Негізгі салаларда тұрақты өсім байқалуда

Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына байланысты біршама мәліметтерді ортаға салды.

Аудан басшысының баяндамасына сәйкес, өңірдің ауыл шаруашылығы, инженерлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік салаларында оң өзгерістер байқалады. Биылғы көктемгі егіс науқаны уақытылы әрі оңтайлы мерзімде аяқталғаны белгілі. Есілдік диқандар жалпы 477 мың гектар жерге егін сеуіп, оның 429 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдарды сіңірген. Аудан әкімі егіс алқаптарындағы жұмыстардың дер кезінде аяқталуына мемлекеттік қолдау мен шаруашылықтардың сапалы техникамен жабдықталуы ықпал етті дейді. Оның айтуынша, аудандағы 30-ға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндіруші серіктестіктер 6,9 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие алған.

–Егіс науқаны кезінде диқандар өзара ауызбірлік танытты. Соның арқасында шаруашылықтар қаржыландыруға уақытылы қол жеткізіп, егіс алқаптары жұмыстарына заманауи технологияларды пайдаланып үлгерді. Міне, осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде ауа райының қиындықтарына қарамастан барлық агротехникалық шарттар сақталды, – деді Серік Балжанов брифинг барысында.

Бүгінде аудандағы Знаменка және Красивое ауылдарында су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету аудан инфрақұрылымының негізгі бағыттарының бірі. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше елді мекеннің ішкі жолдары жөнделген. Биыл  Есіл – Свободное – Раздольное автожолының келесі кезеңі басталмақ, соның арқасында тағы 12 шақырым жолға асфальт жабындысы төселеді.  Сонымен қатар, бұл аймақтардағы жаңа көпірдің құрылысын бастау жобасы әзірленіп жатыр.

Аудан әкімі өңірде қолға алынып жатқан инженерлік инфрақұрылым жүйесіне байланысты журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере отырып, аудан әкімдігі жұмысының негізгі мақсаты да, ауыл мен қала тұрғындары үшін тең жағдай жасау екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұл жұмыстар тек ауыз су, жол сияқты инфарқұрылыммен ғана шектелмейтінін, сондай-ақ, өңірдің денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары да басты назарда екендігін жеткізді. «Біз халықтың нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып, заманауи аудан құрудамыз» деді ол бұл сауалдарды түйіндей келе.

Мәселен, ауданда бүгінде екі бірдей дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына арналған 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да жүріп жатыр. Бұл нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұған қоса, «Энергетик» спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу тұр, ал, мәдениет мекемелерін қайта жаңғырту, жаңалау жұмыстары қарқынды жалғасуда.

– Әр жобаның нақты жоспары, мерзімі және жауапты орындаушылары бар. Біз белгіленген мақсаттардан ауытқымаймыз. Ең бастысы, жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау, – деді бұл ретте, Серік Балжанов.

Сонымен қатар, брифингте белгілі болғанындай, Есіл ауданында жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, аудан экономикасы негізгі салаларда тұрақты өсімді сақтап отыр.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар