Ағымдағы жылдың бірінші жартысының қорытындысына сәйкес, Ақкөл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалып отыр.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына келіп, журналистермен брифинг өткізген аудан әкімі Біржан Әбдірахмановтың баяндамасында айтылды. Мәселен, аудан өнеркәсібінде 1,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,2 пайызды құрады. Бүгінде аймақта электрмен жабдықтау, су беру, жылумен қамтамасыз ету сияқты маңызды салаларда кәсіпорындар белсенділік танытып, елдің әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында жұмыс істеп жатыр. Осы кезеңнің қорытындыларына сәйкес, аймақтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2,6 миллиард теңгеге жеткен.
– Өсімнің негізгі бөлігін мал шаруашылығы құрап отыр. Аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында бірнеше шаруашылықтар заманауи технологияларды енгізіп, сол арқылы үздік нәтижелерге қол жеткізуде, – деді аудан басшысы өз баяндамасында.
Аудан әкімінің сөзінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 25 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 697,6 миллион теңгеге жетіп, бұл салада да айтарлықтай өсім байқалған.
Биыл Ақкөл қаласында 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталғаны белгілі. Бұған дейін әлеуметтік осал топтардың өкілдеріне 52 пәтер үлестірілген болатын. Қазіргі уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, баспана тапшылығы мәселесі біртіндеп шешілуде.
– Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту басты басымдықтардың бірі. Өңірде бүгінде бес елді мекенде су желілерінің құрылысы және оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жақында Ерназар ауылында су тазарту кешені орнатылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыра түсуге өз ықпалын тигізуде. Біз бүгінде жобаны толық аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл бізге аудан халқын толықтай таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді , –деді әкім брифинг барысында.
Сонымен қатар, бүгінде аудан бойынша облыстық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, аудандық және ауылішілік жолдарды дұрыстау жұмыстары жалғасуда. Бұл дегеніміз, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шаралардың бірі екені түсінікті.
Қазіргі уақытта өңірде білім, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасып, бұл бағыттағы барлық шаруалар қыза түскен. Мәселен, дәл қазіргі уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Азат ауылында мәдени-спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан орталығы Ақкөл қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауданда жеке инвестициялар есебінен еліміздегі алғашқы органикалық бағыттағы заманауи тауарлы-сүт фермасын іске қосу көзделуде. Жоба аясында қазіргі заманға сай цифрландыру, роботтандыру элементтері енгізіліп, экологиялық таза өнім өндірісі жолға қойылмақ. Міне, брифинг барысында журналистер аудан басшысынан осындай жұмыстармен игі өзгерістерді естіп біліп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.