Коммерциялық емес ұйымды тарату тәртібі

Біле жүріңіз!

 Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 39-бабына сәйкес, мемлекеттік мекемелерді, аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңесті қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның жоғарғы органы болады. Ол – жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы, қамқоршылық кеңесі. Бұлар коммерциялық емес ұйым қызметінің кез келген мәселелері бойынша шешім қабылдауға құқылы. Тарату туралы шешім қабылдау коммерциялық емес ұйымның жоғары басқару органы өкілеттігінің айрықша құзыретіне жатады.

Заңды тұлғаларды ерікті түрде тарату тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 50-бабында көзделген.

Осы тіркеуге қажетті құжаттардың тізбесі Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының 16-бабымен реттеледі және мыналарды қамтиды: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша заңды тұлғаны тарату туралы мемлекеттік тіркеуге өтініш; заңды тұлғаның мүлкінің иесінің шешімі немесе құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген заңды тұлғаның органының нотариалды куәландырылған тарату туралы шешімі; бүкіл Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымында заңды тұлғаның таратылуы туралы ақпараттың жарияланғанын растайтын құжат; коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның қызметін тоқтату туралы мемлекеттік тіркеуге тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат. Осылайша, коммерциялық емес ұйымды тарату үшін алдымен уәкілетті органның шешімі қажет. Осыдан кейін заңды тұлға әділет органына және тіркелген орны бойынша мемлекеттік кірістер органына жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба қолдана отырып, интернет-ресурс арқылы дереу хабарлауы тиіс.

Заңды тұлғаны тарату туралы мемлекеттік тіркеуге өтініш және қажетті құжаттар таратылу туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң тіркеуші органға ұсынылады. Бұл мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығымен бекітілген «Заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады, оған сәйкес құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ұсынылады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе «e.gov» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Құжаттарды тексеру барысында тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы мемлекеттік тіркеуге өтініш пен қажетті құжаттар ұсынылған күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлғаның қызметін тоқтату туралы тіркеуді жүзеге асырады және бұл туралы бұйрық шығарады.

Заңды тұлға қызметін тоқтатқан болып, бұл туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген сәттен бастап танылады.

Тіркеу рәсімдері бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Ақмола облыстық әділет департаментіне 8-7162-25-67-44 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Гүлдана  ӘБСАМАТОВА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің  тіркеу қызметі және коммерциялық емес
ұйымдарды тіркеу саласындағы  бақылау бөлімінің бас маманы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар