Ата Заң – тәуелсіздік тірегі

Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл

Әр мемлекеттің тұғыры – оның заңнамалық негізі. Қазақстан Республикасы үшін бұл негіз – 1995 жылы қабылданған Конституция. Егемен еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтарының құқықтарын қамтамасыз етуде Ата Заңның рөлі орасан зор. Ол – Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің ең басты құжаты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдымен уақытша заңдармен басқарылды. Алайда, елдің дербес даму бағытын айқындайтын, халықтың еркін білдіретін әрі заманауи талаптарға сай келетін тұрақты Конституция қажет болды. Осылайша, 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Бұл күн – Қазақстан тарихындағы маңызды бетбұрыс сәт болды. Биыл хадқымыздың еркін таңдауымен қабылданған Ата Заңымызға 30 жыл толғалы отыр.

Ата Заңның негізінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылады. Мемлекеттік билік біртұтас, бірақ, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді. Мұның өзі билік тармақтарының өзара іс-қимылы мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі арқылы жүзеге асады.

Бұл – демократиялық мемлекет құрудың басты қағидасы. Конституция әрбір азаматқа заң алдында тең болуға, тілін, дінін, көзқарасын еркін таңдауға, білім алуға және еңбек етуге кепілдік береді.

Конституция – елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы беделінің кепілі. Ол Қазақстанды зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітті. Ата Заңымыздың арқасында елімізде этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім салтанат құруда. Сонымен қатар, Конституция тәуелсіздігіміздің заң жүзіндегі тірегі болып саналады. Мемлекеттілік ұғымының мәні де осы заң аясында айқындалады.

Ата Заң – жай ғана заңдар жинағы емес, ол – ұлттың рухани тұғыры, болашағымыздың бағдары. Конституцияны құрметтеу – Отанды сүюдің бір көрінісі. Сондықтан, әрбір қазақстандық Ата Заңды білуге, оның талаптарын орындауға және оны қорғауға міндетті. Себебі біздің еркіндігіміз бен бірлігіміз осы заңнамалық негізде қаланған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымыздың тарихи тағдыры мен болашаққа деген сенімінің айғағы. Ата Заңымызда көрсетілген нормалар мен қағидалар барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың қызметінің арқауы болып табылады. Оның шеңберінде ғана еліміздегі тұрақтылық пен тәртіп сақталып келеді.

Сондай-ақ, Конституция азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Білім беру, денсаулық сақтау, еңбек ету құқығы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – осының бәрі Ата Заңымызда бекітілген. Мұның өзі Қазақстанның адам капиталын дамытуға және әділетті қоғам құруға ерекше мән беретінін көрсетеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесіне енгізіліп жатқан реформалар, заң үстемдігі мен азаматтық қоғамның дамуы – мұның бәрі Конституция қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асырылуда. Бұл бізге болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Сот жүйесі – Конституцияда көрсетілген құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілі. Әрбір азамат өз құқығын қорғау үшін тәуелсіз және әділ сотқа жүгіне алады. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарының негізгі көрсеткіші.

Ата Заңымызда сот билігіне ерекше мән берілген. Соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығы ондағы бекітілген басты қағидалардың бірі. Конституцияның 77-бабында судьялардың тек Конституция мен заңға ғана бағынатыны және ешкімнің олардың қызметіне араласуға құқығы жоқ екендігі нақты жазылған.

Сот жүйесі арқылы Конституциялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету – елдегі әділдік пен тәртіптің кепілі. Сондықтан, Ата Заңымыздың құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуындағы рөлі сот жүйесімен тығыз байланысты.

Ибрагим ӘЛКЕНОВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар