Жұмысқа қалу жағы жақсарса…

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының оқу бітіруші түлектері жұмыс берушілермен кездесті. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан түлектер үшін іс-шара аясында «Түлек-Жұмыс беруші» атты консультациялық алаң ұйымдастырылды.

Іс-шара жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, оларға өңірдегі бос жұмыс орындарын таныстыру, сондай-ақ, әлеуетті жұмыс  берушілермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою мақсатын көздеді.

Кездесуге университеттің серіктестері – облыстық басқармалардың өкілдері, Ақмола облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры, қалалық және аудандық мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындардың басшылары, университет пен колледждердің, Мансап орталығының өкілдері шақырылды.

Студенттер алдында университеттің проректоры А.К.Қапышев құттықтау сөз сөйледі. Кездесу барысында қатысушылар жұмыс орындары туралы ақпарат алды, оқу бітіргеннен кейін екі жылдық міндетті жұмыс істеу шарттары, түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жайлы мәліметтермен танысты. Көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда университетте бұл бағдарлама аясында 23 мамандық бойынша 1635 студент білім алуда. 2024-2025 оқу жылында олардың 376-сы оқуын аяқтайды, оның ішінде 319-ы – педагогикалық, 58-і – агротехникалық мамандықтар бойынша диплом алады.

Бағдарламаның басты мақсаты еліміздің еңбек күші артық оңтүстік өңірлер, яғни, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарынан шыққан жастарды кадр тапшылығы бар солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде сапалы білім мен қамтамасыз етіп, кейін оларды осы жақта тұрақты жұмыспен қамту екендігі белгілі.

Міне, осы мәселеге арналған шара шынында да, университет түлектерінің теріскей өңірде бағдарлама шартына сай жұмысқа қалу деңгейін жақсарта түссе, нұр үстіне нұр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар