Сессия
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен және облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысқан сегінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті ХХ сессиясында 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылу мәселесі қаралды.
Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері мен мәслихаттарының төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Және бір атап өтерлігі, сессияға алғаш рет қалалық және аудандық мәслихаттардың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының төрағалары арнайы шақырылды.
Сонымен, сессияға шығарылған алғашқы мәселе – бюджеттің атқарылуы жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың есебі тыңдалды. Ол өз баяндамасында былтырғы жылға бөлінген қаражаттың игерілу қорытындылары мен бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.
Осы сессия қарсаңында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстары өтіп, онда облыстық қаржы басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары Татьяна Белая мен Алмагүл Шүгірмақова есеп берген болатын. Сонымен қатар, облыстық тексеру комиссиясының 2024 жылғы жұмысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Есмағамбетовтың баяндамасы да тыңдалған.
Өңір басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, бюджет қаражатын іске асыру барысында басты басымдық ең алдымен, өңірдің орнықты дамуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қолдау жасауға берілетіндігін атап өтті.
– Өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың қызметі Ақмола облысында жайлы өмір мен тиімді еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған. Облыстық бюджетке түскен былтырғы жылдың түсімдер жоспары 100 пайызға орындалды. 2024 жылға облыстық бюджеттен 578 миллиард теңге бекітілсе, бұл шығыстардың едәуір бөлігі әдеттегідей әлеуметтік салаға бағытталды. Соның ішінде білім беру саласына 289,3 миллиард теңге бөлініп, шамамен 68 мың оқушы ыстық тамақпен қамтылды, 31 білім беру ұйымына жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкшетау, Қосшы қалаларында және Целиноград ауданының елді мекендерінде 9 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы жаңа 9 мектеп салынып, ел болашағы – оқушылар игілігіне тапсырылды. Бұл өз кезегінде 12 мыңнан астам оқушы орнын қамтамасыз етіп, жоспардың толық орындалуына мүмкіндік берді, –деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласына 22,3 миллиард теңге қарастырылып, бұл қаржыға 510 дана медициналық техника мен 53 қазандық сатып алынған, 17 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жүргізіліпті. Сондай-ақ, облыстық бюджет қаржысының айтарлықтай бөлігі, яғни, 62,2 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы саласына аударылған. Еліміздің аграрлық секторының көшбасшы облыстарының бірі ретінде аталмыш салаға қаржы құюдың маңызы зор. Осы қаржы өсімдік және мал өсіру, терең өңдеу және қаржылық қолдауға арналған субсидиялар ретінде аграрлық секторға бағытталды. Нәтижесінде былтыр өңір диқандары рекордтық көлемде 6,5 миллион тонна астық бастырып, еліміздің басты аграрлық өңірінің бірі екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Жарыссөзге шыққан депутаттар тарапынан облыстық бюджет бағдарламаларының әкімгерлеріне қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі айтылды. Бюджеттік өтінімдерді сапасыз қалыптастыруға жол бермеу, инвестициялық жобаларды дер кезінде іске асыру, іс-шаралар мен даму жоспарының нысаналы индикаторларын сапалы жоспарлау мен уақытылы орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сессия барысында облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповтің мәслихаттың 2023–2024 жылдардағы қызметі туралы есебі де тыңдалды. Оның баяндамасында облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы 75 пайыз жаңарып, бұл өңірдің өкілетті билігін нығайтудағы маңызды қадам болғаны айтылды. Жалпы облыс бойынша жергілікті өкілетті билік органдарында бүгінде 265 депутат жұмыс істейді екен.
– Есепті кезеңде кезекті және кезектен тыс 16 сессия өткізіліп, 183 шешім қабылданды, оның 50-і нормативтік-құқықтық сипатта және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты. Депутаттардың қарауына былтыр салық салу, жерді пайдалану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы шешімдерге қатысты маңызды жобалар шығарылды, –деді облыстық мәслихат төрағасы.
Сондай-ақ, сессияда кадрлық өзгерістерге байланысты облыстық әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жаңартылған құрамы бекітіліп, күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

