Халықтың денсаулығы үшін  қажыр-қайратымызды аянбаймыз

15 маусым – Медицина қызметкері күні

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы еліміздің солтүстік аймақтарындағы ең ірі емдеу мекемелерінің бірі болып саналады. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары, еңбекқор және жауапкершілігі мол мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлеріміздің мол тәжірибесі, білім-білігі мен шеберлігі жаңа технологияларды, диагностика мен емдеудің озық әдістерін меңгеруге игі септігін тигізуде.

Біздің басты мақсатымыз – облыс тұрғындарына сапалы, қолжетімді, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету болып табылады. Ауруханамыз 725 тәуліктік төсек-орын мен 130 күндізгі стационарлық орынға есептелген. Мұнда 28 клиникалық бөлімше, бір орталықтандырылған дәріхана, перинаталдық және онкологиялық қызмет базасында 2 тарату пункті жұмыс істейді.

Медицина саласы күн өткен сайын дамып, денсаулық сақтау жүйесі өзгерістерге ұшырап, мамандыққа қойылатын талаптардың үздіксіз өсуіне орай біздің ақ халатты абзал жандар өз кәсіптеріне ұдайы адалдықтарын танытып келеді. Дәрігерлердің қажымас еңбегінің арқасында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік. Диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізіп, қызмет көрсету сапасын арттырдық, көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтіп, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайттық.

Бүгінде біздің облыстық аурухана ұжымында 1500-ден астам жоғары білікті медицина мамандары жұмыс істейді, олардың 257-сі дәрігер, 651-і орта медицина қызметкерлері, 375 кіші персонал және 168 адам инженерлік-шаруашылық, адам ресурстарын басқару, қаржылық-экономикалық қызмет сияқты ұйымның көмекші қызметінің жұмыстарын атқарады. Жыл сайын жұмысқа жас мамандар келіп, ұжымды өздерінің жастық жігерімен, өзіндік тың идеяларымен толықтыруда. Былтыр ұжымға 30 дәрігер қабылдасақ, оның 9-ы жас маман. «Жас келсе –  іске» демекші, ол мамандарға үлкен сенім артамыз. Өңірде осы жас мамандарды әлеуметтік қолдау жақсы жолға қойылған. Бүгінде облыста дәрігерлерді тұрғын үймен қамту жағы оң шешімін тапқан. Сонымен бірге, биылғы 2025 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңірге келген жас дәрігерлерге 5 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленуде.

Мемлекет пен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2024 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен ауруханаға 1,370 миллиард  теңгеден астам қаржы бөлініп, емдеу мекемелері жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осылайша, аурухананың материалдық-техникалық базасы үнемі жаңартылып отырады, сөйтіп, былтырғы жабдықтау жұмыстарының нәтижесінде мекемені медициналық құралдармен қамту 98 пайызды құрады, ал,  республикада бұл көрсеткіш 84 пайызды қамтиды.

Жыл сайын өңірдің 30 мыңға жуық тұрғыны көпбейінді аурухананың тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық базасындағы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмегіне жүгініп, ем қабылдайды. Сонымен қатар, аурухананың бөлімшелерінде жылына орта есеппен 12 мыңнан астам ота жасалып, 50 мыңнан астам тұрғын емханада консультациялық-диагностикалық көмек алады. Аурухана емханасына былтыр барлығы 136989 науқас келіпті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Клиникалық-диагностикалық емдеу базасының амбулаториялық хирургия орталығында 297, онкология орталығының хирургиясында 499 ота жасалған.

Біздің аурухананың емдеу, ота жасау бағытындағы қызметтеріне былтыр 33 жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп, медицинаның түрлі салаларында үздік мамандар мен сарапшылардың қатысуымен 8 шеберлік сабағы өткізілді. Бұл біздің жаңа инновацияларды тәжірибеде қолданып, медициналық көмек көрсетудегі тиімділікті арттыруға бағытталған тұрақты жұмысымыздың нәтижесі. Біз пациенттерімізге ең жоғары деңгейде емделуге мүмкіндік беру үшін ғылым мен практиканың заманауи жетістіктерін белсенді түрде біріктіріп қолданамыз. Бұл іс-шаралар біздің медицина қызметкерлеріне тәжірибе алмасуға, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін игеруге және күнделікті жұмысқа озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінде көпсалалы ауруханамыздың құрамына перинаталдық орталық та кіреді, ол облыста 3 деңгейде, мамандандырылған акушерлік, гинекологиялық, неонатологиялық көмек көрсететін, әйелдерді босандыратын бірден-бір емдеу-профилактикалық мекемесі болып табылады. Жыл сайын орталықтың қабырғасында 3500-ден астам әйел сәбиін дүниеге әкеледі. Былтырғы жылдың тамызында ондағы ұрықты қорғау орталығының базасында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды, онда жүкті әйелдер бір күнде перинаталды диагностиканың барлық түрлерінен өтіп, зерттеулердің жылдам және дәл нәтижелерін ала алады. Жобаның мақсаты – жүкті әйелдерді тексеру кезінде инновациялық әдістерді кеңінен қолдану, сол арқылы балалардың туа бітті кінәратын немесе патологиялық ауытқуларды ерте анықтауға қол жеткізу.

Елімізде, соның ішінде облыс аумағында соңғы жылдары онкологиялық аурулардың күрт өскені байқалады. Облыстық аурухана базасындағы онкологиялық орталық құрылымдық бөлімше ретінде өңір тұрғындарына осы бағытта көмек көрсетіп, ем жүргізеді. Жыл сайын облыс халқының 100 мыңнан астамы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек және тоқ ішек обыры қатерлі ісіктерін ерте анықтау үшін скринингтік зерттеулерден өтеді. Онкологиялық орталықта жылына шамамен, 25 мыңнан астам пациент қабылдауда болып, консультация алады.

Сонымен бірге, қазіргі таңда ел халқын тері-венерологиялық аурулар жиі мазалайтын болып отыр. Аурухананың дерматологиялық-венерологиялық көмек көрсету құрылымы стационармен және 150 келушіге арналған емханамен қамтылған. 2024 жылы осы емханаға 22 мыңнан астам адам жүгінсе, оның 3,5 мыңнан астамы профилактикалық тексерулерден өткен.

Көпбейінді облыстық аурухананың медициналық оңалту және қалпына келтіру неврологиялық бөлімшесі осыдан 15 жыл бұрын ашылып, бүгінгі күні пациенттерді қабылдап, жоғары мамандандырылған оңалту ем-шараларын жүргізуде. Бөлімшеде 42 төсек орын қарастырылып, оның 24-і неврологиялық, 11-і нейрохирургиялық, 7-еуі травматологиялық-ортопедиялық бөлімдерге бөлініп берілген. Жыл сайын қалпына келтіру ем-шаралары бөлімшесінде 1200-ден астам пациент кешенді ем қабылдайды. Бүгінгі таңда орталық нейрохирургиялық, травматологиялық, ортопедиялық, хирургиялық емдеуден, инсульттан, әлеуметтік бейімделуден кейінгі оңалту қызметін көрсетеді.

Аурухананың жетекші мамандары облыс аудандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік, консультациялық, практикалық көмек көрсетіп, жоспарлы шығуларды тұрақты негізде жүзеге асырады. Осылайша, өткен жылы санитарлық авиация желісі 423 шығуды жүзеге асырды.

Аурухана қызметінің маңызды әрі басым бағыттарының бірі – ұлттық және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қауіпсіз, ұтымды және тиімді басқару процестерін оңтайландыру. Бұл процесс бүкіл әлемде бұрыннан қолданылып келеді және халықаралық талаптардың бірі болып табылады. Бүгінгі күні госпитальдық фармация бөлімі бүкіл аурухана, оның ішінде онкологиялық және перинаталдық орталықтар бойынша жұмыс істейді. Бұл инновациялық бөлімнің мақсаты дәрілік терапияны есепке алып, дәрі-дәрмектің дербес пациентке бағытталуын қадағалау  болып табылады.

Облыстық аурухананың дәрігерлері телемедицина арқылы онлайн консультациялар беріп тұрады. Былтыр олар қашықтықтан 3500-ден астам осындай консультация өткізді. Сонымен бірге, біздің көпбейінді облыстық аурухана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы жоғары медицина мектебі мен Көкшетау жоғары медициналық колледжінің клиникалық базасы болып табылады. Жыл сайын мыңдаған студенттер, интерндер мен резиденттер аурухана қабырғасында тәжірибе мен оқытудан өтеді. Осылайша біз білім, практика, ғылым үштағанын жүзеге асырудамыз.

Алдағы негізгі перспективалардың бірі – облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында қолға алынып жатқан 630 төсек-орындық жаңа көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы. Қазіргі уақытта оның қазығы қағылып, жұмысы әрі қарай жүргізіліп жатыр. Болашақ ауруханаға жаңа мамандар, жаңа құрылымдар ғана емес, сонымен қатар, жаңа жұмыс стандарттары, заманауи жабдықтар және операциялар мен емдеудің озық технологиялары енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл аурухана еліміздің солтүстігіндегі медицина саласының флагманы және өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытудың локомотиві болатынына сенімдімін. Оның ашылуы түрлі шеберлік сабақтарын өткізуге, Қазақстанның өзінен ғана емес, шет елдерден де таңдаулы дәрігерлермен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндіктер туғызады деп ойлаймын. Мұның бәрі медицина қызметкерлері үшін жаңа көкжиектерді ашуға және халыққа сапалы медициналық көмек беруге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Сонымен бірге, биыл аурухана қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасу мақсатында 7 шеберлік сабағы мен 4 ауқымды конференция жоспарланса, олардың бірқатары жыл басынан бері ойдағыдай жүзеге асырылды. Мұндай шаралар қазіргі заманғы денсаулық сақтау саласының сын-қатерлеріне дайын кәсіби команданы қалыптастыруға оң әсер етеді. Біздің аурухана пациенттеріміздің денсаулығын қорғау үшін үнемі дамып, жетілдіріліп отыратын шеберлік орталығы екенін мақтан тұтамыз. Әрине, біз бірігіп шешетін әлі көптеген мәселелер бар. Алда аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту, жаңа озық технологияларды енгізу, кадр мәселесін шешу секілді күн тәртібінен түспейтін жұмыстар күтіп тұр әрі жауапты кезең – аккредиттеуден де ойдағыдай өтуіміз керек.

Осы қолайлы сәтті пайдалана отырып, 15 маусым – Медицина қызметкері күніне орай, барлық дәрігерлер мен медбикелерге, денсаулық сақтау саласының барлық мамандарына, сондай-ақ, ардагерлерге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздердің қолдарыңызда әлемдегі ең қымбат құндылық – адамның өмірі мен денсаулығы тұр. Күн сайын қиын сәттерде адамдарға көмекке келіп, науқастардың өмірі мен денсаулығы үшін білімдеріңіз бен біліктеріңізді аянбайсыздар. Бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбастарыңызға амандық пен бақ-береке, зор табыс тілеймін. Төл мерекеміз құтты болсын!

Нұрлан ЖАРОВ,
Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар