Қоршаған ортан – тұрағың

Көкшетауда 5 маусым – Эколог күніне орай, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен салтанатты шара өтті. Мерекелік шарада қоршаған ортаны қорғау ісіне сүбелі үлес қосқан эколог мамандар мен табиғат жанашырлары марапатталды.

Мұрат Балпан барша табиғат жанашырларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың атқарып жүрген жұмысының қоғам үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті.

– Құрметті жиналған қауым, сіздерді кәсіби мереке – Эколог және дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтаймын! Бұл мереке мамандыққа деген құрмет қана емес, бұл сіздердің жұмыстарыңыздың бүкіл қоғам үшін орасан зор маңыздылығын мойындау болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы бар іс. Айта кетейік, бүгінде өңірде экология саласында айтулы жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан бағдарламасы аясында 200-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, 113 мың тонна қоқыс жиналып, 22 мың гектар аумақ тазартылды. Табиғатты қорғау бағытында қатты қалдықтарды автоматты түрде жою мәселесі де қарастырылуда, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары сала қызметкерлеріне игі тілектерін арнады.

Бұдан әрі қоршаған ортаны қорғау және экологиялық бастамаларды дамытуға елеулі үлес қосқан сала ардагерлері мен қызметкерлері «Еңбек ардагері» медалі, «Экология саласының үздігі» төсбелгісі, Экология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың ішінде «LS Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Усатов, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Мағауина «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Ақмола облысының экология департаментінің қызметкерлері Гүлназ Тойғанова және Нұржан Ерниязов секілді бір топ қызметкерлер министрліктің Құрмет грамотасына ие болды.

– Қазақстанда бұл мереке 2011 жылдан бастап аталып келеді. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экомәдениет тұжырымдамасын бекітті. Осы тұжырымдама аясында Ақмола облысы бойынша ауқымды экологиялық акциялар өткізілуде. Мұндай шаралардың өткізілуі өте маңызды. Сондықтан, барша ақмолалықтарды осындай тазалық акцияларына қатысуға шақырамын. Ал, барлық әріптестеріме кәсіби мереке құтты болсын! Қоршаған ортаны қорғау жолында көздеген мақсатымызға жетейік, – деді бізге берген сұхбатында облыстық экология департаментінің бас маманы Күләш Рахымова.

Жалпы, табиғатты, қоршаған ортаны қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу – әрбір адам баласының парызы. Сондықтан, туған жердің табиғатын осы саланың мамандары ғана емес, барша ел болып қорғағанымыз абзал.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар