Төрт жылда бір өтетін сайысқа жиналды

Спартакиада

Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университет базасында тірек-қимыл және көру органдары зақымданған спортшылар арасында шахмат пен дойбыдан VII республикалық спартакиада өткізілді.

Елімізде төрт жылда бір рет тірек-қимыл және көру органдары зақымданған спортшылар арасында суда жүзу, шахмат, дойбы сияқты спорттың 17 түрінен осындай дәстүрлі спартакиада өткізіледі. Жақында Астана қаласында «Жекпе-жек» сарайында осы айтулы спорттық шараның салтанатты ашылуы өткізіліп, Астана, Тараз, Көкшетау, Өскемен және Алматы облыстарында ұйымдастырылатын спорттық жарыстар бастау алды. Маусым айының 29-ына дейін жалғасатын ауқымды додаға еліміз бойынша барлығы 2000-ға жуық пара спортшы қатысып жатыр.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздегідей, Көкшетауда да пара спортшыларға арналған VII спартакиаданың шахмат пен дойбы түрінен іріктеу өтіп, барша спортшылар барын салып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысты. Сайыстың алғашқы күні дойбының 64 және 100 шаршы түрі мен классикалық шахмат бойынша еліміздің әр өңірінен келген барлығы 180-ге жуық спортшы бағын сынап көрді. Сөйтіп, көру қабілеті бұзылған 84 спортшы классикалық шахмат бойынша сынға түссе, 91 спортшы дойбыдан қабілет-қарымын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша шахматтан командалық есепте Астана қаласы мен Түркістан облысы 25 ұпаймен бірінші орынды иеленсе, Жетісу облысы мен Қарағанды, Шымкент қалаларының командалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал, жекелей есепте сынға түскен пара спортшылар түркістандық Қуанышбек Жұмаділдаев, жетісулық Серік Мақлушов, жамбылдық Еңлік Егембаева, астаналық Бақытжан Мәйкенов пен Әділжан Мұқанов және Айғаным Қамбаровалар үздік өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.Ақмола облысы бұл спорт түрі бойынша 11 ұпаймен 10-ыншы орынға тұрақтады.

Ал, спорттың дойбы түріндегі жарыс қорытындысында барлығы 32 команда қатысып, нәтижесінде Алматы мен Жетісу облысының командалары үздік деп танылды. Бұл ретте, ақмолалық спортшылар 4 ұпаймен 17 орыннан көрінді. Бұл әрине, өте төмен көрсеткіш.

Жалпы, аталмыш спартакиада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құрамаларға спортшыларды іріктеу мақсатында ұйымдастырылатыны белгілі.

– Бұл  паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша өткізіліп отырған маңызды республикалық деңгейдегі іс-шара. Қатысушылардың ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшелері және әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде, сондай-ақ, дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ел намысын қорғап жүргендер де баршылық, – дейді осы жарыстың аға жаттықтырушысы Зина Нүсіпбаевамен тілдескенімізде.

Сөз соңында еліміздің өзге де облыстарында аймағымыздың намысын қорғап жатқан барша пара спортшыларымызға сәттілік тілей отырып, олардан үлкен жеңіс пен зор нәтиже күтетін боламыз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар