Қазақ әдебиетіндегі шоқ жұлдыздардың бірі

Сәбит Мұқанов – 125

Биылғы жылы академик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай, «Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасында «Шоқ жұлдыздың бірі» атты кеш өткізілді.  Шараға қатысқан оқырмандар жазушының өмірбаянымен және шығармашылық еңбектерімен танысты.  Сәбит Мұқанов туралы бейнебаянды тамашалады.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы сәуір айының 22-сінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі болған биік тұлға. Кішкентай кезінен ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мәнерлеп айтатын. 14-15 жасынан бастап өзі өлең-жырлар шығара бастады.  1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім алды. Сонда оқып жүріп, Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етті, оның педагогикалық курс тарихынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп, ақындық өнерін шындады. Оқуды бітіргеннен кейін мұғалім болып жұмыс істеді. Оның алғашқы өлеңдері мен поэмалары,  әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады. 40 жыл шығармашылық жолында Сәбит Мұқанов соңына көптеген әңгімелер, очерктер, повесть, романдар жазып қалдырған.

Сондай-ақ, ол 10-нан  аса пьеса, жоғары оқу орындарына арнаған оқулықтар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектерін жазды. Сәбит Мұқанов 40-шы жылдары «Менің мектептерім» романын, «Балуан Шолақ» повесін, «Сырдария» романын, «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз Қызыл Армия», «Фашизмнің ажалы» және тағы басқа прозалық және поэзиялық шығармаларын жарыққа шығарды. Прозада роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына зор үлес қосты.

Сәбит Мұқанов қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өз өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бұл роман аяқталмай қалды. Әйгілі жазушы  драматургия саласында да көп еңбектенді, сын, әдебиеттану саласына да зор үлесін қосты. Сәбит Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.

Оқырмандар жазушының шығармалары қойылған көрмеге назар аударып, ең танымал шығармасы «Ботагөз» романындағы  қазақ қызының ұнамды образы, жастарға үлгі болатын кейіпкерлердің бірі – Ботагөз туралы сөз қозғады. Іс-шара соңында кітапханашы жастарды жазушының мол мұрасын оқып, білуге шақырды.

Алтын Ілисова,
 «Достар»  мәдениет сарайы жанындағы
Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.         

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар