Майдан даласында қандыауыз қасқырдай әсер қалдыратын зұлым жаумен арпалысып, бейбіт өмір мен ұрпақ үшін жанын пида еткен ата-бабамыздың ерлігін 80 жыл бойы мақтан тұтып келеміз. Әжемнің әңгімелерін сүйсіне тыңдап отыратын бала едік. Сол әңгімелердің ішінде, әсіресе, аталарымның ерлігі туралы тыңдауды ұнататынбыз.
Қайғы мен қасіретке толы сол жылдарда біздің Өндіріс ауылынан 100-ден аса адам майданға алыныпты. Әжемнің айтуынша, Шубай атам 1900 жылы туған, ал, ағасы Нұрмағамбет шамамен 2-3 жас үлкен болатын. Осылайша, сұм соғысқа бір отбасынан Нұрмағамбет пен Шубай аталарым аттаныпты. Нұрмағамбет атам зұлым жауға қарсы Дмитрий Гусевтің басшылығымен 21-ші армияның құрамында соғысқан.
Әжемнің әңгімелеріне сүйенсем, Нұрмағамбет атам 13 жасынан балуандыққа түсіп, жауырыны жерге тиіп көрмегендердің бірі еді. Осының арқасында нағыз батырға тән қайратты мінез, намысшыл, ержүрек қасиеттерге ие болған.
1944 жылы қазанда атам құрамында болған дивизия Польшаға жетіп, кейін 1945 жылдың қаңтарында 1-ші Беларусь майданында 5-інші екпінді Армияның құрамында Варшаваның оңтүстігінде жаудың қорғанысын бұзады. Сол кезде Нұрмағамбет атам түс көреді. Ертеңінде өзімен майданда бірге болған інісіне осы түсін жеткізіп, елге оралмауым да мүмкін деп отбасын аманат етіп тапсырады.
Жау шекарасына жақындағанда кезекті ұрыста атам фашисті жойып, өзі кеудесіне оқ тиіп, жерге құлайды. Тағдырдың жазуы осы. Осылайша Нұрмағамбет атам Жеңіске бір сүйем қалғанда, 1945 жылы 14 қаңтарда майдан алаңында қаза тауып, Польшада бауырластар зиратында жерленген.
Шубай атам соғыс аяқталған соң елге оралды. Ағасының аманатын орындап, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, отбасына қамқор болды.
Мәдина ҚАБИ,
шөбересі.
Астрахан ауданы.
сурет: www.caravan.kz