге мұра! Ұрпаққа – ұлағат!» тақырыбында фотоқұжатты көрме өткізілді. Көрмеге соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, БАҚ өкілдері, «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорны Щучье филиалының сарбаздары, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің және Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенттері шақырылды.
Ел басына күн туғанда азаттықтың ақ таңына ұмтылған майдангерлердің армандары орындалды. Қазақстан бұл күнде Тәуелсіз мемлекет. Омыраулары орден мен медальға толы майдангерлер қатары жылдан-жылға азайып, қалмай барады. Оларға мемлекет тарапынан да құрмет зор. Осындай тұлғалардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету біздің міндетіміз. Міне, 80 жыл бойы соғыс және тыл ардагерлерінің арқасында еркіндік пен бейбітшілікте өмір сүріп келеміз. Енді соғыс еш қайталанбаса екен дейміз.
Әсем ӘЛДІБЕКОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архиві
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі.
![]()

