Степногорск қаласының әкімі Ғайдар Қасенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ағымдағы жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын айта келіп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.
Ғайдар Қасенов алдымен, өз баяндамасында Степногорск қаласы Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі бойынша жетекші орынға ие екенін айта келіп, өндіріс көлемі осы бес айдың ішінде 22,7 пайызды құрағанын жеткізді. Оның сөзінше, осы саладағы өнім көлемі 220 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артып отыр. Алайда «Қазақалтын» кәсіпорнындағы кен өндіру төмендегендіктен, өндіріс индексінің 97,7 пайызға азаюы байқалыпты.
– Ауыл шаруашылығында 1,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенінде де ірі екі жоба жүзеге асырылуда. Шағын және орта бизнес саласы бойынша осы уақыт аралығында 280 жұмыс орны ашылды. Бөлшек сауда айналымы 10,9 миллиард теңгеге жетіп, жылдық өсім 19,3 пайызды құрады, – деді ол брифинг барысында.
Қала экономикасына 8,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, қазіргі таңда 28 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асырылуда. Қаладағы құрылыс көлемі де артып, осы уақыт ішінде 1392 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жақсарту мақсатында автожолдарды жөндеу, жылу және сумен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Изобильное және Шаңтөбе ауылдарында су жүйелері салынып жатыр.
Әкімнің баяндамасына сәйкес, бүгінде №1 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталған, ал, Бестөбе кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын тұр. Сонымен қатар, қалада алдағы уақытта «Алтыналмас» компаниясымен серіктестік аясында жаңа спорт сарайы мен 1000 орындық мектеп салынбақшы. Бұған дейін «Тарлан» және «Сұңқар» спорт кешендері пайдалануға берілген. Бестөбеде де спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қала аумағына жататын Қарабұлақ ауылында да мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр.
Брифинг соңында біз жылу-электр станциясына қатысты сұрақ қойдық. Өткен жылдары Степногорск қаласында станцияда қыстың көзі қырауда апатты жағдай орын алып, қаланың жартысына жуық тұрғын үйлері мен әлеуметтік мекемелері жылусыз қалғаны көптің есінде. Бұл мәселеге қала басшысы жан-жақты жауап бере келе, бүгінде аталған станцияда 7,5 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Ол өз жауабында бұдан былай мұндай жағдайдың орын алмайтындығына жүз пайыз сенімді екенін айтты. Біздің тағы бір қойған сауалымыз Бестөбе аумағына мал қорымын салу жұмысына қатысты болды. Бұл облыс әкімінің өңірге сапары кезінде берген тапсырмаларының бірі болатын. Әкім өз жауабында мал қорымын салуға жер қарастырылып, жоба әзірленіп жатқанын айта келіп, жағдайдың бұлай созбалаңға салынуы жобаның толық қаржыландырылмауына байланысты екенін еске салды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

