Су – тіршілік көзі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда елге қайтарылған заңсыз иемделінген активтер қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жалғасуда. Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін салуға арнаулы мемлекеттік қордан 21,5 миллиард теңге бөлінді.
Бүгінде аймақта сумен жабдықтау саласында 28 жоба жүзеге асырылуда. Зеренді ауданында жаңа су құбыры желілерін салуға және қолданыстағы су құбыры желілерін жаңғыртуға 6 миллиард 564 миллион теңге қарастырылған. Жұмыстар Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовый, Троицк, Васильковка, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жүргізілуде.
Олардың ішіндегі ең ірісі – 1 мыңнан астам адам тұратын Өркен кентіндегі ұзындығы 6 шақырым сумен жабдықтау жүйесі. Жобаның құны – 583 миллион теңге. Одан бөлек, облыстың 9 ауданында 2 миллиард 287 миллион теңгеден астам сомаға сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу және қолданыстағы жүйелерді реконструкциялау жүзеге асырылуда. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарлануда.
Сандықтау ауданында топтық су құбыры салынуда. Жоба бойынша 22,3 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу көзделген. Оны жүзеге асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 200 миллион теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Нұра топтық су құбырын реконструкциялау және Покровка ауылынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Екі жобаның жалпы құны – 9,5 миллиард теңге.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметі 99 пайызды, ал, ауылдық елді мекендерде 96,6 пайызды құрайды.
Бүгінгі таңда елімізде қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау, спорт, сондай-ақ, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда.
Ақмола облысы әкімінің баспсөз қызметі.
![]()

