Айтыста аты қалған айшықталып…

Асыл мұра

Бір кездері тұман арасындағы жалғыз жандай бұғылып, булыға түскен қазақтың айтыс өнерін қайта жандандырған жандар біршама. Соның арасында айтыстың ақтаңгері Көкен Шәкеев те бар. Қазақ айтыс өнерінің дамуына өз үлесін қосқан Көкен Шәкеевтің өмірі бірталай қилы оқиғаларға толы. Бұны бірі білсе, бірі білмеуі де мүмкін. Киелі айтыс өнерінің дұрыс сақталып, дамып, өркендей түсуіне өздерінің салмақты үлестерін қосқандардың алдыңғы легінде Көкен Шәкеев атамыздың аты міндетті түрде аталуы тиіс.

Бір жақсысы, солай болып та келе жатыр. Бәрі қазақ жұртының жадында. Бұл өнер, асыл мұрамыз небір қысылтаяң кезеңдерден өткені ақиқат. Осындай хас өнерді бойына дарыта білген ақын шеберлігі қашанда бағалы. Өзінің замандастары, өскелең жас ұрпақ «Көкшенің көк нөсері Көкен ақын» деп атап кеткен, халықтың аузында жатталып қалған бұл есім өткен күзде тағы бір дүркіреп, ақиық ақынның 100 жылдығы қасиетті Ақмола, Көкше жерінде кеңінен аталып өтті.

Жалпы, Көкен Шәкеев жалпақ жұртқа нақ осы айтыскер ақын ретінде танылған. Ол заңды да. Себебі, оның ә дегеннен өнерге өріс ашқан жолы – айтыс өнері еді. Бала Көкен өнерге ертеден жақын болып өседі. Жиылған қауымның арасында хисса, дастандарды жатқа айтуды әдетке айналдырады. Жастайынан халқымыздың ауыз әдебиетімен сусындап, жадына сақтап, өскенде сол жолда жүруді өзіне берік ұстаным еткен тәрізді. Сонымен қатар, ол Қабанбай, Бөгенбай дастандарын Ташкентте шыққан грампластинкасы арқылы халыққа таратушылығымен есте қалды.

«Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» демекші, әрбір қазақ баласының жеті атасын біліп, шыққан тегін тануы міндет. Көкен Шәкеевтің арғы атасы Үрпек, Үрпектен екі ұл – Елдос, Дәулетбай тарайды. Дәулетбайдан Шәкей, Шәкейден арыстай алты ұл туған. Сол алты ұлдың бірі, бойына көп даналықты жиған – Көкен. Ақынның әкесі Шәкей саяткер адам болған. Тың және тыңайған жерлерді игеру басталған жылдары елден құс қаша бастаған заманда бүркітінің балақ бауын босатып жіберіп, балдағын босағаға ілуіне тура келген. Осындай аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп, саяткерлікпен айналыса жүріп, ұлына өрелі тәрбие берген, халық қалаулысына айналдырған әкенің орны бөлек деп есептеймін.

Көкен Шәкеевке ақындық анасы Ажардан дарыған. Көкен ақынның естеліктерін оқи отырып, анасы өзінің шыққан жерін өлеңмен жеткізетінін байқадым. Осылайша ақындық асыл жаннан дарығанына шын мәнінде көзім жетті. Оның осындай өнер жолына түсуіне ата-анасынан бөлек, үлкен себепкер болған жандардың бірі Қазақстанның халық ақыны Шәкен Отызбаев еді. Шәкен Отызбаев бала Көкен, бозбала Көкеннің өнерін ашуға рухани ұстаздық еткен. Оның «Алты жас» атты дастанын Көкен Шәкеев бала күнінен жатқа білген. Осылайша ақынның өнерге деген талабы мен сенімі осы қарымды ақын арқылы одан сайын арта түседі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кезінде халқымыз үшін небір қиын кезеңдер орын алып, өнердің, мәдениеттің, білімнің дамуына тосқауыл қойылғаны рас. Осындай бұқпантайлап қалған айтысты қайта жаңғыртып, нәр беріп, сүйікті көрерменімен қайта қауышуға мүмкіндік сыйлағандардың бірегейлері Көкше жерінде осы Көкен Шәкеев пен оның ардақты досы, даңқты Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайынов еді. Айқындап келгенде, Көкен мен Мұсаның осы жолдағы еңбегі көп. Тек соны ұмытпауымыз керек.

