Депутаттық сауал
Балалардың әл-ауқаты мен алаңсыз өсіп-жетілуі – біздің еліміздің де табысты болашағының кепілі. Мұны қоғамымызда әркімде жақсы білуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында балалардың құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау, соның ішінде толыққанды демалыс пен сауықтыруды ұйымдастыру мәселелерінің басымдығын бірнеше рет атап өтті.
Қазақстан Республикасында балалардың жазғы демалыс жүйесі барлық өңірлерді қамтиды. Биыл жыл бойы 16 лагерьде 15,5 мың бала, 189 маусымдық лагерьде 172 мың бала, мектептер жанындағы лагерьде 2,9 миллион бала, 512 шатырлы ғимаратта және киіз үйдегі лагерьде 160 мың бала кезең-кезеңмен дем алуы тиіс.
Президенттің тапсырмасы аясында Атырау, Қостанай, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ, Астана қаласында 5 жаңа балалар сауықтыру орталығын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры есебінен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың баланы дем алдыру көзделіп отыр. Жалпы, биыл жазда осылайша 3,2 миллионнан астам оқушы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылады деп күтілуде. Бұл еліміздегі балалардың жалпы санының 92 пайызын құрайды. Алайда, балалардың осы жазғы демалысын ұйымдастыру процесінде белгілі бір кешенді шешімді қажет ететін жүйелік проблемалар бар екендігін де жоққа шығара алмаймыз.
Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі балалар үшін, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары, яғни, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, жетімдер және тағы басқалары үшін қолжетімді және сапалы демалысты қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндетті іске асыру үшін жергілікті жерлерде жалпыға бірдей оқыту қорынан қаражат бөлінеді, ал, жолдамаларды сатып алу мемлекеттік сатып алудың ресми порталы арқылы мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
Іс жүзінде жалпыға бірдей білім беру қорының қаражатынан балаларға арналған жолдамаларды сатып алу процесі қызмет көрсету сапасы мен балалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар күрделі проблемаларға тап болады.
Басты проблемалардың бірі жеке кәсіпкерлер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тарапынан өздерінің балалар лагерьлері инфрақұрылымы және материалдық-техникалық базасы жоқ жолдамалар құнының жүйелі демпингі болып табылады. Мұндай субъектілер тендерлерге қатыса отырып, сапалы сауықтыру қызметінің нақты құнын ескермей, конкурста жеңіске жету үшін ең төменгі бағаны ұсынады.
Тендерде жеңіске жеткеннен кейін өз лагерьлері жоқ көптеген жеке кәсіпкерлер және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс істеп тұрған балалар лагерьлерінде орындарды жалға алады немесе балаларға уәде етілген жағдайларды мүлдем қамтамасыз ете алмайды.
Сөйтіп, жоғарыда аталған себептерге байланысты балалардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнеді. Сапасыз тамақтану, білікті медициналық қызметкерлердің болмауы, дайын емес кеңесшілер, антисанитария және қауіпсіздік ережелерін сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Қазақстан тарихында осындай жағдайларға байланысты төтенше жағдайлар да болған.
Сондай-ақ, мұндайда дәрігерге дейінгі көмекке лицензия алу алгоритміне назар аудару қажет. Қала сыртындағы лагерьлерде балаларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру – жазғы сауықтыру науқаны кезінде олардың қауіпсіздігін, денсаулығын және толыққанды демалысын қамтамасыз етудің ажырамас шарты. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мұндай мекемелерде дәрігерге дейінгі көмек көрсету үшін белгіленген тәртіппен алынатын медициналық қызметке лицензия талап етіледі. Бұл ретте осы, лицензияны алу тетігі уәкілетті органдар мен қойылатын талаптар арасындағы елеулі сәйкессіздіктермен сипатталады, бұл жазғы демалысты ұйымдастырушылар үшін елеулі кедергілер туғызады және лагерьлердің уақтылы ашылуын қиындатады.
Қазіргі уақытта лицензияны Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы береді. Олардың талаптарына сәйкес медициналық кабинет 7 медициналық жабдықтар тізбесімен жарақтандырылуы тиіс. Сонымен қатар, лицензия алу үшін аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері берген тексеру бойынша қорытындыны алу қажет. Мұнда олардың талаптарына сәйкес медициналық кабинет 43 медициналық жабдықтар тізбесімен жарақтандырылуы қажет болады.
Осылайша, іс жүзінде құқықтық коллизия және бірыңғай талаптардың болмауы қалыптасып отыр. Бұл, әсіресе, ауылдық және бюджеті төмен лагерьлерде маусымдық балалар демалысын ұйымдастыруда айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сонымен қатар, талаптардың кеңейтілген тізімі ұйымдастырушыларға қаржылық жүктемені едәуір арттырады және жазғы сауықтыру науқанына дайындық процесін тежейді.
Қазақстан Республикасында жыл сайын мыңдаған балалар жазғы демалысқа және сауықтыруға қала сыртындағы және күндізгі лагерьлерге жіберіледі. Ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігіне, сапасына және міндеттемелердің сақталуына сене отырып, демалыс ұйымдарымен шарттар жасасады. Алайда, қолданыстағы құқықтық өрісте көптеген құқықтық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік мәселелерге әкелетін шарттың бекітілген үлгі нысаны жоқ.
Ата-аналар мен балалар лагерьлері арасындағы осындай үлгілік шарттың болмауы балалар демалысы саласында жүйелі тәуекелдер туғызады, тараптардың жауапкершілігін төмендетеді және балалардың әлеуметтік және сауықтыру қызметтерін алушы ретіндегі құқықтарын бұзады. Ал, шарттың бірыңғай нысанын бекіту процестің барлық қатысушыларының ашықтығын, сенімін және қорғалуын арттырады, сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің сапасын жүйелі бақылау құралы болар еді.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының 85-тармағында балаларды толыққанды демалу және сауықтыру үшін 50 заманауи қала сыртындағы лагерь құру мақсаты қойылған. Бұл бастама отбасын, балалық шақты және салауатты өмір салтын қолдау саласындағы ұлттық саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Алайда, жобаның стратегиялық маңыздылығына қарамастан, қолданыстағы нормативтік өрісте лагерьлерді кадрлармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктері жоқ. Атап айтқанда, «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 21 шілдедегі №224 бұйрығында жасақтардағы балалармен жұмыс істеу үшін тәлімгерлердің бірліктері, ұйымдастырушы-педагог және түнгі тәрбиеші көзделмеген. Ал, бұларсыз қауіпсіздікті, педагогикалық сүйемелдеуді және балалардың тәулік бойғы бос уақытын ұйымдастыруды қамтамасыз ету мүмкін емес.
Осы ретте, біздің сараптауымыз бойынша Ресей, Еуропа елдері, Оңтүстік Корея сияқты жазғы демалыс жүйесі дамыған елдердің көпшілігінде лагерьлердің типтік штаттық кестелеріне мыналар жатады: ауысым жетекшісі, аға тәрбиешілер, 10-15 балаға бір тәлімгер есебінен тәлімгерлер, түнгі тәрбиешілер, мәдени ұйымдастырушылар, медициналық персонал, күзет, қызмет көрсету персоналы.
Сондай-ақ, балалардың демалысын ойдағыдай ұйымдастырудың негізгі факторларының бірі педагогикалық (вожатский) отрядтардың кәсіби қызметі болып табылады.
Қазіргі уақытта біздің еліміздегі педагогикалық отрядтардың қызметі «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы №3 Заңының ережелерімен реттеледі және негізінен ерікті, лицензияланбайтын негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тәлімгерлерді даярлауға және сертификаттауға жауапты бірыңғай мемлекеттік оператор жоқ, сондай-ақ теориялық және практикалық сағаттар санын нақты айқындауды қоса алғанда, даярлаудың міндетті стандарттары мен бағдарламалары бекітілмеген.
Мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді. Бірыңғай стандарттар, орталықтандырылған дайындық және тәлімгерлікті құқықтық тану жағдайында ғана Қазақстанда жазғы балалар демалысының қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етуге болады.
Өкінішке орай, балалар демалысын ұйымдастыру саласындағы өзекті мәселелер аз емес және олар республиканың барлық аймақтарында өткір тұр. Сондықтан, бұл орайда, келесі мәселелерді шешу қажет.
Біріншіден, қала сыртындағы лагерьлерде халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалардың қауіпсіз және толыққанды демалысын ұйымдастыру мақсатында білім бөлімдері жанында комиссия құру және солар арқылы жолдамаларды бөлу мүмкіндігі қарастырылуы керек.
Екіншіден, қала сыртындағы лагерьлердің медициналық кабинеттерінде дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге лицензия алу алгоритмін қайта қарау жөнінде шаралар қабылдаған жөн.
Үшіншіден, ата-аналар мен балалар лагері арасында балалардың демалысын ұйымдастыру жөніндегі қызметке бірыңғай үлгілік шартты әзірлеуді және бекітуді тез арада қолға алуға тиіспіз.
Төртіншіден, жыл бойғы орталықтар үшін де, маусымдық лагерьлер үшін де тәлімгер, педагог-ұйымдастырушы және түнгі тәрбиеші лауазымдарын қоса алғанда, үлгілік штаттарға өзгерістер енгізу туралы мәселені қарастыру да аса маңызды.
Бесіншіден, педагогикалық отрядтардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптар бекітілуі және мемлекеттік сертификаттау жүйесін құру мен тәлімгерлерді даярлау стандарттары әзірленуі қажет.
Осы мәселелер жөнінде мен жуырда Сенат отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Б.Көшербаевқа депутаттық сауал жолдадым. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес бұл депутаттық сауалға осы заңда көзделген мерзімдерде жауап берілуі тиіс.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.