Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында болып, бірқатар қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, мекемелердің басшылары, сондай-ақ, зиялы қауым және жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл, жастар саясаты және жергілікті бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды. Президент кеңесшісі алдымен, заң және тәртіпті нығайту, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық рухты көтеру жайында келелі сөз сөйледі. Сонымен қатар, мемлекетті, тәуелсіздігімізді сақтап, нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем елдерімен жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаттағы басымдықтарына тоқталып, өзге мемлекеттермен тең дәрежелі қарым-қатынас орнату мақсатындағы жұмыстарын түсіндірді.
Жиын барысында Мәлік Отарбаев ел Президентінің «Қуатты аймақ – қуатты ел» қағидаты туралы бастамалары жөнінде айта келіп, Ақмола облысының экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетіктіктерін атап өтті.
–Ақмола облысы экономикалық өсу қарқыны жағынан алдыңғы орындағы қуатты өңірлердің бірі. Мәселен, өткен жылы облыстың аграрлық саласы өзінің көшбасшылық мәртебесін сақтай отырып, қамбаға 6,5 миллион тонна көлемінде астық құйды. Ал, өңірдің тауар өндірушілері азық-түлік өнімдерімен облыс тұрғындарының қажеттілігін толық өтеп, ел Астанасын азық-түлік белдеуімен қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр. Ақмола облысының ет-сүт өнімдері Астана қаласындағы 5 сауда базарында, 29 сауда үйінде, 10 сауда орталықтарының сөрелерінде сатылуда. Сонымен қатар, бұл аймақ жыл санап инвестиция, туризм, тағы басқа да түрлі әлеуеті артып келе жатқан аймақтардың бірі. Мысалы, 2023 жылы 216 инвестициялық жоба іске асырылса, былтыр су тасқынына қарамастан, 187 инвестициялық жоба іске асырылған. Ал, биыл жыл аяғына дейін 221 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда ел Президенті 53 тармақтан тұратын жоспарға қол қойды. Бұл әрине, құрылтай барысында көтерілген мәселелер сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалып жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысының бастамасымен аз уақыттың ішінде облыста «Келешек мектептері» жобасы аясында 9 бірдей жайлы білім ордасының құрылысы аяқталды. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтылғанындай, Ақмола облысы осылайша бұл жоспарды еліміз бойынша бірінші болып орындап шықты, –деді Мәлік Отарбаев жиында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, Мәлік Нұржанұлы Президентіміздің «Адал адам – адал еңбек, адал табыс» қағидатына да тоқтала келе, Ұлттық құрылтай отырыстарында айтқан құндылықтар төңірегіндегі бастамаларының мән-маңызын тарқатты. Онда әсіресе, жастар тәрбиесіндегі ұлттық болмысымыздан ажырамаудың нақты жолдары көрсетілгенін айта келе, идеологиялық бағыт-бағдардың ұлттық руханиятпен үйлесімді жүргізілуіне баса мән беру бүгінгі күн тәртібінде өткір тұрғанын нақтылай түсті.
Президент кеңесшісі өз кезегінде, осындай мәселелерді атай келе, әсіресе, қоғамдық мәдениетті дамытуға мән берудің маңыздылығын тереңнен қозғады. Сондай-ақ, ол «оқу мәдениетін қалыптастыру үшін біз газет-журналға қайта оралуымыз қажет» дей келе, бүгінде өкінішке орай, халық көп шоғырланған аймақтардың өзінде облыстық газеттердің таралымы 5 мың данадан аспай отырғанын тілге тиек етті.
–Өркениет көшінің соңында қалмауымыз үшін әлем әдебиетінің інжу-маржанымен де сусындауымыз керек. Рухани өмірімізде көркем әдебиеттің, жалпы кітап, газет-журнал оқудың пайдасын әсте естен шығаруға болмайды. Халыққа сапалы да сауатты ақпарат беруде мерзімді басылымдардың маңызы ерекше. Қазір ақпарат ағыны бұрынғыдан еселеп артты. Көпшілік қолындағы телефонмен-ақ, бәрін көріп-біліп отыр. Рас, әлеуметтік желіде жылдам ақпарат аласыз. Алайда, оның ол қаншалықты шынайы екенін білмейміз. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаның мән-жайын анықтап, ақ-қарасын ажыратып барып қана оқырман мен көрерменге шынайы ақпарат ұсынады. Әлеуметтік желідегі ақпаратта әріп қатесі де өріп жүр, тіпті аяқ алып жүргісіз. Ал, газетте олай емес, қатесіз және тіл заңдылығы үтір-нүктесіне дейін қатаң сақталған. Әрбір сөздің қалай дұрыс жазылатынын газеттен үйренуге болады, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Сонымен қатар, кеңесші өз сөзінде Президенттің өзі күнделікті мерзімді басылымдарды оқитынын және оны жай ғана қарап шықпай, маңызды материалды астын сызып оқитынын айтты.Сондай-ақ, ел Президентінің руханият өкілдерімен үнемі байланыста болатынын айта келіп, Мемлекет басшысы жақында маңғыстаулық ақын Ғалым Мәліктің өлеңдері туралы жылы пікір айтқанын жеткізді. Бұл ретте, газетке жазылу науқанына жергілікті басқармалар мен мекемелер, барша руханият өкілдері атсалысуға тиіс екенін атап өтті.
Сөзін қорытындылай келе, Мәлік Отарбаев қоғаммен ашық диалог орнату Мемлекет басшысының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, бұл форматтағы кездесулер ел мен билік арасындағы сенімді арттыруға, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асыруға бағытталып отырғанын тағы бір мәрте айтып өтті.
Кездесу барысында сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жөнінде баяндап берді. Мәселен, Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдуәли Құлышев кеңес отырысында қаралған мәселелер мен атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі. Ал, Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Қошанова білім беру жүйесінде қолға алынып жатқан реформаларға тоқталды. Сондай-ақ, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков жастар күшімен еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және халықты тазалыққа тартуға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

