Биыл осы аттас ауылдың құрылғанына 100, мектебінің ашылғанына 90 жыл толып отыр
Иә, биыл ежелгі сақ-ғұн дәуірінен бастау алатын, мыңжылдық тарихы бар Астрахан ауданының Толқынкөл, қазіргі Бірлік ауылының құрылғанына 100 жыл және ондағы алғашқы қазақ мектебінің ашылғанына 90 жыл толып отыр. Ауыл тұрғындары қастерлі ата мекендерінің торқалы тойын атап өтуді жөн санап, оның тереңге кеткен тарихын елмен бөліспекші.
Елімізде Алашорда тарихы соңғы уақытта белсенді зерттеліп, ақтаңдақтар ақиқаты толыға да, молыға да түсуде. Туған халқы мен ұлтының мүддесі үшін аянбай жанкешті ерліктерге барған, бүгінде елеусіз қалған қаншама арда азаматтардың есімдері мен қайраткерлік қызметтерін тарихшыларымыздан бөлек, олардың ұрпақтары да мұрағаттардан іздестіруде. Жуырда Алаш үшін басын қатерге тіккен Қайыржан Байбосыновтың ұрпағы Жасұлан Қайыржанов осындай ізгі ниетпен редакциямызға арнайы келді. Ол мұрағаттардан арғы бабасының өткен өміріне қатысты құжаттарды зерделеу барысында жоғарыда аталған елді мекеннің ғасырлық тойы жақындап қалғанын анықтаған. Биылғы жылдың қазан айында Толқынкөл ауылының құрылғанына тура 100 және ондағы алғашқы мектептің ашылғанына 90 жыл толатыны туралы мұрағатта деректер сайрап жатқан көрінеді.
Сонымен, Астрахан ауданындағы Толқынкөл, 1990 жылдардан бері Бірлік деп аталып кеткен ауыл 1925 жылы 23 қазанда құрылыпты. Есіл өзенінің алабында орналасқан елді мекеннің қасында Толқынкөл көлі бар. Алғашқыда сол көлдің іргесінде еңбек және ауыл шаруашылығы артелі ретінде ашылған сол кездегі Атбасар уезінің №6 ауылы бүгінде Колутон ауылдық округінің құрамына кіреді.
–Атамыз Қайыржан Байбосынұлы, –дейді оның шөбересі, тарихшы Жасұлан мұрағат құжаттарына сүйене отырып, – 1925 жылы жиналыс құрып, ауылды ашуға атсалысыпты. Өзі сол жаңадан ашылған Толқынкөл артелінің, кейін колхоздың басшысы болып тағайындалады. Әрі қарай «Толқынкөлдің» қарамағына 20 шақты колхоз қарап, үлкен ауылдық Кеңеске айналған. Ал, Қайыржан Байбосынұлы сол Толқынкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Колхозды Толқынкөл көлінің дәл жанынан құрудың өзінің үлкен бір мәні болған. Өйткені, сол аумақтағы қалған ауылдардың барлығы Есіл өзенін жағалай қоныстанған. Өзенге жақын орналасқандықтан, көктемде оларда біраз қиындықтар орын алған. Өзен тасып, су келген кезде ауылдар арасында қатынас үзіліп, қиындап кетеді екен әрі солтүстік бағыттарда көптеген жаңа колхоздар ашылып, Ақмоладан Атбасарға апаратын байланыс жолдары осы бағыт бойынша өтіпті. Сол себепті өзен бойындағы көптеген ауылдар біртіндеп жаңадан ашылған Толқынкөл, Қалқұтан сынды колхоздарға көше бастаған.
Мұрағат құжаттарында артель құру туралы хаттама да сақталыпты. Хаттамада: «Ақмола губерниясы, Атбасар уезі, №6 ауылының Толкункуль қоғамында жаңадан ұйымдастырылған Толкункуль еңбек егіншілік артелі мүшелерінің ұйымдастыру жиналысы. Артель мүшелігіне тіркелген 20 адам қатысты. Жиналыс төрағасы болып Қ.Байбосинов сайланды. Хатшы В. Саломахин» деп көрсетілген.
Колхоз құрылысымен ауылда Махмет Қопабаев сынды бай-кулак «Малай» атты кооперативтік дүкенін ашыпты. Бұл кісі Қайыржан Байбосынұлының жолдасы әрі алдағы уақыттардағы биліктің озбыр саясатына қарсы тұрып, сталиндік репрессияның құрбаны болған үзеңгілес серігі екен. Бұл жөнінде мұрағатта: «Қайыржан Байбосынұлы атасының жолын ұстап ел ішінде атқамінер болып жүріп, осы 20 ауыл ішінде болған ірі бай Махмет Қопабайұлымен байлам жасап, сол Қопабайұлының басшы болып ашқан «Малай» ұйым дүкеніне Қопабайұлы 28-ші жыл кәмпескеленіп, өзі кетіп бара жатқасын орнына жолдасы Қайыржан Байбосынұлын басқарма қылып кеткен» (ҚР Президентінің архиві, № 2011(2500) қор, №1а іс, 1 том) деген дерек бар.
Жалпы, Толқынкөл ауылының тұрғындары 1925 жылдан бері қарай орын алған тарихи оқиғалардың барлығын бастарынан өткеріп, саяси қуғын-сүргін кезеңінде бірталай арда азаматтарынан айырылған. Ауыл құрылғаннан кейін үш жыл өткенде, яғни, 1928 жылы Кеңес үкіметі байларды тәркілей бастайды. Биліктің бұл әрекетін әділетсіз деп білген Қайыржан Байбосынұлы ауылдағы байлардың мал-мүлкін жасырып қалуға тырысқан. Ауылдағы байлардың малдарын Есіл бойындағы түбек, аралдарға жасыртып, жоғары жақтан сұратқан анықтамаларды жалған толтырып, мал санын азайтып көрсетіп, өткізіп отырған. Сол байлардың малының арқасында ауыл халқы күнін көреді. Бірақ, оның осылай халық жағына бүйрегі бұруы өзіне жала болып жабысып, айып болып тағылады.
–Атамыздың қылмыстық ісінде көрсетілгендей, оған тағылған айыптың бірі – осы ауылдағы байларды жоғары биліктен жасырып, оларға жалған құжат беріп, «кедей» деп көрсетуінде еді. Оның бұл әрекеті қылмыстық істегі құжатта көрініс тапқан, –дейді шөбересі.
Дегенмен, биліктің аты билік, дәстүрлі қазақ қоғамындағы әр ауылдың тұтқасы саналатын байлар қауымын зор шығынға ұшыратып, мал-мүліктері тәркіленді. Үкімет билігі дегеніне жетіп, нәтижесінде 1932-1933 жылдары үлкен аштық орын алды. Аштықпен қатар, қарсыласып, бас көтергендерді қудалау шаралары жүзеге асырыла бастайды. Көптеген қазақтар осы кезеңдерде мал-мүлкін алып, басқа аймақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды.
– Қайыржан Байбосынұлы үкіметтің мұндай әділетсіз саясатынан барлығын бірдей аман алып қала алмады. Жасыра алғанын жасырып, жасыра алмағандары әділетсіз биліктің құрбаны болды. Солардың ішінде өзінің ағалары Берліғожа мен Биғожа да бар еді. Олар қудалаудан қашып, бір түнде бүкіл малдарын алып сонау Ресейдің Бийск деп аталатын елді мекені жағына қарай көшіп кетуге мәжбүр болды. Осындай қиын-қыстау уақытта Қайыржан Байбосынұлы қара басын қатерге тігіп, тағы да батыл қадамдар жасаған екен. Атап айтқанда, колхоз басшысы болып тұрып, жоғары жақтың қатаң тыйым салғанына қарамастан, колхоз бидайын аштықтан қиналған ауыл халқына астыртын таратып жіберіп отырған. Ал, жоғарыға бидайды ұрланды деп есеп берген. Ол туралы ауылдың көнекөз қариялары кейінгі ұрпағына айтып кетіпті.
Қайыржан Байбосынұлы әр үйге үйдің ішкі жағынан бір бөлмеде қабырға жанынан арасында орын қалатындай етіп қабырға қалаттырады. Тығып берілген бидайды әр үй сол екі қабырғанын арасына толтырып, жасырын азық қылып отырады екен. Қайыржан Байбосынұлының бұл әрекетін кейін бір адамдар жоғарыға жеткізсе керек. Бұл жөнінде архив құжаттарында былай деп көрсетіледі: «Он организовал группы людей для хищения колхозного семянного хлеба, в последствии похитили семян…. (ҚР Президенті архиві № 2011(2500) қор, №1а іс, 1-том).
Осылай қиындықтарды бастарынан өткере жүріп, 1935 жылы ол ауылдастарымен бірлесіп, ауылда сол өлкедегі тұңғыш қазақ мектеп-интернатын ашады. Кейбір мәліметтер бойынша бұл ашылған қазақ мектеп-интернаты Ақмола мен Атбасар арасындағы алғашқы қазақ мектебі атаныпты.
– Мектептің қалай салынғаны туралы «Байбосынның Қайыржаны салған мектеп-интернат деп» қариялар айтып отырушы еді, – дейді Жасұлан Қайыржанов. – Бізге жеткен мәліметтер бойынша құрылысқа қажетті ағаштарды ауылдан 180-200 шақырым қашықтықтағы Макинка жақтан пар өгіздерді кере тартып жегілген арбалармен тасыған деседі. Ол жақтан ағаштарды бір орыс тамыр досы жіберіп тұрыпты дегенді еститінбіз, Қайыржан бабамыздың ұлы Қамар атаның әңгімесінен. Бірақ, сол тамыр досының атын сол кезде неге жазып алмағанмын деп өкінетін еді. Екі достың балалары да әкелерінің достығын жалғастырып, жақын араласқан көрінеді. Орыс досының баласының есімі Михаил екен. Соғыстан кейінгі жылдары Михаил бірнеше рет Толқынкөлге Қамар досына келіп кетіп жүріпті. Қамар атамыздың құжаттарын ақтарып жатып, Михаилдан келген хатты тауып алдым. Сөйтсем, оның фамилиясы Саломахин болып шықты. Қызығы Михаил Саломахин есімі Толқынкөлден соғысқа аттанғандардың тізімінде де бар. Енді бұдан шығатын қорытынды – Михаил Саломахин Толқынкөл артелінің ашылуындағы жиналыста Қайыржан Байбосынұлының жанында секретарь ретінде жазылған Василий Саломахиннің ұлы екені анықталып отыр. Сонда Толқынкөл қазақ мектеп-интернатының салынуына Макинкадан ағаш жеткізуде көмектесіп отырған адам сол Василий Саломахиннің өзі болды. Соғыстың алдында Макинка жаққа көшіп кетсе керек. Осыдан, міне, бұл әнгіменің шынайылығын байқаймыз. Мектеп-интернат салынысымен Қайыржан Байбосынұлы оған негізінен аштықтан тірі қалған жетім балаларды жер-жерден іздеп жүріп, жинап әкеліп, орналастырып, оқытады.
Мектептің алғашқы директоры Сүлеймен Бегімбетов деген Алашордашыл азаматтармен тікелей байланысы бар оқыған адам болыпты. Кейін жылдар өте келе, ағаш пен саманнан соғылған мектеп жаңартылып, бір қабатты кеңес дәуіріне тән типтік негізге лайықталып салынған. Сол алғашқы мектептен белгілі тұлғалар мен қайраткерлер білім алған деседі. Мысалы, есімі қалың елге белгілі қайраткер тұлға Қайреддин Кәрібаев, танымал жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, Энергетика министрі болған Үшкен Ақылбай секілді айтулы тұлғалар осы қасиетті мекеннен шыққан. Бұл білім ордасынан Астананың түбіндегі Ақмешіт ауылының да адамдары оқып, білім нәрімен сусындаған деседі.
Сонымен, кеңестік биліктің озбыр саясатына ашық қарсылық танытып, елдің амандығы үшін өз жеке басын тәуекелге байлаған Қайыржан Байбосынұлы көп ұзамай, НКВД-ның қармағына ілініпті. Архив құжаттарындағы мәліметтер бойынша Қайыржан Байбосынұлы 1938 жылдың 27 қаңтары аты-шулы 58-баппен тұтқындалған. Оны Атбасар түрмесінен Петропавл түрмесіне жіберіп, сол жақта 1938 жылдың 14 ақпанындағы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кескен. Мектеп директоры болған Сүлеймен Бегімбетов те бір айдан кейін ұсталып, ол да ең ауыр жазаға тартылған. Осы ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек еткен, Ахмет Байтұрсыновпен және Әлихан Бөкейхановпен араласқан Алашордашыл Омар Темірбеков пен ауылда ең бірінші кооператив дүкен ашқан Махмет Қопабаев та сол соқыр саясаттың құрбаны болып кете барған. Ауылдан шыққан осы Алаш қайраткерлері, оның ішінде Қайыржан Байбосынов туралы жақын арада белгілі журналист Майя Бекбаева деректі фильм де түсіріпті.
1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ауылдың біраз азаматы майдан даласына аттанады. Жалпы, Ұлы Отан соғысына кеткендерді қоса есептегенде, ауылдың 200-ден астам азаматы майданға ел қорғауға аттанып, олардың 30-40 шақтысы қан майданда шейіт болып, елге оралмаған. Ауыл халқы одан әрі Кеңестік дәуірдің соғыстан кейінгі колхоздарды дамытуға арналған жоспарлы науқандарын бастарынан өткеріп, тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысқан. Солай жылдар жылжып, уақыт өте берді. Елу жылда ел жаңа демекші, еліміз тәуелсіздік алып, облыстар мен олардың аумағындағы аудандар қайта құрылу кезеңдерін бастарынан өткерді. Толқынкөл ауылы Астрахан ауданының құрамына еніп, Бірлік деген атауға ие болды. Елдегі тоқырау кезеңін де, дағдарыспен күрес заманын да ауыл халқы бір адамдай бастарынан өткерді. Ауылдағы көші-қон жайы да өзекті мәселеге айналды. Қазір ауыл көптеген қазақ ауылдары секілді жабылып қалуға шақ тұр. Бүгінде онда 20 шақты отбасы түтін түтетіп, 50 шақты адам өмір сүруде.
– Ауылды көтергіміз келеді. Нағыз мал ұстауға ыңғайлы, егіншілікпен айналысуға жері құнарлы, шөбі шүйгін елді мекен. Онда 20-дан астам серіктестік ауылға қарасты жерлерде егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Бірақ, қатынайтын дұрыс жол жоқ. Ауылдың біраз тұрғындары осы жол үшін көшіп те кетті. Ауылға оңтүстіктен отбасыларды шақырып жатырмыз, келіп те жатқандары бар. Ауылда жұмыс жалғыз мектепте ғана. Алдағы уақытта елге пайда беретін бір іргелі жұмыс орнын ашқымыз келеді. Бірақ, ашайық десек, жол мәселесі кедергілер туғызады, –дейді Жасұлан Бейбітбекұлы.
Тамыры тереңге кеткен тарихы бар Толқынкөл ауылының 100 жылдығы мен мектептің 90 жылдығы 12 шілде күні осы ауылдың өзінде аталып өтіледі. Есті азаматтары ауылдың тыныс-тіршілігін сақтап қалғылары келеді-ақ, бірақ, бәрінен бұрын жол мәселесі қолбайлау дейді. Ауыл – елдің анасы дейміз, жері құнарлы, сулы да нулы елді мекенде ретін тауып, жұмыс орнын молынан құрып, жақсылыққа өріс ашса, халық қайта қоныстанар ма еді…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.
Суреттерде: мектептің алғашқы директоры Сүлеймен Бегімбетов; асылдың тұяғы Қамар Қайыржанұлы; толқынкөлдік майдангерлер аудан ардагерлерімен бірге; алғашқы ұстаздар Қамар Қайыржанұлы, Насыр Ахметов, Ғалымжан Рақымжанов, ауыл мақтанышы Қайреддин Кәрібаев және тағы басқалары; еңбек сабағында; ауыл әсем көлдің жағасында тұр.
(Суреттер ауыл тарихы туралы көрмеден алынды).
![]()