Көкен атамыз 13 жасынан топ алдына шығып, өз өнерін қымсынбай көрсете білді. Айтыстың додасына түсіп, өзінің шын мықты екенін дәлелдеді және халық та оны мойындады деп санаймын.

2020 жылы өзім оқитын Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында ақынның балалары, мектеп ұжымы мен шәкірті, ақын Құдайберлі Мырзабектің бастауымен Көкен Шәкеев мұражайы ашылды. Мұражайдың ашылу мақсаты белгілі. Халықтың ыстық ықыласына бөленген айтыскердің еңбегі, жүріп өткен жолы еліне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болуы үшін осындай орын сөзсіз керек. Осы мұражайдағы гид ретінде келген сыйлы қонақтар мен қала тұрғындарына өнерден, Көкен атамыздың өмірі мен шығармашылығынан құнды ақпараттар беруден жалықпаймын. Көкен Шәкеев өзім туып-өскен Көкшенің, Краснояр ауылының тумасы екенін үнемі мақтана айта жүремін. Халық арасында да ақын туралы толыққанды ақпараттардың таралғанын қалайтыным рас.

Көкен Шәкеевтің халық алдындағы адал еңбегі елеусіз қалмады. Оған 1987 жылы «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ берілді. Ал, 1990 жылы жаңадан құрылған Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті болып сайланды. Бұл да Көкен ақынның айтыс өнерін, жыраулық өнерді дамытудағы ерен еңбегіне берілген зор баға және соны бүкіл Қазақстандағы әріптестерінің мойындауы еді. Біздің мұражайымызда ақынға қатысты 300-ге жуық құнды жәдігерлер сақталған. Соның ішінде ақынның өлең жинақтары, жеке құжаттары, өмірінің соңына дейін қолданған заттары бар. Мен үшін мұражайдағы әрбір зат ақын жайында сөйлеп, сыр шертіп тұрғандай көрінеді. Көкен атамыздың өмірінің басты өлшеміне айналған қоңыр домбырасы да осы жерде сақталған. Ол жай ғана музыкалық аспап емес, ақынның екі ішекті қаруы. Себебі, осы қара домбырамен талай қалалық, облыстық, республикалық айтыстарда қарсыласын қапы қалдырып, өнер өріне жүзген.

Халық арасында Көкен Шәкеевтің тек айтыстағы жолы айтылып, баспасөзде де көбіне сол туралы ғана жазылады. Бірақ, ақын айтыс өнерінен бөлек қолөнермен де айналысқан. Ол тобылғыдан өзіне ыңғайлы етіп таяқ, мүйізден күлсалғыш жасап алған. Әрине, «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол кісі үшін бұндай бұйым жасау түкке тұрмағанға ұқсайды. Сонымен қатар, Көкен Шәкеев он бестегі жасына екі жас қосып, сұрапыл майдан даласына аттануға өзі сұранған. Қан майданда Кенигсберг қаласын алуда көрсеткен ерлігі үшін әскери наградаға ие болып, тек 1947 жылы ғана елге оралады.

Ақын бар қабілетін айтысқа арнаумен бірге, өз отбасына да үлгілі әке, зайыбы Дәржан апайға мықты тірек бола білді. Әке-шешесіне қарап бой мен ой түзеген үш ұлы, үш қызы әке арманын орындап, әлі де ел игілігіне еселі еңбек етуде.  Екі ұлы, әсіресе, өнер жолында шырқау биікке көтерілді. Көкен Шәкеевтің балаларымен, жақын туыстарымен жиі кездесіп, сұхбаттасып тұрамын. Олар «Әкеміз Көкен жайдары, жарқын адам болатын. Ол домбырасымен ән шырқап, біз үнемі билеп, ата-анамыздың көңілін аулайтынбыз» деп еске алады. Осындай абзал қасиеттер мен асыл өнерді бірге алып жүрген Көкен атамыздың есімі асқақтай бермек. Ол кісінің өзі өлсе де, көзі өлген жоқ. Керісінше, өнегелі өмір жолы, өнер жолы одан әрі насихатталып, кеңінен танылумен келеді.

Сезім МӘНАП,
Краснояр №3 көп салалы мектеп-гимназиясындағы
Көкен Шәкеев мұражайының гид-экскурсоводы.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар