20 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында баяндады.   Аудан басшысы өз баяндамасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сумен қамту және инвестиция салаларына басымдық бере сөйледі.

Оның мәлімдеуінше, өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 63,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Шортанды ауданы облыс көлемінде бесінші орыннан көрініп отыр. Алайда, нақты көлем индексі 87,5 пайызға дейін төмендеп қалған. Бұл уақытша жағдай өндірістік нысандардың кейбірінде жұмыстың тоқтап қалуымен байланысты.

Мәселен, ағымдағы жылдың бес айында ауданда 817 келі алтын мен 274 келі күміс өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өте аз. Бұған «Алтын Алмас» кәсіпорнына тиесілі екі карьердің жабылуы және Жолымбет алтын өндіру фабрикасының уақытша тоқтауы себеп болыпты.

–Бұл кәсіпорындардың жұмысы апаттық себептермен емес, ескі учаскелердегі қазбалардың аяқталғандығынан тоқтатылды. Қазір кәсіпорын жаңа кен орындарын іздестірумен айналысып жатыр. Жыл соңына дейін өндіріс қайта жанданады деп үміттеніп отырмыз, – деді өңір басшысы.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының дамуындағы негізгі салалардың бірі. Биыл ауданда 248 мың гектар алқапқа егін егілді. Шаруа қожалықтары 20-дан астам ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алыпты. Мал шаруашылығы саласында да тұрақтылық сақталған.  Кооперацияны дамыту мен өнім өңдеу бағыттары да белсенді қолға алынуда.

Сонымен қатар, ауданда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда,  кірпіш зауытының, құс фабрикасының, жаңа сүт фермасының құрылыстары жыл соңына дейін іске қосылмақшы.

–Біз ауданымызға инвесторларды шақыру бойынша үнемі жұмыс жүргізудеміз және оларға жобаларды іске асыруға барынша жәрдем көрсетіп келеміз. Ағымдағы жылы ауданда жалпы сомасы 20 миллиард теңгенің 19 жобасы іске асырылуда, оларда 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылған, –деді С.Шабаров.

Баяндамашының ақпаратына сүйенсек, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары да жоспарлы түрде жалғастырылуда. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 93 пайызды құрайды, алдағы уақытта 97 пайызға жетеді деп күтілуде. Шортанды, Ключи және Бозайғыр елді мекендерінде су желілерін жаңғырту және салу жұмыстары жүргізілуде.

–Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің жұмысымыздағы ең басым бағыттың бірі. Біз барлық басталған жобаларды соңына дейін жеткізіп, осы жұмыстың ауқымын кезең-кезеңімен кеңейтудеміз, – деді аудан әкімі.

Аудан орталығында тұрғындарды ауыз сумен қамту бойынша барлық құрылыс жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 18 шақырым су желісі тартылып, су қоймалары орнатылып, жүйені іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілген. Жақын күндері бұл жүйе толық іске қосылады.

Ауданда әлеуметтік маңызы бар барлық салада тұрақты жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді көркейту, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларында жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Әкімнің айтуынша, кейбір қиындықтарға қарамастан, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өсу қарқыны сақталған және барлық бастамалар өз нәтижелерін беруде.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар