Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жұмыс сапары барысында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған осы заманғы білім беру нысанының қызметімен танысты.
Биылғы жыл басынан бері мұнда балалардың өнер мектебі мен балалар шығармашылығы орталығы жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда бұл мекемелерде 800-ден астам бала түрлі бағытта қосымша білім алуда.
Білім беру бағдарламасына домбыра, қобыз, фортепиано, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, театр өнері, би, қолданбалы шығармашылық, пікірсайыс, экология, робототехника және техникалық модельдеу үйірмелері кіреді.
– Зеренді ауданы облыстың туризм және білім салалары бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып табылады. Мұнда балалардың дамуына және өзін-өзі іске асыруына қажетті жағдайлар жасалуы тиіс. Ел ертеңін тәрбиелеу осыдан басталады, – деді аймақ басшысы.
Өнер мектебінің директоры Бақытбек Сейдахмет оқу орнының негізгі мақсаты балалардың жан-жақты қабілетін дамыту екенін атап өтті.
– Біз әр баланың жеке қабілетін ашуға және өнерге деген қызығушылығын оятуға тырысамыз. Балалардың мұнда өз ынтасымен келіп, ата-аналардың соған қолдау білдіруі бізді қуантады, – деді ол.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында облыс әкімі Зеренді ауылында салынып жатқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылысының барысымен танысты. Нысанды ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Сұңқар» жазғы лагерінде болып, еліміздің түкпір-түкпірінен осы лагерьге демалуға келген оқушылармен кездесіп, балалардың тынығу және білім алу бағдарламасымен танысты.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Зеренді ауданы.
![]()

