Ержүрек қазақ солдаты

Әр елдің тарихында батылдықтың, адалдықтың және Отанға берілгендіктің үлгісі болатын есімдер бар. Осындай адамдардың бірі Қабылқай Хамзин еді. Ол педагог, майдангер, қоғам қайраткері, көптеген адамдар үшін парызға және басты адами құндылықтарға адалдықтың үлгісі бола білді. Сонысымен де көзі тірісінде көпке сыйлы болып, көзі жұмылғанда қалың жұртшылықтың қимас сезімі мен қайғысына айналды.

Қабылқай Хамзин 1917 жылы 23 мамырда Көкшетау облысы Айыртау ауданы Қоскөл ауылында дүниеге келген. Тағдыр ерте жастан бастап оны көп сынады. Жетім қалып, Петропавл қаласының интернатында тәрбиеленді. Оның білімге және қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысы педагогикалық колледжге о0у5атүсуден басталды.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қабылқай аға өз елінің мыңдаған ұлдары сияқты, елін басқыншы жаудан қорғауға бар күш-жігерін салды. 1939 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, елге көптен күткен Жеңістен кейін, 1945 жылы бір-ақ оралды. 1941 жылдан 1943 жылға дейін ол майданда жаяу әскер құрамында ерлікпен соғысып, Сталинградты қорғауға қатысты. 1943 жылдан бастап қайта даярлаудан кейін, 110-шы гвардиялық шабуылдаушы авиациялық полкінде ИЛ-2 штурмовигінің радио атқышы болып қызмет атқарды. Украинаны азат ету барысындағы ірі операцияларға, Висло-Одер, Берлин және Прага шабуыл операцияларына қатысты. Оқ тиіп, жарақаттанса да, уайымға берілмеді, қайта майдан даласына кірді.

Қабылқай аға ерлігі мен батылдығы үшін Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен және басқа да бірқатар жауынгерлік наградалармен марапатталды.

Соғыстан кейін туған жеріне оралып, мұнда ол қарапайым да сұлу жары Рахима Ахметбековамен кездесіп, онымен берік отбасын құрды. Екеуі бірге болған 39 жылдың ішінде олар төрт ұл тәрбиелеп, өсірді.

Қабылқай Хамзиннің соғыстан кейінгі бүкіл өмірі педагогикалық жұмыспен байланысты болды. Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын сырттай оқып бітіріп, Сырымбет, Шұқыркөл, Қазан, Кирилловка ауылдарында химия және биология мұғалімі, мектеп меңгерушісі мен директоры болып жұмыс істеді.

Ержүрек майдангер 35 жылдан астам өмірін жас ұрпаққа білім  мен тәрбие беруге арнап, табысты болашаққа ұмтылу, қиындықтар мен кедергілерді жеңу сияқты адами ізгі қасиеттердің негізін қалады.

Қабылқай Хамзиннің ұстаздық қызметі кәсіби біліктілік пен адалдықтың үлгісі болып табылады. Себебі, ол өзінің кәсіби адал қызметі үшін мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімов, Нұржан Әуелбеков, Қожахмет Балахметов, Мұсахан Қанапияновтардың құрметі мен сеніміне бөленді.

Ұстаз еңбегі шәкірттерінің қол жеткен жетістіктерімен бағаланса, Қабылқай Хамзин Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов, Аманолла Рамазанов сияқты ұлағатты тұлғалардың қалыптасуына белсене атсалысты деп айтуға болады.

Қабылқай Хамзиннің өмірі – адам құндылықтарының жарқын көрінісі. Әдепті, кішіпейіл бола жүріп, ол мән-мағынаға, абырой мен үлгі-өнегеге толы өмір сүрді. Әкелерінің осы бір асыл қасиеттерін бойларына дарытып өскен төрт ұлы да өз еліне және жалпы адамзат мұратына қызмет ету жолымен жүрді.

Мәселен, үлкен ұлы Қанат Хамзин туған ауданында совхоз директоры болып еңбек етті. Кейін үш мәрте аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, Айыртау ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Жаудат Хамзин «Каменноброд» совхозында прораб болып жұмыс істеді. Ұлы Болат өмірінің 40 жылын медицина саласына арнады7 Соның ішінде қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда санэпидстанцияның бас дәрігері болды. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері және Ғабит Мүсірепов ауданының құрметті азаматы атақтары әке үмітіне сай болудың нағыз үлгісі секілді. Тимур Хамзин Ақмола облысының құрылыс және энергетика саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. Ол да адал қызметі үшін «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Қабылқай Хамзин ағамызға тағдыр ұзақ ғұмыр бермеді. Ол сонау 1985 жылы ерте өмірден өтті. Бірақ, оның өмірбаяны өз халқының тарихында терең із қалдырған, елге еңбегі сіңген сүйікті шәкірттерінің талай ұрпағын тәрбиелеген белгілі тұлғаның шежірелі өмір жолы дер едік.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар