«Астана менің жүрегім мен тілегімде»

Сауалнама

Елімізде 2006 жылдан бастап 6 шілде  – Астана күні мемлекеттік мейрамдардың бірі ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл күн Қазақстанның Астанасын 1997-1998 жылдары Ақмолаға көшіру тарихымен тікелей байланысты. Осы мерекеге орай, біз ақмолалықтардың арасында  жаңа Астананың бүгінгі келбеті мен оның өз өміріндегі алатын орны жайлы пікірлесіп, сауалнама жүргізіп көрген едік.

Бұланды аудандық ауруханасының дәрігері
Жансая ӘДІЛБЕК:

Мен 2016 жылы Елордаға арман қуып келіп, Астана медициналық университетіне «жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды сәтті аяқтап, бүгінде Бұланды аудандық ауруханасында қызмет етемін. Өзімнің студенттік жылдарымның ең ұмытылмас шақтарын өткерген, бойыма ақыл-оймен қатар, білім көкжиегін тоғыстырған Астананы мен әрдайым жүрегімнің төріне қоямын.

Медицина маманы болуды сонау бала кезден армандадым. Сол арманымды шындыққа айналдыруға, өз мақсатыма қол жеткізуге осы Астана себепкер болды десем артық айтқаным емес. Елордамызда білім алып, таудай талабымды шыңдап, бүгінде өзім қалаған мамандықтың иесі атанып, еліме қызмет етуге үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Бізге бұл мүмкіндікті Астана берді. Ауылымыздан арман қуып келгенімізде мұнда бізді күтіп тұрған ешкім болмаса да, Астананың жаңа келбетіне, оның қарыштап дамып жатқан бағытына қарап біз де еңсемізді тіктедік. Өз болашағымызға сенімді болдық. Оқуға түскен сәттен бастап, бойымызға күш-қуат бітіп, білім көкжиегінде еркін самғауға тырыстық. Соның нәтижесінде біз бір топ жастар ең үздік тәлімгерлердің тәлімін алып, небір қызықты дәрістерге қатыстық.

Бүгінде медицина саласының алға басуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан игі  қолдаулар ықпал етуде. Емханалар мен ауруханалардағы медициналық қызметтің сапасы жақсарып, науқастардың толық ем алуы үшін барлық жағдай жасалып жатқаны тәуелсіз еліміздің жаңа дәуірдегі кескін-келбетінің арқасы. Расында, қазір біз жаңа кезеңге қарай қадам бастық. Осындай сәтте Астанамыздың да жаңарып, түрленуі қажет-ақ.  Ал, Астана қазақ халқының ғана елордасы емес, ол бүгінде Еуразия кіндігіндегі әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын ірі орталықтардың біріне айналып үлгерді.

Астанамыз қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, даму жолымен жүріп келеді. Күннен-күнге, жылдан-жылға жаңарып, асқақтап, еліміздің бас қаласы ретінде тарихтағы өз орнын айшықтай түсуде. Астана күні мерекесі барша қазақстандықтар үшін ерекше қуаныш, ерекше мейрам. Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Елордамыздың келісті келбеті күн санап жақсарып, қала көркейіп, гүлденіп келеді. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен, тарихи ескерткіштерімен, мәдени орындарымен ерекшеленеді. Өз басым Астананың болашағы бұдан да зор деп санаймын. Сондықтан да, еліміздің жүрегіне айналған бас қаламыз мәңгі жасай берсін, Елордамыз одан әрі көркейе берсін деп тілеймін.

«ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс бастығы
Ерлан МЫРЗАҒАЛИЕВ:

Мен Астана қаласында дүниеге келдім. Осы қалада алғаш мектеп табалдырығын аттап, оқуға түсіп, ержеттім. Балалық шағым да, жастықтың жалынды шақтары да еліміздің бас қаласында өтті. Отбасын құрған соң, балаларым да Елордада дүниеге келді. Бүгінде Көкшетау қаласында орналасқан еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – «ENKI» кірпіш зауытына жұмыс бабымен ауысып, кірпіш өндірісіне өз үлесімді қосып жатырмын.  Астанаға үнемі барып тұрамын. Барған сайын зор күш-қуат алып, оның сәулетті де, дәулетті келбетіне қарап тамсанып, қуанып қайтамын.

Біздің балалық шағымызда бүгінгі Астана еліміздегі қарапайым қалалардың бірі болды. Оның өзге қалалардан ешқандай тақа айырмашылығы жоқ еді. Ал, бүгінде Елорда еліміздің бас қаласы болған сәттен бастап, адам танымастай өзгерді.  Ол аз ғана уақыттың ішінде өзінің ауыз толтырып айтарлықтай ерекшеліктерімен де, сән-салтанатымен де талайды таңдай қақтыртып үлгерді. Астананың басқа қалалардан ерекшелігі де сол, онда зәулім-зәулім үйлер, Есіл өзенінің жағалауында орналасқан әкімшілік ғимараттары, «Хан шатыры», «Конгрес Холл», «Бәйтерек» монументі, «Өмір өзені» субұрқағы, мәдениет сарайлары, спорт кешендері мен театрлар, музейлер, тарихи ескерткіштер және көшелердегі гүлзарлы алаңдары да өз үйлесімін тауып,  қаланың барлық аудандарында тұрғындардың жайлы ортасы қалыптасқан. Қазіргі Астананың көз тоймастай көркіне, жылдан-жылға көз тартып жатқан келбетіне әрбір ауыл баласы қызыға қарайды.

Сарыарқаның төрінде орналасқан Астананы  Қазақстанның жүрегі десек те артық бола қоймас. Ал, өзім үшін бүгінгі жайнаған Астана кіндік кескен қасиетті мекенім, туған жерім. Мен Астанамен бірге есейдім. Елордадағы балалық шағым, жастық кезеңім өмірімнің мәнді де, мазмұнды кезеңі болғаны рас. Әрине, осындай тіршілігі қайнаған, бар мүмкіндік қарастырылған қалада қалып, оның әрі қарай да өсіп-өркендеуіне үлес қосуға әбден болады. Оның үстіне өндіріс мамандығын таңдаған соң, өзім сияқты мамандардың жұмыс күші мұнда ауадай қажет болатынын жақсы білдім.

Алайда, өз еліне еңбек еткісі келетін кез-келген адам Қазақстанның қай түкпірінде болса да, ел экономикасына, оның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қоса алады. Өзім шаруашылық цехын басқарып отырған «ENKI» кірпіш зауыты іргедегі Елорданың кірпішке деген сұранысын өтеуге айтарлықтай үлес қосуда. Қала жаңадан тұрғызылып жатқан кездерде зауыттан жаңа шыққан қызыл-күрең кірпіштер жүк мәшинелеріне тиеліп, Елордаға қарай ағылып жатты. Астананың ғимараттарының қабырғасы болып қаланған ол кірпіштерде әрбір зауыт жұмысшысының қолының табы бар деп есептеймін. Бүгінде біз жұмыс істеп отырған зауыттың кірпішіне елордалықтардың сұранысы артпаса, жоғала қойған жоқ. Сол себепті өзім кірпіш өндірісінің жоғары санатты маманы ретінде әлі де Астана құрылысына, еліміздің өзге қалаларының қарыштап дамуына үлес қосамын деген ойдамын.

Көкшетау қаласысындағы
№1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі
 Гүлнәр ЫСҚАҚОВА:

Жыл сайын 6 шілде күні еліміз Астананың туған күнін атап өтеді. Бұл күн тәуелсіздіктің тірегі болған, халқымыздың рухын асқақтатқан, жаңа Қазақстанның символына айналған Астана қаласына деген құрмет пен сүйіспеншілікті білдіретін айтулы мереке.

Мен үшін бұл күннің мәні ерекше. Себебі, Астана – менің ұстаздық жолыма жол ашқан, арманымды шындыққа айналдырған қала. Мұғалім болуға талпынған балауса кезімде дәл осы қалаға барып, алғаш рет үлкен өмірдің тынысын сезіндім. Содан бері бұл шаһар менің өмірімде рухани тірекке, сарқылмас шабытқа, мақсатқа жетелер сенімге айналды.

Бүгінде мен Көкшетау қаласы №1 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етемін. Балаларға білім беріп, оларды тәрбиелеу – менің өмірлік ұстанымым. Ал, осы ұстанымға адал болуға, әр күнімді мәнді өткізуге Астананың әсері мол болды. Елордада жиі өтетін білім беру форумдарына, педагогикалық семинарларға, заманауи әдістемелерді меңгеруге арналған курстарға қатыса отырып, мен өз мамандығымның маңызын тереңірек ұғынып келемін. Астанадағы ұстаздар қауымының табандылығы мен жаңашылдығы маған да таусылмас жігер береді.

Астана – бұл жай ғана әкімшілік, экономикалық орталық емес, ол – ұлт болашағын айқындайтын рухани кеңістік. Бүгінде елордада бой көтерген «Ұлттық мұражай», «Астана Опера», «Тәуелсіздік сарайы», «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументі секілді нысандар – жас ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіретін мәдени-рухани орындар деп толық сеніммен айта аламын. Мұғалім ретінде мен өз шәкірттеріме Елорда жайлы сабақ үстінде ғана айтып қоймай, мұны жүрекпен сезіндіруге де тырысамын. Себебі, Астана – еліміздің тарихын, бүгінгі жетістіктерін, келешекке деген үмітін бойына жинақтаған қала. Әрбір бала ол туралы біліп, мақтанышпен айтуы керек деп ойлаймын.

Астана – бұл бар қазақтың басын біріктірген қала. Қазақстанның әр өңірінен келген жас та, жасамыс та осы қалада арман қуып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жатыр. Осы қалада туған идеялар, қабылданған шешімдер бүкіл ел тағдырына игі әсер етіп отыр. Сондықтан да, Астана күні – баршамыз үшін ортақ қуаныш. Бұл күн елдігіміздің, бірлігіміздің, болашаққа деген сеніміміздің мерекесі. Ұстаз ретінде мен бұл мерекеде балаларға армандай білуді, сол арман үшін болашақта еселі еңбек етуді үйреткім келеді. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, менің өз арманым – ұстаздық жолым – дәл осы Астанадан басталған еді.

Астана – менің жүрегімдегі мәңгілік қала. Бұл қала – ұрпаққа үміт, елге тірек, маған шабыт. Еліміздің еңсесі биік болсын десек, біз де Астанамыз сияқты биік мақсаттармен өмір сүруіміз керек. Осы мереке үстінде әр отбасы, әр бала, әр азамат Астананың қадірін түсініп, оның болашағына үлес қосуға ниетті болса екен деймін.

Сауалнаманы жүргізген
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар