Зеренділіктер аудан әкімін сайлап алды

Зеренді ауданында аудан әкімінің сайлауы өтіп, сайлауға түскен үш кандидаттың ішінен Әсет Құрманғожин 7576 дауыс жинап, өңірдің жаңа әкімі болып сайланды.

Аудандағы 70 сайлау учаскесінде барлығы 21 434 зеренділік өз үміткеріне таңдау жасады. Аудандағы барлық сайлау учаскелері таңғы жетіде өз жұмысын бастады. Мемлекеттік әнұран ойналған соң, сайлаушылар дауыс бюллетеньдерін толтырып, таңдаған үміткеріне дауыс беру басталды. Осылайша, зеренділіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені өзгертуге бағытталған аудан және қала әкімдерін тікелей сайлау бойынша шарттарын алғаш болып бастады.

Аудан әкімі лауазымы қызметі үшін «Аманат» партиясынан Әсет Құрманғожинмен қатар, өзін-өзі ұсынған үміткерлер Саян Байсейітов пен Асқар Есімбев сайлауға түсті. Олардың әрқайсысы бұған дейін жүргізілген сайлауалды үгіт-насихат кездесулерінде аймақтың маңызды салаларына қатысты инфрақұрылымды жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу, ауыз сумен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша өз бағдарламаларын ұсынды.

Сайлау науқанына облыс орталығынан арнайы барған баспасөз өкілдеріне аймақтағы мәдениет үйінде орналасқан №554 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Қалибаев алғашқы сағаттардың өзінде-ақ, 30-дан астам адамның дауыс беріп үлгергенін жеткізді. Онда ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға мөрленген сайлау жәшіктері дайындалып, алғашқы сайлаушыларға, қарттарға сондай-ақ, сайлауға тұңғыш рет қатысқан жастарға шағын естелік сыйлықтар табыс етілді.

Біз де өз кезегімізде осы сайлау учаскесінде бірінші болып дауыс берген зеренділік Райхан Ғабдуллинамен тілдесіп үлгердік.

– Біз бұл саяси әрі тарихи оқиғаға бей-жай қарай алмаймыз. Сол себепті жолдасым екеуміз осы учаскенің ашылуына ертелетіп келдік. Халықтың өзіне аудан басшысын таңдауға мүмкіндік беріліп жатқаны қуантып отыр. Біз де алдағы уақытта өңірімізде оң өзгерістер болады деп үміттенеміз. Сайланған жаңа әкім де сенімнен шығады деп үміттенеміз, – дейді  ол кісі.

Біз содан соң Шағалалы ауылындағы Жоғары агротехникалық колледжінде орналасқан №507 сайлау учаскесіне де арнайы барып қайттық. Мұнда да таң атпай музыка ойнап, сайлаушылардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы үшін түрлі шаралар ұйымдастырылыпты.

– Ауыл тұрғындары жауапкершілікті сезінеді. Әркім осы аймақтағы мәселелердің шешілгенін қалайды, сол үшін олар бүгіннен бастап өз таңдауларын жасауға құқылы. Үміткерлердің бағдарламаларымен танысып, олармен кездесіп, көптеген сұрақтар қойылды. Бұл науқанға тек аға буын ғана қатысып жатқан жоқ, мұнда жастар да белсенділік танытуда, – дейді аталған сайлау учаскесінің төрағасы Нұрлан Кәрімов.

Осы колледждегі сайлау учаскесіне 98 жастағы Геннадий Малахов таңдауын жасау үшін өз аяғымен арнайы келді. Ол осы колледжде жұмыс істеп, зейнет жасына дейін үш бірдей спорт шеберін тәрбиелеп, өзі болса грек-рим күресінен КСРО чемпионы атаныпты. Геннадий ақсақал өз әңгімесінде өңір тағдырын сенімді қолға табыстағылары келетінін, бүгінде білімді де білікті жастардың өсіп келе жатқанын, жаңа сайланатын әкімге зор табыстар тілейтінін жеткізді.

Сонымен дауыс беру қорытындысына сәйкес, 11 553 дауыстың 7576-сы Әсет Құрманғожинға, 2148-і Саян Байсейітовке, ал, 945 дауыс Асқар Есімбаевқа тиесілі болды. 581 зеренділік тұрғын «барлығына қарсымын» деген жолға белгі қойған.

Зеренді ауданының сайлау комиссиясының мәліметінше, 1988 жылы туған Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Құрманғожин ең көп дауыс нәтижесіне қол жеткізіп, бүгінде аудан әкімі болып сайланды.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ. 

Суреттерде: Сайлаушылар сайлау учаскелеріне осылай жиі келіп жатты.
98 жастағы  еңбек және спорт ардагері Геннадий Малахов өз таңдауын жасауда.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар