Қызылсая орта мектебіне – 100 жыл
Алғаш негізі қаланғанына бір ғасыр болған, мың сан түлектерді ұшырған Қызылсая орта мектебінен небір білікті мамандар, білімді азаматтар шықты.
Олар майдангерлер Қасым Шәйкенов, Мұрат Мәліков, көрнекті ақын-жазушы Сарбас Ақтаев, республикаға белгілі журналистер Жәнәбіл Темірбеков, Өмірсейіт Шәріпов, танымал экономист Арап Темірбеков, академик-ғалымдар Нөгербек Нұрғожин, Қалымбек Зейнуллин, Бақыт Жүнісов, Амантай Құлтаев. медицина саласындағы белгілі ғалымдардың бірі, профессор Марат Мұхамеджанов. Қазақстан Республикасы аудиторлар палатасының құрметті мүшесі, «Есеп және аудит-97» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өтелбай Елбергенов, полковниктер Бақытжан Сейітжанұлы, Теміржан Бақытжанұлы, Олжас Теміржанұлы, Қанат Сатыбаев.
Тізе берсек, бұл тізім ұзаққа кетер еді. Мен осы мектептің 1966 жылғы түлегімін. Сол жылғы түлектердің атынан өмірден өтіп кеткен ұстаздарымыз Қауыс Төлепбайұлына, Жекен Рыспанбетұлына, Аюбай Шегірұлына, Орынбай Шаханұлына, Мәлкен Айтбайұлына, Мөрбан Жұманқызына, тағы басқаларына алғысымызды білдіріп, аруақтарына бас иемін!
Мектебімнің ғұмыр жасы бір ғасыр,
Жеңіс пенен жеміс берген із жатыр.
Жақсы-жайсаң білім алған ордадан,
Шыққан ғалым, әнші, күйші, ер, батыр.
Білім берді небір қиын кезеңдерде,
Аштық пен соғыс өрті өршігенде.
Ұстаздары аттанып қан майданға,
Айналған ерлігі зор жауынгерге.
Қасым Шәйкенов, Мұрат Мәліков майдангерлер,
Сейітжановтар отбасы полковниктер.
Бір үйден үш полковник шыққан екен,
Пазылтай мен Қанат та жұлдызды өрен.
Мектебім 1925-тен бастау алған,
Жарыстарда аты шығып, топты жарған.
Профессорлар Жүнісов пен Зейнуллиндер,
Шәкірттері тәрбие мен білім алған.
Мектебім секілді ғой қалың орман,
Ішінде көп зиялы қауым толған.
Марат Мұхамеджанов, Амантай Құлтаев,
Ғалымдар түлеп ұшқан осы ордадан.
Академиктер Нұрғожин Нөгербек,
Жәнәбіл, Арап екеуінің тегі Темірбек.
Белгілі журналист Өмірсейіт Шәріпов,
Сарбас Ақтаев түлектерден алғы леп.
Есеп, аудит «жілігінің» майын шаққан,
«Із және Сізін» еліне сыйға тартқан.
Оператор таспаға тарих жазар,
Өтелбай аға бұл мектептен қанат қаққан.
Мектебімнің атағы Алатаудай,
Мықты болған ұстаздары өзіне сай.
Қауыс, Жекен, Орынбай, Мәлкен аға,
Айдархан, Аюбай, Мырзабек, Мөрбан апай.
Әлі де мектебімнен шығып жатыр,
Игі жақсы білімімен іске татыр.
Келешек түлектердің арасынан,
Сенімдіміз шығарына ерен батыр.
Ұядан ұшып кетті мың сан түлек,
Ұстаздары берген білім, болған тірек.
Қызылсая мектебі жасай берсін,
Алтын орда – шаңырақ, асыл діңгек!
Нұржамила ӘЛІБЕКОВА,
мектептің 1966 жылғы түлегі.
***
Сарбас аға толғанысы
Азамат соғысы аяқталып, ел жаңа өмірге қадам басқанында ауыл азаматтары ертеңгі келешекті ойлап, мектеп ашуға бел буады. Сөйтіп, Құлан, Қабдолла, Бәзек сияқты ел жанашырлары 1925 жылы осы мектепті салуға көп еңбек сіңіреді. Бұл білім ордасының алғашқы шәкірттері Қазезтай Қалиев, Мұрат Мәліков, Алпысбай Жақыпов, Баубек Бекенов, Қошан Оразалин, тағы басқа да есімі елге танымал азаматтар.
Олардың ішінде кейін әрісі аудан, басқарма, берісі, колхоз, ауыл басқарған, баспасөз жұмысына араласқан игі жақсылар бар. Осы мектептен шыққан ғалым Амантай Құлтаев Ауыл шаруашылығы министрлігінде басқарма бастығы болып қызмет атқарып, онымен қоса, жеті жыл Моңғолияда осы салада өкіл болып қызмет істеп келді.
Сол Қызылсаяда алғаш мектеп үйі салынған тұста оның құрылысына белсене қатысқан Бәзек атамыз ауылда өзіне сегіз бөлмелі үй де тұрғызады. Кезінде осы мектептің директоры Қалиәкпар Мұқанов 1944 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан енші алып, жаңадан Көкшетау облысы құрылғанда,Қарағандыдан мәдениет басқармасының басшысы қызметіне шақырылады. Сөйтіп, сол сегіз бөлмелі үйді әлі мықты екенін аңғарып, бұзып әкеліп, Көкшетау қаласына қайта салады да, кеңсеге пайдаланады. Біздің кезімізде бар болатын сол үй қазіргі Әуезов (Совет) көшесі мен Темірбеков көшесінің қиылысында тұрған да болуы мүмкін.
Бүгінде 100 жылдығы тойланғалы отырған Қызылсая орта мектебі шынында, қасиетті мектеп. Оның уақыт ыңғайына қарай бастауыш, жеті жылдық, қазақша-орысша мектеп болған кездері де болды. Жоғарыда айтқан Қалиәкпар Мұқанов, Кәдір Ахметжанов, тағы басқа басшылары мыңдаған жастарбүкіл төңіректен келіп, білім алған осы киелі орданы үлкен ұлағаттар мен мақсаттарға бастай білді.
Бұл мектептен ғылыми атақтары бар төрт өрелі ғалым шықты. Ел дәулеті мен экономикасына үлес қосқан сан саладағы өзге де танымал шәкірттері қаншама. Жастайымнан жаныма жақын баспасөз саласын ғана айта кетсем, осы мектепті Қамидолла Рахматуллин, Жанәбіл Темірбеков, Елубай Жәкенов, Олжабай Нұрғалиев сияқты журналист азаматтар да бітіріп, қияға самғады.
Бүгінде тоқсанның тұғырынан көрініп отырған мен де осы қасиетті білім ордасының 1951 жылғы түлегі екенімді мақтан тұтамын. Алматыда қызмет деген әр кезде бірдей қолыңды бос қоя бермесе де, уақыт тауып, осы Қызылсаяның қызы, ол да осы мектептің түлегі, асыл жарым Ғайнижамалмен бірге мектептің бұдан бұрынғы тойларында болғанбыз. Соңғы рет 80 жылдық тойына да алтын ұя – мектебіме, өзіме білім мен тәлім-тәрбие берген аяулы ұстаздарыма арнаған толғау өлеңіммен келіп, шәкірттік парызымды қолдан келгенше өтегендей болып едім. Қазір ол өлеңім мектеп музейінде тұр деп естимін.
Тағдырыма бұйырып отырған тоқсан деген жас кімге оңай болсын. Бұл күнде қос жанар күңгірттеніп, қолға таяқ ұстап, бәйбішем екеуіміз үйден ғана ел жақтың, ағайын-туыстың амандығын біліп отырған жайымыз бар. Әрине, өмірде бір көрер мұндайбір ғасырлық мектеп тойында шама келсе, осында білім алған, небір ғажап ұстаздардың алдын көрген шәкірттерінің бәрі де болғаны абзал. Ал, жоғарыдағы жағдайымызды айтып жатқан бізді келе алмады деп сөкпегейсіздер.
Баршаңызға, аялы ұя – асыл мектебіме, өзімді білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымның рухына ақ басымды иемін. Көпті көрген Қызылсая орта мектебінің бір ғасырлық тойы құтты болсын! Мектептердің көнесі, жақсылықтың иесі болып алға баса берсін!
Телефон арқылы жазып алған Қ.КӘКЕНОВ.
Сарбас АҚТАЕВ,
ардагер журналист, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның құрметті жазушысы, Ақмола облысының құрметті азаматы.
Аялы ұя
Қызылсая – ақ желең қыз қайыңды!
Сенен мінгем өнерде алғаш тайымды,
Сенен сүйгем өмірде алғаш айымды,
Сенен түйгем еліме айтпақ ойымды,
Сенен алғам парасат пен пайымды,
Сенен артық кім білмекші жайымды.
Алтын бесік, аялы ұям – мектебің,
Мектебіңе сірә да өкпем жоқ менің.
Білімінің кәусарымен көктедім,
Сонда өткізіп жастығымның көктемін.
Баурап алып болашақтың от лебі,
Қанат байлап, қиян самғап кеткемін.
Бойымдағы оятып бар дарынды,
Алаулатып жүректегі жалынды,
Ұлағатымен нұрландырған жадымды,
Көз алдымда ұстаздарым қадірлі.
Ұмытқам жоқ жайсаң еткен жанымды,
Ғазизаны, Жекен, Хамза, Қадырды.
Отан үшін он сегізде от кешкен,
Ажалмен де тажалмен сан беттескен,
Қан сіңірген сұр шинелін шешпестен,
Тәлім берген келіп бізге шетте өскен,
Айдархан мен Құрмаш, Сұлтан, Рақымды,
Ардақ тұтып шығармаспын әсте естен.
Азамат боп өсіңдер деп өр жанды,
Ақыл шыңдап, ойлар тербеп толғамды,
Биіктерге самғатқан құс арманды,
Кім ұмытар Лагай менен Мөрбанды!?
Жастар десе белден басқан жалғанды,
Балапай да өзінше бір бағбан-ды.
Әкелері қан майданнан қайтпаған,
Ешкім елеп бір жылы сөз айтпаған.
Көбіміз-ақ жаутаңкөзек, ой, тоба,
Қара нан мен қатық көже шайқаған.
Сайып қыран кісі қылған соларды,
Ұстаздарға мың бір алғыс айта алам.
Міне, бүгін ұрпақтары солардың,
Мектебімнің тізгінін нық қолға алдың.
Тіл мен ділдің ұлы ұясы болған бұл,
Бұдан да әрі болсын ұясы ожданның.
Шәкірттерің талай топта озған-ды,
Бұлжытпағай сол дәстүрді, сол заңды.
…Қызылсая – білімдарлар тұғыры,
Қанаттанған елдің талай қыз-ұлы.
Нөгер, Бақыт, Өмірсейіт пен Амантай…
Сенен татқан алғаш ілім тұнығын,
Сенен тапқан алғаш жүрек жылуын.
Мен де сенің мерей тұтар бір ұлың!
Алматы.