Көкшетауда шілденің екінші жексенбісінде аталып өтілетін Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Онда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова шараға қатысушыларды төл мерекелерімен құттықтап, сала озаттарына марапаттар тапсырды.
Балық шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарының бірі болып саналады. Қолымыздағы мәліметтерге сәйкес, аймақта ағымдағы жылға арналған жоспар бойынша екі мың тоннаға жуық тауарлық балық өсіру көзделген. Қазірдің өзінде бұл жоспар тиімді орындалып, бір мың тоннадан астам өнім өндіріліп үлгерген. Бұл дегеніңіз аймақтағы бұл саланың да өсу әлеуетінің жоғары екенін және преспективалы қарқынға ие екенін көрсетеді.
Елімізде жыл сайын шілденің екінші жексенбісінде Балық шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі аталып өтіледі. Осыған орай, Көкшетауда өткен салтанатты жиналыста облыс әкімінің орынбасары акваөсіру секторының тұрақты өсуіне жасалып жатқан жағдайлар мен су биоресурстарының көлемін арттыруға бағытталып жатқан бастамалар жөнінде айтып өтті.
– Бұл күн сіздердің жауапты да маңызды еңбектеріңіздің, аквакультураны орнықты дамыту мен өңірдегі балық қорларын сақтау жолындағы қызметтеріңіздің маңызын бағалау күні. Саланы одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін түсінеміз. Бүгінде облыста балық шаруашылығындағы жемге, егу шараларына, ветеринариялық препараттарға, асыл тұқымды балық өсіруге субсидия бөлінеді. Сонымен қатар, кейбір өндірістік қуатты артыру және кеңейтуге байланысты инвестициялық шығындарды да өтеуге қаражат бөлініп келеді. Мұның барлығы аймақтағы балық шаруашылығына жасалып жатқан қамқорлық. Ал, сіздердің табиғатқа деген құрметтеріңіз, адал еңбектеріңіз және өз кәсіптеріңізге деген сүйіспеншіліктеріңіз еліміз үшін баға жетпес үлес деп білеміз, – деді Алтынай Байқадамқызы өз құттықтау сөзінде.
Содан соң облыс әкімінің орынбасары аймақтағы су айдындарын балықпен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлініп келе жатқанын айта келіп, биыл жыл басынан бері 30 миллион данадан астам балық тұқымы шығарылып, бұл саладағы инвестиция көлемі 47 миллион теңгеден асқанын атап өтті.
Оның сөзінше, биологиялық әртүрлілікті сақтау шараларына ерекше назар аудару қажет. Жыл сайын облыстық бюджет қаражаты есебінен су қоймаларына бағалы әрі сапалы балық түрлерін жинақтауға жағдай жасалады. Бұл су қоймаларын пайдаланушылардың белсенді жұмысымен бірге аймақтағы балық қорын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал, балықшылардың еңбегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға зор ықпал етеді.
Шара барасында осы салада көп жылдан бері еңбек етіп, аймақтың азық-түлік қорын нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар мамандар марапатталды. Қазақстан HYPERLINK «https://www.gov.kz/memleket/entities/fishery»Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің«Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі «Көкшетау ауданаралық аңшылар және балықшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің директоры Мұрат Әубәкіровке табысталды. Сонымен қатар, саладағы жоғары көрсеткіштері мен адал еңбегі үшін бірқатар сала қызметкерлері министрліктің балық шаруашылығы комитеті төрағасының Алғыс хаттарына ие болды.
Сондай-ақ, жиында Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевқа сөз беріліп, ол өз кезегінде осы салада жеткен жетістіктері мен жемісті еңбектері үшін бірқатар кәсіпкерлерді мекеменің Алғыс хатымен марапаттады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

