Әбілсерік күйшінің «күй» деп тебіренген жан әлемі

Күй – қазақ халқының рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетінің тұғыры биік асыл мұрасы. Күйдің бойында ұлы даланың дүбірі, ұлтымыздың қадір-қасиеті мен тамыры терең тарихы жатыр. Ал, күйшілік – киелі өнер. Осы қасиетті өнерді бойына сіңіріп, қазақтың сан қырлы күйлерін домбыраның қос ішегінен шыққан қоңыр үнмен халыққа жеткізіп жүрген ардақты азаматтар біздің Ақмола өңірінде де баршылық.

Солардың бірі де бірегейі – Абай өскен топырақтан нәр алып, кербез Көкшеде шалқар шабытқа кенелген дарын иесі, күйші, домбырашы Әбілсерік Қамашев. Ұлы ақын Абай: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» демекші, халқымыздың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл секілді ұлтымыздың асыл өнерін ұстаған дәулескер күйшілердің мол мұрасымен сусындап өскені белгілі. Біз де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің концертмейстері, күйші Әбілсерік ағамызбен Ұлттық домбыра күні қарсаңында арнайы жолыққан болатынбыз..

Домбыра – мұра, күй – қазына. Бұл – осынау төл өнерді жанына серік еткен  Әбілсерік Қайырсіләмұлы Қамашевтің тұжырымы. Себебі, сонау ықылым замандардан мирас болған домбыра – мәдени мұра, ал, сол домбыраның қос ішегінен сыңғырлап шыққан үн – ұлы даланың тамыры тереңге жайылған тарихы мен сан ғасырлық шежіресі күй – сол үнмен ұлттық құндылықтарымызды толтыра түскен халық қазынасы.

–«Майысып қос ішегіңнен күй өткенде, Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де» деп Жұмекен ақын жырлағандай, қасиетті қара домбыраның қос ішегінен күй төгілгенде, адамның жан дүниесіндегі буырқанған сезім тасқындап, толқиды емес пе?! Әркім де сол күйдің әуелеген үнімен желпініп, сергиді, бір құлшынып, зеріккенін басады, шаршағанын ұмытып, оның рухты, жігерлі ырғағына елітіп, қиқуға салады. Сондықтан, бұл ұлттық аспап бірде сырласымыз болса, енді бірде мұңдасымыз, – дейді Әбілсерік  ағамыздың өзі.

Бала жасынан төл аспабымыз домбыраны көкірегіне сүйеп, шерткен күйлерімен сырласып, сол күйлермен шөлін қандырып, сол күйлермен арқаланған, сол күйлермен шалқыған ағамыз әлі де шер толқытса, ой толқытса, жұмыстан шаршап келсе, қолына қара домбырасын алып, өзінің жан жүрегіне жақын, сүйіп орындайтын, баяу, ырғақты, әсерлі күйлерді шерте бастайды екен. «Көңіл түкпіріндегі мұңымды да, сырымды домбыра тарту арқылы күймен шығарамын» дейді күйші.

Семей өлкесінде дүниеге келген Әбілсерік Қайырсіләмұлы жастайынан домбыраның қоңыр үніне елітіп өсіп, бес жасынан домбыра үйрене бастаған. Отбасында туған әпкесі Гүлзат Аягөз қаласындағы музыка мектебіне барып, домбыра тартып үйреніп жүргенде, оны көрген балаң жүрек баба мұрасына көңілі ауып, өзі де қос ішектен ақтарылатын ән-күйге ден қойып, оны жалпақ жұртқа насихаттамақшы болады. Домбырашы, күйші болуды армандайды. Мектептің бастауыш төрт сыныбын Мақаншы ауданындағы Қаратұма (бұрынғы атауы Кировка) ауылында аяқтап, 1979 жылы оңтүстік астана – Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатына оқуға кетеді. Онда белгілі өнер қайраткерлері мен ұстаздарынан – дәулескер күйші, ұлағатты ұстаз Мәлғаждар Әубәкіров, атақты күйші, дирижер Шынарбек Асқаров, атақты домбырашылар Исахан Айтжанов, Мақсұтхан Тәшімов секілді белгілі тұлғалардан сабақ алады. Кейін тұрмыс жағдайымен Арқа төсіне келіп, Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінде кәсіби білімін тәмамдап, осы саладағы мамандық иесі атанады. Алғашқы еңбек жолын бұрынғы Көкшетау облысының Тайынша ауданы Терновка ауылында бастап, сонда музыка мектебінің филиалын ашып, домбырадан жас жеткіншектерге сабақ береді. Кейін Көкшетауға оралып, Жанат Қасымовтың университетінде ашылған «Көкше» ансамблінде домбырашы болса, Ақан сері атындағы мәдениет, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледждерінде музыкадан сабақ беріп, ұстаздық еткен. 1993 жылы Ақмола облыстық филармониясында қазақ халық аспаптары оркестрі ашылып, содан бері табан аудармастан осында домбырашы, кейін концертмейстер болып еңбек етіп келеді. Бүгінде бұл оркестр К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі деп аталады. Содан бері осында ұжыммен бірге жасап, бірге көгеріп, әріптестерімен өз мамандығының  қыр-сырын бірге бөлісу үстінде.

2017 жылы елу жасқа толғанында филармония ұжымының қолдауымен және өзі еңбек етіп жүрген оркестрдің сүйемелдеуімен, күйші ағамыз есеп беру концертін өткізіп, көкшелік өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгені бар.

Қандай өнер түрі болмасын, адамға ата-бабасынан не қанмен, не өзінің қара басының еңбегімен келеді. Әбілсерік ағамызға өнер ата-бабасынан да дарыған, өзінің бойындағы еңбекқорлығымен де қонған. Өзінің арғы бабалары қызыл тілге шешен, арқалы ақын, шығармашылық иелері болса керек. Ал, бергідегі өз әкесі Қайырсіләм Қамашұлы да өнерден кенде емес, ауыл-аймақтың ойын-тойының көркі, домбырамен ән салатын еркесі болса, әкесінің туған інісі болып келетін Әбілхақ Қамашұлы өмір бойы Аягөз қаласында музыка мектебінде домбырадан сабақ берген ұлағатты ұстаз екен. Осы ағасы Көкшенің құрметті азаматы, өнер майталманы Манарбек Бексейітовтің досы, сыйласы, курстасы болған деседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, тумысынан өнерлі ортада тәлім-тәрбие алған отбасының бала-шағасы да төл өнерді үзбей, жалғап әкеткен. Отбасындағы әпкесі Гүлзаттан бастап, іні-қарындастары қосылып, домбыра, қобыз, баянда ойнап, ән шырқап «Қамашевтар» отбасылық ансамблін құрып, талай рет көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, лауреат та атанған екен. Бүгінде Павлодар қаласында тұратын Бибігүл есімді қарындасы қобызшы, інісі Дархан Астанада дәстүрлі әнші, ал, марқұм әпкесі Гүлзат ағылшын тілінің мұғалімі болса да, ұлттық аспабымыз домбыраны жақсы тартыпты.

–Біз ауылда өстік. Жақын ортамыз домбырашылар болғандықтан, әрі осы ұлттық аспаптан басқасын көрмегендіктен, білмегендіктен болар, күйші, музыкант мамандығын таңдадым. Оған еш өкінбеймін де. Бала кезімізде радиодан қазақтың күйлері көптеп берілетін. Соларды тыңдап отырып, әуеніне елітетінмін. Тіпті, қурайдан домбыра іспетті аспап жасап алып, соны өзімше тартқан болып, ыңылдап қосылатынмын. Қаладан Әбілхақ ағам келген сайын домбыра шертіп, ән айтып, күй тартып отыратын. Оған қарап, мен де осындай болсам деп, қатты қызығатынмын. Радиодан «Сарыарқа» күйі ойнаса болды, ұшып кетердей қуанып, өзім жасап алған «қурай-домбыраммен» соған қосылып, бірге тартып жатқандай болатынмын, –дейді сол бір бала кездегі тәтті қиялды есіне алған күйші ағамыз. Сол бала қиял орындалды, бүгінде ол Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның өзі еңбек ететін оркестрінде «Сарыарқаны» да, «Ақсақ құланды» да, «Шалқыманы» да, басқа да  халық күйлері мен күйшілердің төл туындыларын да орындап жүр, яғни, туған халқына рухани азық сыйлап жүр.

Екі жүзден астам күй-туындыны меңгерген күйші еліміздегі күй тартудың 7 мектебінің әрқайсысының да күйлерін біледі, соның ішінде Арқа мен Батыс мектептерінің күйлері репертуарында басым көрінеді. Тәттімбет, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Құлшар, Еспай, Сүгірдің күйлерінің ішінен сүйіп тартатын күйлері Құрманғазының «Төремұрат», «Терісқақпай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» күйлері, Дәулеткерейден «Көркем ханым», «Көрұғлы», «Топан су», Қазанғаптан «Жетісудің тасқыны», «18 жасар Балжан қыз», «Жұртта қалған», Дина Нұрпейісовадан «Бұлбұл», «Байжұма», Еспайдан «Терісқақпай», Ерғали Есжановтан «Бозащы», К.Күмісбековтен «Арман», Тәттімбеттен «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», Сүгірден «Шалқыма» күйлері. Оның төкпе күйлерді төкпелете жөнелгенде тыңдарманы желпініп, жігерленіп, қиқуға салғанын талай көрсек, шертпе күйлеріне тебіреніп, күңіреніп, ішкі жан дүниеңмен сырласып, толқисың.

–Жас кезімде Құрманғазының төкпе күйлерін төкпелеткенді ұнататынмын, жас ұлғая талғам өзгереді екен, қазір шертпе күйге көп көңіл бөлемін. Бұрын ойнамаған шертпе күйлерді зерттеп, ойнап, үйреніп жүрмін. Біз, шығармашылық адамдары үнемі ізденіс үстінде жүріп, бұрын білмеген дүниелерді үйренуге әуес болып тұрамыз. Сондықтан, қазір Есір, Құлшар, Еспай секілді насихаттала бермейтін күйшілердің күйлерін үйренудемін. Өзім де ара-тұра шабыт келгенде, күй шығарамын, бірақ, нотаға түсірмеймін, ондайға әуес емеспін.

Ең алғаш күйші ретінде 1989 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, лаураеат атанған ол кейін талай күй-тартыстар мен республикалық, халықаралық күй додаларына қатысып, өз биіктерін бағындырған. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде ұстаздық еткенінде домбырадан шәкірт тәрбиелеп, Петропавл қаласында өткен күй байқауында ол да лауреат атанып, ұстаз сенімін ақтағаны бар. Бүгінде күйшінің жетістіктер қоржынында Мәдениет министрлігінің екі Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен 2020 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі бар.

Былтыр Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс аясында өткен күй-тартыста қырғыз қобызшысымен сайысып, ұлттық өнерді қалың жұртшылыққа паш етті, бауырлас екі елдің ортақ құндылықтарын насихаттады. Бүгін де түрлі концерттерде Құрмет Сейітов, Азамат Айкишев, Самал Әубәкірова, Досхан Калиенов сынды филармония әртістерімен «Күй-тартысқа» шығып, төл өнерімізді жастарға насихаттап жүр. «Адай» күйіне бүгінде мәтін жазып, оны жастар арасында таратып жүргендер бар, оған көзқарасыңыз қалай? деген сауалымызды қойғанымызда:

– «Бұл дәстүрді бұзу. Күйге сөз шығару қажет емес. Күй, күй болып қалуы керек. Оған сөз қажет болса, құдіреті мол Құрманғазының өзі сол кезде-ақ шығарып кететін еді ғой,.. Иә, деген жауабын естідік, бұл сөздің жаны бар. Күйдің құдіреті де, күші де, сол күй болып қалуында.

Күй мен дәстүрлі әнге көп көңіл аударылмайтын қазіргі қоғамда домбыра тартуға құлшыныс білдіріп жатқан жастарды көргенде жерден алтын тауып алғандай қуанатын ағамыз: «Мемлекеттік тіліміздің халінің өзі көңіл көңшітпей жатқанда, бүгінде азырақ болса да ұлттық өнерімізге бет бұрып келе жатқанымызға тәубе» деп, осыған да шүкіршілік етеді.

Күйшінің өмірлік серігі,  жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген ұлағатты ұстаз Бағлан Шекешқызы екеуі үш ұлды дүниеге әкеліп, өсіріп отыр. Ортаншы ұлы әке жолын қуып, өнерге бет бұрған азамат. Бүгінде Астанадағы Шабыт университетінде баян класында білім алып жүр.

–Елімізде Ұлттық домбыра күні белгіленді дегенді естігенде өшкеніміз қайта тіріліп, өткеніміз қайтып оралғандай балаша бөркімізді көкке лақтырып, қуандық десек болады. Бұл қатпар-қатпар тарихымыздың, қасиетті қара домбырамыздың, мәдени мұрамыздың бағалануы. Алаңға жүздеген, мыңдаған домбырашылар жиналып, рухты күйлерді күмбірлете жөнелгенінде, жастардың бойында сөз жоқ, ұлттық рух, жігер пайда болады. Тіпті, қазақша сөйлей алмайтын қандастарымыздың өзі қиқулап, күйге елітіп кетеді. Сондықтан, бұл осы күн ұлттық төл өнерімізді дәріптеп жүрген біздерге, әріптестеріме, жастарға шығармашылық шабыт береді, – дейді күйші сөзінің соңында.

Қарлығаштың қанатымен су сепкендей ұлттық өнердің дамуы мен насихатталуына, оның халық арасында дәріптелуіне елеулі үлес қосып жүрген күйші ағамызға біз де шалқар шабыт пен мол табыс тілейміз. Ұлттық төл туындыларымыз, оны өміршең етіп жүрген Әбілсерік ағаларымыз аман болсын!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар