Замана запыраны
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы елімізде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, үш жыл көлемінде әр облыста зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осыған орай, жуырда тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Аманбай Сейітқасымовтың «1920-1950 жылдардағы Ақмола, Көкше, Атбасар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін. Тарихы. Зерттелуі. Тағылымы» деп аталатын монографиясының бастапқы нұсқасы жарық көрді.
Ақмола облысында бұл комиссия ғалымдардан, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарихшы-оқытушыларынан, өлкетанушылар мен мұрағатшылардан жасақталды. Олар үш жыл бойы кешенді зерттеу жұмысын жүргізді. Осы уақыт ішінде он екі кітап жазып, үш фильм түсіріп, жергілікті телеарнада, облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда» газеттерінде материалдар мен мақалалар жариялап, арнайы карта жасады. Қазір он тараудан тұратын монография жүз данамен басылып шығарылу үстінде.
Комиссия мүшелері Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Ресей елінде, Елордадағы мұрағаттарда жұмыс істеген. Кітапты парақтай отырып, ертеректе құпия саналған құжаттар мен көптеген ақпараттар зерттелгеніне көз жеткізесіз. Бұл – облыстық әкімшіліктің ғылыми жобасын ұтып алған зиялы топтың Ақмола өңірі бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ескерткіші десе болғандай. Бұл жоба бір күннің ғана ісі емес, үш жыл бойғы қажырлы еңбектің жемісі.
Кітап авторының айтуынша, монография біріншіден, архивтегі деректер негізінде жазылған. Өйткені, осыған дейін біздің өңірде бұл тақырып мүлдем кешенді түрде зерттелмеген. Бірде аштық, бірде Науан хазірет туралы, енді бірде Шәймерден Қосшығұлов туралы жеке мақалалар жазылғанымен тереңдетіліп зерттелу қолға алынбаған. Сонымен, Ақмола, Көкшетау, Есіл, Атбасар, Омбы, Қызылжар өңіріндегі 1920-1950 жылдардағы зобалаң, ашылмаған ақтаңдақтарға қатысты архивтердің негізінде жұмыс экспидециялары ұйымдастырылып, бұрынғы Сталиндік лагерьлер, адамдардың жерленген жерлері, тұрған жерлері туралы сол заманның куәгерлері жоқ болса да, солардың ұрпақтарымен әңгімелер жүргізіліп, біраз құжаттық қағаздар жинақталған. Демек, мұндағы еңбектің 90 пайызы архивтік, нақты деректер. Кітапта ақтаңдақтардың елге белгісіз тұстары қамтылған. Өйткені, бұл осыған дейін жабық күйінде болды емес пе? Ал, қазір Мемлекет басшысының Жарлығынан кейін кешенді түрде зерттеліп жатқаны баршамыз үшін баға жетпес құндылық. Алдымен, кітаптың тарихынан алынатын аспектлерге тоқталсақ, бұлар туралы кезінде Смағұл Сәдуақасов, Әлихан Бөкейханов, бертінде басқа да ғалымдар жазған. Бірақ, көбінесе, сол кездегі саяси идеологияға, цензураға байланысты олар негізінде ақиқатты ашық, еркін айта алмағаны шындық.
Оқырманға ұсынылғалы отырған Аманбай Сейітқасымовтың 10 тараудан тұратын 510 беттік монографиясы туралы өзіне сөз беруді жөн көрдік.
– Комиссияның үйлестірушісі ретінде архивтердегі құжаттардың негізінде осы монографияны жазуды қолға алған болатынмын. Міне, өзіңіз көріп отырғандай, кітаптың бастапқы нұсқасы да жарыққа шықты. Енді демеушілердің көмегімен 100 дана кітапты оқырманға ұсынамыз деген ойдамын, – дейді Аманбай Асылбайұлы.
Сонымен, монографияның бірінші тарауы Ақмола өңірінде Кеңес үкіметінің құрылу жылдарын, екінші тарауы 1917-1922 жылдардағы Ақмола Көкшетау жеріндегі лагерьлік қоныстарды қамтиды. Біздің білетініміз, КарЛАГ пен АлЖИР. Негізінде, басқа жерлерде де осындай лагерьлер көп болған екен. Комиссия мүшелері зерттеу жұмыстары барысында 19 лагерьдің орнын тауып, белгілеген. Олардың бірі лагерь деп аталса, енді бірі 13,14-нүкте деп аталған немесе поселение, пункт деп айтылған екен. Зеренді ауданының өзінде 4 бірдей үлкен лагерьдің орны табылған. Степняк, Еңбекшілдер, Степногорск жағындағы шахта, кен орындарында алтын өндірген жерлер болған. Сол жерлерде де лагерьлер болған.
Ал, үшінші тарау өңірдегі аштық мәселесіне арналыпты. Яғни, 1920-1921 – 1930-1933 жылдары үлкен аштық болғаны рас. Босқындар көбейіп, осы солтүстік өңірін, бүкіл қазақ жерін жайлаған аштық орын алған. Және соның аспектлері бірінші рет солтүстікте қалай болды? Аштыққа ұшыраған қазақ ауылдарындағы адамдар Ресейге қарай, Омбы, Түмен жерлеріне қарай кетіп, бас сауғалаған. Тіпті, кейбірі Қырғызстанға өткен. Жете алмай шамалары келмегендер жолда қаза тапқан. Хабарсыз кеткен, балалар үйіне өткендер де жоқ емес.
Төртінші тарау – «Күштеп кәмпескелеу науқаны. Байлар қасіреті. Бас көтерулер» деп аталған. Негізі ол кездегі байлар деген де халық жауы деп түсінбеу керек. Олар да нағыз іскер азаматтар, кәсіпті білетін адамдар болған. Соларды құртып, отбасы, балаларымен жер аударған. Тіпті, балаларын тартып алғанда соған байланысты бас көтерулер де болған. Демек, сол кездің сөзінше басмаштар, контрабандалар деп, солардың көтерілістерін аяусыз жаншып, басып отырған.
Ал, «Діни тұлғаларға «қызыл жорық» деп аталатын тарауда үкіметтің қылышы дін өкілдерін де аямағанына куә боламыз. Молда, ишан, қажылар, проваславие дінінің өкілдері, свещенниктер, католик дінінің өкілдерін олардың бәрі коммунистік идеологияға қайшы деп көздерін құртқан. Өйткені, олар үшін діни идеология өздеріне бәсекелес ретінде көрінді. Сондықтан, құрту саясатын қолданған. 1926 жылдан бастап, 1950 жылға дейін осы науқан жүрді. Осылайша біздің өңірде 1926 жылы Науан хазірет мешіті жабылып қалған, сөйтіп, мұсылмандар тілегімен 1989 жылы ғана ашылды. Сондай мешіттермен қоса, шіркеулер де жабылған. Дін өкілдерінің бәрі Сібірге жер аударылған. Сақалдарын қидырып, құдайсыздар қоғамы (общество безбожников) оларға қарсы күресті. Онда мешіттерді қирату қоғамы жұмыс істеген. Әр ауылда сондай бір ұя (ячейка) болған. Олардың алдында дін өкілдерін табу, шіркеулерді жабу, олардың орнын атқора, қойма қылу мақсаты тұрған.
Сонымен қатар, «Ақмола аймағы – «Кіші халықтар түрмесі» атты тарауда 1930 жылдардың аяғынан басталған күштеу депортациясы туралы баяндалады. Қиыр Шығыстан кәрістерді, 1941 жылы немістерді Қазақстан жаққа, Орта Азияға жер аударған. 1944 жылы шешен-ингуштарды, соғыстың алдындағы жылдарда қарашай, балгарларды да Қазақстан жеріне күшпен жер аударған. Тұтас халықтарға жау, неміс фашистерінің одақтастары деген сияқты жалған айып тағылып, бірнеше жүздеген адамдар жер аударылып келген. Солардың қилы тағдыры, естеліктері айтылады.
Ал, «Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі Ақмола өңірі» деген тарауда қан құйлы соғыстың қасіреті суреттеледі. Онда соғысқа қатысқандардың батырлығы, ерлігімен қоса, сол соғыс қасіретін тартқан жандардың тылдағы ержүректіліктері, көрген қиындықтары айтылады.
«Әскери тұтқындар тағдыры. Перденің ашылуы» тарауында 1941-1942 жылдары 5 миллионға жуық Қызыл Армия жауынгерлері тұтқынға түскені өте бір аянышты, күйде айтылған. Өйткені, оларға басында қару-жарақ жетіспеді. Сөйтіп, лек-легімен тұтқынға түсіп отырған. Бір-екі жылдап қан майданда арпалыса жүріп, тұтқынға түседі. Немістің концлагерьлерінде, немістер басып алған жерлерде тұтқында болады. 1945 жылы олар босайды. Сосын елге келгеннен кейін қайтадан соттап жіберген. Яғни, тұтқында болған екен, Сталиннің қағидасы бойынша халық жауы ретінде тағы сотталады. Совет жауынгері ешқашан тұтқында болмауы керек деген қағида туады. Осы жерде кітап авторы осыны одан әрі нақтылай түседі. «Өз еркімен де болған шығар, адам пенде ғой, бірақ, шын мәнінде, негізінен, 90 пайыз қоршауға түскен адамдар контузия алып, жараланған, оқ-дәрі жоқ, сол себепті жау тұтқынында қалып келген», – деп әңгімелейді.
Тұтқындағылар соғыс бітіп елге оралғанмен 1945-1946 жылдары олардың көбін қайта соттап жібереді. Сөйтіп, 10, 15, тіпті, 25 жылды нақақтан-нақақ арқалап кете барады. Көбі 1953 жылы Сталин қайтыс болып, билік басына Хрущев келгеннен кейін ақырын-ақырын босатылады.
Одан әрі «Сталиндік саясатқа рухани қарсылық. Зиялы қауым тағдыры» тарауында сол заманда Голощекиннің Кіші Қазан саясатына, Сталиннің саясатына аштыққа, кәмпеске мен ұжымдастыруға Смағұл Сәдуақасовтан бастап, оқыған интеллигенция өкілдері, яғни, ақын-жазушылар, партия басшылығы қарсы шықты. Өкінішке орай олардың бәрін атты, жойды. Алдымен, 1938 жылы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер кетті, оның ішінде Науан хазірет ұрпақтары да бар. Осы Ақмола облысы бойынша айтсақ, кезінде Шәймерден Қосшығұлов, Ақан ауылының азаматы Зарап Темірбеков 1938 жылы атылып кеткен. Әубәкір Ілиясов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ол да атылған. Жалпы саны 125 мыңдай адам Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, сотталған. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхановтарды айтпағанның өзінде қаншама адамдар атылып кеткен. Бір адам Үкіметке қарсы наразылығын айтып қалса, соттап жіберген.
Мысалы, Қызылту ауылында бір үйде Сәкен Сейфуллиннің кітабы болған. Ол кітапты біреу көріп, халық жауының кітабын сақтаған деп көрсетіп жібереді де, ұсталып кете барады. Енді бірде бір кісі түс көреді, түсінде биыл егін болмайтын сияқты деп болжайды. Оны көршісі НКВД-ның адамдарына айтып қойып, бұл Сталиннің саясатына сенбей отыр, биыл қуаңшылық, аштық болады, деп айтты деген желеумен 10 жылға нақақтан-нақақ сотталып кете барған.
Монографияның «Тағдыр тауқыметін көргендер. Жеке адам тұрғысында» атты соңғы тарауында автор, «аталарымыз қалай сотталған, қалай істі болған?» деген бағытта ой толғайды. Оның ішінде Жанғали Құлышев деген кісі бар. Айыртау ауданы Қаратал мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып, 50 жылдай ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген. Соғыста болған, бірақ, партия мүшелігіне алмаған. Шоқан Уәлихановтың інісі Жақыптың баласы Құлыштан тараған осы кісіні де біраз жылдар қудалайды. Бар кінәсі ханның ұрпағы болғанында.
Монографияның соңында деректермен қоса, сол кездегі фото-суреттер берілген. Мешіттер, лагерьлер, Симферополь ауылындағы су мұнарасы. Оны 1950 жылдары жапон тұтқындары сол лагерьде болғанда тұрғызған екен. Келесі сурет Үлгілі деген Зеренді маңындағы лагерьдің орны, сондағы зираттар, Ключи, Баратай, Ақан ауылдарының жанындағы офицерлердің үйі, лагерьдің орны. Ол жерде де атқора болған. Атбасар қаласындағы сондағы түрме ғимараты әлі күнге дейін бар. Аштық кездеріндегі фото-суреттер, хаттар сақталған… Ашком комиссиясы құрылып, сол жерде тамаққа жете алмай аштан өліп жатқандар да болған. Соның бәрі «Безбожники» журналында жарияланып отырған. Осы журналда бәрі жазылған, олар бүгін 5 мешітті жаптық, 4 священикті құрттық, екі молданы соттадық деген сияқты күнде есеп беріп отырған.
Зеренді ауданы Баратай ауылына ұлты неміс Фрида Кем 3 жасында жер аударылып келген екен. Өткен жылы қайтыс болып, осы жерде жерленген. Кезінде қазақша оқыған. Балалары Германияға кетсе де, сіңлісі екеуі осында қалған. Тағы бір өкінішті жағдай, екі-үш жыл қан майданға қатысып, сосын тұтқынға түскен, нәтижесінде не бір орден, медаль алмаған, тіпті, соғыстан келгеннен кейін ардагер деген статусы болмаған майдандангерлер қаншама. Мәселен, ел 9 мамыр – Жеңіс күнін тойлап жатқанда кейбір аталарымыз үйде, терезеден қарап жылап отырған, аянышты сәттер болған. Үш адамға бір қару болса, олар жау қолына түспегенде қайтеді?!
Міне, осылайша тарих ғылымдарының кандидаты, профессор А.Сейітқасымовтың монографиясы оқыған адамды бейжай қалдырмасы анық. Автордың айтуынша, әлі игерілмеген, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстар бары сөзсіз. Соған қарамастан, тарихтың ауыр кезеңдерінен сыр шерткен елеулі еңбек оқырманға жол тартты, десек болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

