Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов білім беру мекемелерін жөндеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиында мектептерді күрделі жөндеу, осы тұрғыдағы жобаларды уақытында әрі сапалы іске асыру мәселелері қаралды.
Биыл Ақмола облысында білім беру нысандарын реновациялау бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. 34 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде 28 мектеп, балабақшалар, колледж және қосымша білім беру ұйымдары бар. Республикалық және облыстық бюджеттен осыған 8,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның ішінде 20 мектеп Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық реновация тізіміне енгізілген.
Аймақ басшысы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы стратегиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін атап өтті. Дегенмен, кейбір аудандар мен қалаларда жұмыс кестесінің кешеуілдеуі байқалады. Қазіргі таңда Қорғалжын ауданындағы мектеп, Урюпинка ауылындағы балабақша-мектеп-интернат және Көкшетау қаласындағы №14 мектеп ерекше бақылауға алынды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева бұған дейін де осындай тәуекелдердің жөндеу жұмыстарының кешігуіне және кейбір мердігер ұйымдармен сотқа дейінгі мәселелерге әкеп соққанын атап өтті.
–Бірқатар компаниялар мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары ретінде танылып, бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды, ал, кейбір нысандар бойынша прокуратура тарапынан ұсыныстар түсті, – деді ол.
–Әр мердігер ұйымның басшысы мен аудан әкімдері өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындау жөнінде жеке жауап береді. Барлық мектеп 25 тамызға дейін толық дайын болуы тиіс. 1 қыркүйекте балаларымыз жаңартылған, қауіпсіз сыныптарға оралуы қажет. Ең маңыздысы — балаларымыздың сапалы білім алуы мен лайықты жағдайда оқуы. Біз халық сенімін ақтап, жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеуіміз керек, — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кеңес қорытындысы бойынша құрылыс материалдарын уақытылы жеткізу, білікті жұмысшылар санын арттыру, нысандарда күнделікті бақылауды қамтамасыз ету және әр объектіге жауапты мамандарды нақты бекіту тапсырылды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

