Көрме
Астана – арман қала, Сарыарқа төсінде, сән беріп Есілге, жас қала, бас қала, Астана өсуде. Астана – Қазақстанның астанасы. Еліміздің солтүстік-орталық бөлігінде, Есіл өзенінің бойында орналасқан.
Қаланың негізі 1862 жылы Ақмола болып қаланып, 1997 жылы Астана болып өзгертілді.
Астана күні – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі. Қазақ елінің мақтанышы, Алаш жұртының әсем бас қаласына айналған Астана қас-қағым сәттей көрінетін осынау уақыт ішінде адам танымастай өзгеріп, айрықша күйге енді.
Халықтың бірлігінің, еңбекқорлығының арқасында біздің елде әлем халықтары тілге тиек ететін, бейбітшіліктің нышанына айналған әсем қала бой көтерді.
Станционный үлгілі кітапханасында осы Астана күніне орай, «Асқақтай бер, Астана!» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оның мақсаты – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық мәдиниетімізге құрметпен қарап, егеменді елімізге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді өрістету, оқырмандарды өз Отанын сүюге, елордамыз Астананы мақтаныш етуге тәрбиелеу.
Шара барысында оқырмандарға «Елорданың көрікті жерлері» атты бейнеролик көрсетілді, көрме таныстырылып,терең ақпарат берілді. «Шаңырақ» тобының қатысуымен Отан, туған жер жайлы шығармалар орындалып, көпшілік оқырмандардың көңілін көтерді. Балалар Астана туралы өлеңдер оқыды, елорданың туған күніне тілектер мен құттықтаулар жазды.
Асыл мұра
Қазақ халқы үшін домбыраның орны ерекше. Ең даладағы қазақтың қай-қайсысы да добыраның үніне жан-тәнімен беріліп, оны өзінің бүкіл жан-дүниесінің асыл қазынасындай сезінеді.
Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырдың ақыл ойы, көніл-күйі жатыр. Ата-бабамыз басынан кешкен небір қилы заманды осы ұлы домбыра сазы арқылы жеткізе білді.
Застанционный үлгілі кітапханасы Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – асыл мұра» атты музыкалық сағат өткізді. Кітапхана оқырманы, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің домбыра пәнінің оқытушысы мамандығына оқып жатқан студенті Аяжан Қажнабиева домбыраның тарихына тоқталып, бірнеше халық күйлерін орындап, оқырмандарға өз шеберлігін көрсете білді.
Кітапханашылар тақырып бойынша кітап көрмесін ұйымдастырып, оған әдеби шолу жүргізді, сонымен қатар, оқырмандар назарына тақырып бойынша бейнеролик ұсынылды.
Домбыра – қазақ халқының тарихын, салты мен рухын бойына сіңірген асыл мұра. Бұл аспап ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, ұлттың діңгегіне айналды. Жастар домбырамен тәрбиеленсе, тұла бойларына салтымызды да, иманды да, ұлттық болмысымызды да сіңіреді. Бұл – ел болашағы үшін маңызды рухани іргетас.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Көкшетау қаласы.
![]()

