Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және «Қазтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Көкшетауда жаңғыртудан өткен жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
Орталықтың жедел басқару залы заманауи «AET NX COB P» үлгісіндегі тұтас LED-экранымен және жаңа техникалық инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтың жұмыс тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Полиция департаменті бастығының орынбасары Тимур Омарбековтың айтуынша, Жедел басқару орталығы құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайларға ден қою жүйесіндегі негізгі буын болып саналады. Орталық қызметтердің әрекетін үйлестіреді, жедел ахуалды бақылап, тұрғындардың өтініштерін қабылдайды.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов пен «Қазтелеком» АҚ басшысы Бағдат Мусин жаңа құрал-жабдықтарды қарап шығып, аппараттық-бағдарламалық кешендердің жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, алдыңғы қатарлы визуализация және қорғаныс технологиялары бейнеқабырғаға сапалы көрініс пен кең шолу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге жол ашады.
Орталықта операторларға арналған сегіз жұмыс орны толық жаңартылып, әрқайсысы заманауи компьютерлермен және дисплейлермен жабдықталған. Бейнебақылау жүйесі Көкшетаудағы 281 камераны, сондай-ақ, Щучинск пен Бурабайдағы 27 камераны қамтиды. Бұдан бөлек, орталық білім беру, денсаулық сақтау, сауда және әкімшілік нысандарға орнатылған 4 мыңнан астам камераға қосылған.
Жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтуге және орталық қызметкерлеріне қолайлы жұмыс жағдайларын жасауға бағытталған.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

