Құқықтық қоғам қағидасымен өмір сүруіміз керек

Заң және тәртіп

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен және облыс прокуроры Руфат Құттықовтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған отырысқа сондай-ақ, Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, қала, аудан әкімдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жастар және спорт ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңейтілген кеңес отырысы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымы, буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық және лудомания, алаяқтықпен күрес мәселелері талқыланып, нақты қадамдар айқындалған және ортақ шешімдер қабылданған алаңға айналды десе болады.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында атап өткеніндей, «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық санада терең орнығуы керек. Заң мен тәртіп болған жерде ғана қоғам алға дамиды. Бүгінгі таңда мемлекеттің көптеген қызметтері қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында құқық қорғау органдарымен келісіліп, бірлестіріліп жасалуда. Өйткені, біз құқық бұзушылықтың салдарымен емес, себебімен күресуді, алдын алуды көздеп отырмыз, –дей келе, өңір басшысы Марат Ахметжанов облыс аумағында жылдар бойы созбалаңға түсіп, ұзақ уақыт бойы салынған сақалды құрылыстардағы заңсыз әрекеттерді, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру кезінде заңсыздықтарға жол бермеу үшін құқық қорғау органдарымен қалай бірлесіп жұмыс жасалғаны секілді бірқатар мәселелерді қозғады. Заңдарды оқығанда онда жазылған ережелерді әріптерімен емес, сол заңның рухымен түсініп, оқу қажеттігін ескертті жиналған қауымға.

Кеңесте негізгі баяндамаларды облыс прокурорының орынбасары Ерболат Жүсіп пен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әбутәліпов жасап, өңірде қылмыспен және құқық бұзушылықтармен күрес барысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Серік Әбутәліпов баяндамасының соңында облыстың 30 ауылы алкогольді ішімдіктерден толығымен бас тартуының арқасында оларда бірде-бір қылмыс саны тіркелмегенін айтып, елді мекендердегі ақсақалдар қауымдастығын, қоғамдық кеңестерді осы мәселені қолға алуға атсалысуға шақырды. Сонымен бірге, жиында «Жас Ұрпақ» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар, соның ішінде «Ұрпақ» Telegram-ботының қызметі де таныстырылды.

Жалпы, кеңесте құқықтық сананы қалыптастыру мен заңға құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеудің маңызына ерекше көңіл бөлінді, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың берік негізі ретінде айқындалып, құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстың басты бағдары екені баса айтылды.

Отырыс соңында құқық бұзушылықпен күресу бағытындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өзінің ортақ іске жанашырлығымен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген бір топ азаматтар облыс әкімі мен прокурорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар