Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Ақмола облысы бойынша бас имамы,Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит алдағы жұма күні басталатын күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі Құрбан айтты атап өтудің шарттары мен тәртіптері түсіндірілген брифинг өткізді.
Өңірдің бас имамы алдымен ақмолалықтарды Құрбан айт меркесімен құттықтап, осы жылдың 6 маусымына, қасиетті жұмаға тура келіп отырған мұсылмандар мейрамының зор мән-маңызына тоқталып өтті.
–Бұл мереке барша мұсылман үмбеті үшін Алла Тағаланың разылығын алуға құрбан шалатын, бауырмалдық пен мейірімділікті, сабыр мен шүкіршілікті арттыратын ұлық мейрам. Құрбан айт – ислам дініндегі үлкен мейрамдардың бірі. Осыған орай, біз де бұл күні шариғатқа сай мал шалып, сауап алуға ұмтыламыз, –деді бас имам брифинг барысында.
Сонымен қатар, Қуаныш Жұмабайұлы Құрбан айттан бір күн бұрын Арафа күні келетінін айта келіп, бұл күннің қажылық парызды өтеуге, ораза тұтуға қолайлы екенін ескертіп өтті. Бас имамның айтуынша, Арафа күнгі істеген барлық құлшылықтар мұсылман баласын зор сауапқа кенелтіп, оның біліп-білмей істеген күнәлары кешіріледі.
Биылғы Құрбан айт намазы облыс көлеміндегі барлық мешіттерде 6 маусым күні таңғы сағат 6.00-де қалың жамағатпен оқылады. Бұдан әрі бас имам Құрбан шалудың реті мен тәртіптеріне тоқтала кетті. Оның айтуынша, барша мүмкіндігі бар мұсылман үшін Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылғаннан кейін басталып, үш күнге яғни, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
–Егер бір адам құрбан шалғысы келсе, бір қой немесе ешкімен шалады, ал, сиыр мен түйені жеті адамға дейін бірлесіп шалуға болады. Мал шалу кезінде малдың жасына, оның сау мал екеніне және ешқандай кемшілігінің болмауына, сондай-ақ, мал шалу ниетінің дұрыс болуына назар аудару керек, –деді бас имам бұл орайда.
Сонымен қатар, брифинг кезінде Көкшетау қаласы мен Ақмола облысы бойынша биыл да мал сою алаңдары мен қасапханаларда құрбан шалуға рұқсат берілетіндігі, онда барлық санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары ескерілгендігі айтылды. Сондай-ақ, Qurban2025.kz онлайн платформасы арқылы да құрбандық шалатын малға тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Осы брифингке қатысып, сөз алған Ақмола облысы дін істері басқармасының басшысы Болат Қасенов Құрбан айт мерекесінің қоғамдағы маңыздылығын ескере отырып, облыс аумағындағы 87 мешітте оқылатын айт намазы кезінде тосын жағдайлардың алдын алуға полиция және төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ, ішкі саясат, денсаулық сақтау басқармалары сияқты жауапты органдардың да ат салысатынын хабарлады. Оның айтуынша, бұл мекемелер Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының белгілеген талаптарына сәйкес, облыс аумағындағы 19 мал сою орындарында санитарлық нормалардың сақталуын, кезекшіліктің дұрыс ұйымдастырылуын және ешқандай құқық бұзушылықтардың орын алмауын қадағалайтын болады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.