Ізгілік
Облыс орталығы Көкшетауда Дүниежүзілік донорлар күніне орай, жаппай қан тапсыру рәсімі өткізілді. Қан орталығы ғимаратында мерекелік жиын өтіп, мұқтаж жандар үшін тұрақты қан тапсырушы донорлардың бірқатарына орталық директоры Ермек Мұхамедиев Алғыс хаттарын табыстап, орталық атынан азды-көпті сый-сыяпаттар үлестірді.
Бүкіл әлемде донорлық қан қызметі атқарушы органдармен, денсаулық сақтау мекемелерімен және қоғамдық ұйымдармен қатар, дәрігерлер мен жалпы халықпен жүзеге асатын маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Тұрақты түрде донорлық жасау қауіпсіз әрі сапалы қанның жеткілікті қорын қамтамасыз етудің бір жолы. Ал, ол жол күн сайын мыңдаған адамдарды құтқарып, оларға әрі қарай да өмір сүруге зор мүмкіндік сыйлайды.
Аталған қан орталығы ғимаратында биыл жыл бойы «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз. Адам өмірін бірге сақтаймыз!» атты ұранмен қан тапсыру акциясы өткізілуде. Шараның мақсаты қан донорлығының адамдар өміріне қалай әсер ететінін көрсетіп, осындай қарапайым әрекет арқылы адам өмірін құтқарудағы қауымдастық пен ынтымақтастықтың күшін айғақтау болып саналады. Осындай шараларды жиі өткізе отырып, қан орталығы қызметкерлері жиі қан тапсыру арқылы адам өміріне араша түскен оқиғаларды насихаттап, донорлардың жеке тәжірибесін ортаға салады. Мамандардың пікірінше, бұл науқан донорларға жігер беріп, дені сау қоғам өкілдерін, әсіресе, жастарды осы іске жұмылдыруға өз ықпалын тигізеді.
Қан орталығының бөлім меңгерушісі Оксана Галимскаямен тілдескенімізде, ол орталықта мұндай шаралар жиі өткізіліп тұратынын жеткізді. Статистикалық мәліметтер бойынша, жыл сайын облыстың екі мыңға жуық науқасына да мына қан компоненттерін құю қажеттілігі туындап отыр.
–Трансфузия өмірді ұзартуға көмектеседі. Тапсырылған қан кейбір хирургиялық оталарды жүргізу кезінде құнды биологиялық материал болып табылады. Әсіресе, табиғи апаттар мен зілзаладан зардап шеккендер, онкологиялық, гемотологиялық науқастар, балалар, жүкті әйелдер қан компоненттеріне әркезде мұқтаж. Сол себепті донарлармен байланысты үзбеу біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі, –дейді ол өз сөзінде.
Ал, Донорлар күніне арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, өзінің ізгі тілеген жеткізген мекеме директоры Ермек Мұхамедиев «қан орталығына келіп, тұрақты түрде қан тапсыратын донорлардың әрқайсысы жай ғана қоғам белсендісі ғана емес, олар батырлар» деді. Сондай-ақ, ол шара барысында өз еркімен және өтеусіз қан тапсырушы барша донорларға алғысын білдірді.
Салтанатты шарада қан орталығының тұрақты донорларына құрмет көрсетіліп, барша қан тапсырушылар үшін арнайы дастархан жайылды. Бұл әрине, өз кезегінде қан тапсырушыларға қан өткізуден кейінгі қалыпқа келуі үшін жасалған рәсім екені сөзсіз. Аталған шара барысында марапатталғандардың арасынан полиция және төтенше жағдайлар департаментінің, азаматтық қорғау ұйымдарының, сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін көзіміз шалды. Мәселен, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қамат Баязитов осы орталыққа 2012 жылдан бастап қан өткізіп тұрады екен. Ол осы жылдарда 48 рет қан беріпті.
Жалпы, қан орталығы мамандары бүкіл әлемде маңызды факторлардың біріне айналып отырған қан тапсыру мәселесі жөнінде түрлі мекеме қызметкерлері мен халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрады. Соның нәтижесінде Көкшетау жоғары медицина колледжі, жоғары техникалық колледжі, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті мен 5510 және 3517 әскери бөлімдері, КамАЗ-Инжиниринг, қалалық сүт зауыты, «Новопэк» ЖШС кәсіпорындары және облыс орталығындағы бірқатар банк бөлімшелері осы қан орталығының сенімді серіктестеріне айналыпты. Бұл әрине, қуантарлық жағдай.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

