Бей-берекет қоқыстан арылатын күн туа ма?!

Түйткіл

Табиғаты тамылжыған көрікті Көкше өңіріндегі өзекті мәселенің бірі – заңсыз қоқыс үйінділері. Бір қарағанда таптауырынға айналған тақырып болғанымен, өзегі жарылып, өңі түзелмей тұрған соң тағы бір айналып соғуға мәжбүрміз. Қыс бойы ақ қар тұмшалаған келеңсіз көрініс көктем шыққалы жарияға шықты. Әншейінде саф ауасын айтып, табиғи сұлулығын жырлап, кеуде қаққанымызбен көз алдыңды кіреукелейтін келеңсіздік кілкіп тұр.

Мәселенің мәнісін сәл ғана таратып айтайық. Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін 130 жер учаскесі рәсімделгенімен, оның 25-інде ғана рұқсат етілген құжаттары бар болып шықты. Егер Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада 617 елді мекен бар екенін ескерсеңіз, заңды қоқыс полигондары небары 19,2 пайыз шамасында ғана. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының жүргізген мониторингінің мәліметін талдап, ақыл таразысына салсаңыз, иманымыз қасым болады. 2023 жылы өңірде 739 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Әр ауылдың іргесінде бір-бірден, кейбіреуінде екеуден. Мәселе осы күйінде қала берсе, экологиялық жағдайдың ушығары сөзсіз. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ыстығында бар қоқыс шіріп, сасып, төңіректі тегіс былғайтыны даусыз. Бір жақсысы, 631-і жойылыпты. Мәлімет бойынша солай. Тек облыс орталығының өзінде ғарыштан түсірілген суреттердің негізінде 96 қоқыс үйіндісі анықталған. Жанашыр көзі көп қала маңындағы ахуал осындай болғанда ит арқасы қияндағы ауылдағы жағдай айтпаса да түсінікті.

Бестөбе кентінде алты мыңға жуық адам түтін түтетіп отыр. Бестөбенің бағы қайтқалы қашан? Жұмыссыздық жайлаған елді мекендегі экологиялық жағдай тіпті қиындай түскен. Кен орнынан шығарылған қоқыс тау-теңіз. Ол аз болғандай, малдың қорымы мен қоқыс полигоны мүлде жоқ. Былтырғы жұтта, биылғы көктемгі қызыл су жүрген кезде қыруар мал қырылды. Өлекселері әр төбенің астында жатыр. Ауылдың төрт құбыласын тегіс қобарсыған қоқыс басты деуге болады. Жылжи-жылжи ел іргесіне де жетіпті. Заңдастырылған мал қорымы болмағандықтан малсақ қауым арам өлген малдарын далаға тастап кетуге мәжбүр. Бұл мәселе бүгін ғана туындап отырған жоқ, әлденеше жыл бойы осылай. Жергілікті тұрғындар жыл сайын әкімдердің есепті кездесулерінде жан алқымдарынан алған жайсыз мәселені көтеріп-ақ жүр. Бірақ, естір құлақ жоқ. Естір құлақ болғанымен, халықтың жан айқайын түсініп, бір шешімге келер емес. Бар болғаны құрғақ уәде.

–Осы мәселе туралы талай есікті қақтым. Әйтсе де еш нәтиже жоқ, – дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев, – біреулер өлексені ор қазып көміп тастауға болады дейді, бірақ, бұл әрекет заңнама бойынша өрескел заң бұзушылық болып есептеледі. Әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ең басты себеп, заңдастырылған қоқыс полигонының болмауы. Қараусыз мал кенттің ішінде де толып жүреді. Қоқыс контейнерлерін сүзіп құлатып, шашып-төгіп кетеді. Бағымдағы мал иесіз болғаннан кейін кент ішін көгалдандыру да мүмкін болмай отыр. Шөп ексең, жеп, гүл ексең, басып құртады. Облыстық экология департаментінің басшыларына, малсақ қауымға, құзырлы органдарға шағым түсіргенімізбен еш нәтиже жоқ.

Кент әкімшілігі болса мал өлекселері заңдастырылмаған мал қорымына тасталатынын айтып отыр. Биотермиялық шұңқыр. Кейін Степногорск қаласының ветеринария станциясы өкілдерімен бірлесіп өлекселерді өрттеп жібереді екен. Қолдан келетін бар амал, заңсыз қоқыс полигонының айналасын топырақпен көтеріп, көзден көлегейлеу.

Облыстық ветеринария басқармасының мәлімдеуіне қарағанда, мал қорымының жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде екен. Жалпы құны 58,270 миллион теңге болатын жобаның құжаттары дайындалған. Бюджеттік өтінім экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданған. Бестөбе кентіндегі малдың өлекселері бойынша ветеринарлық қызмет жергілікті ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып 20 бас қара малды, 10 бас қой-ешкіні, 16 бас жылқыны көмген көрінеді.

–Бұл мәселені білеміз. Тиісті органдарға хат жолданды. Қоқыс полигондарымен абаттандыру жұмысы жергілікті атқарушы органдардың еншісіндегі дүние. Экологиялық Кодекстің 365-бабы бойынша толықтай құзыреттілік жергілікті атқарушы органдарға берілген, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Мағзұм Күкімбаев.

Мәселе шешілгенше өңірдегі қаншама жұрт өлексенің қолқаңды қабатын күлімсі иісін жұтып күн көретін болды да. Бұралқы ит жеп, маса-шыбын жұқпалы ауру таратпасын деңіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар