Аумақтық әскердің қуаты арта түседі

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аумақтық қорғаныс әскері күніне орай, Көкшетау қаласындағы әскери бөлімде осы атаулы күнге арналған салтанатты шараға қатысты.

Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс әскері күні ел қорғау жолында ерлік көрсеткен жандарға тағзым етіп, олардың өнегелі жолын еске алатын маңызды күн. 2017 жылдың 13 маусымында республика бойынша еліміздің әр облысында аумақтық қорғаныс әскері бөлімдері құрылып, оларға халықты, объектілер мен коммуникацияларды жаудан, диверсиялық және лаңкестік әрекеттерден қорғау бойынша маңызды міндеттер жүктелді. Сондықтан, дәл осы күн жылда аталып өтетін аумақтық қорғаныс әскері күнінің негізіне алынды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аумақтық қорғаныс әскерінің бөлімін осы атаулы күнмен құттықтау барысында Отан үшін от кешкен ержүрек батырларымызды жастарға үлгі-өнеге етті, әскери бөлімді материалдық-техникалық қамту мәселесіне тоқталды және салтанатты жағдайда бөлімге биылғы көктемгі су тасқынымен күресу жұмыстарына белсене атсалысқандары үшін Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, облыстағы күштік құрылымдардың өкілдері мен сондағы ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысқан іс-шарада бөлімге жаңа техникалардың кілттері де табыс етілді.

– Өткен жылдың қаңтарынан бері Ақмола өңіріндегі аумақтық қорғаныс бригадасының штаты 100 адамға дейін ұлғайды. Биыл жыл аяғына дейін бригаданы білікті, кәсіби кадрлармен толық қамту біздің міндетіміз. Бригаданы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін әскери қалашық құрылысын жобалау және оны әрі қарай салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бес жылдық бағдарлама шеңберінде бригаданы қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету жоспарлы түрде іске асырылады, – деді облыс әкімі жаңа көлік құралдарын тапсыру барысында. Бұл қолдау алға қойылған міндеттерді орындау кезінде жеделдікті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам екендігі даусыз.

Жалпы, аумақтық қорғаныс күштері жергілікті орындарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Олар төтенше жағдайларда бірінші болып көмекке келеді, стратегиялық объектілердің күзетін қамтамасыз етеді, құқықтық тәртіпті сақтау мен халықты қорғау шараларына қатысады. Аумақтық қорғаныс бригадасының жұмылған жедел жұмысының арқасында биыл Атбасар қаласы мен Жарқайың ауданында су тасқынының салдарын  азайтуға қол жеткізілді.

Салтанатты шарада аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Асқар Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкіміне аумақтық әскер қызметіне көрсетіп жатқан көмек-қолдауы үшін алғысын жеткізді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Н.Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар