Жаңа мүмкіндіктер көкжиегі қуантады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық білім басқармасының техникалық-кәсіптік  және орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нажмиден Нұралиннің брифингі болып өтті.

Онда аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста жыл басынан бері осы бағытта ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұған дейін облыс әкімдігінің  Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, алты бағыт бойынша 58 шараны қамтитын кешенді жұмыс басталған болатын. Ондағы мақсат жұмысшы кәсібінің беделін арттырып, колледждер мен мектептердегі білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына сай жаңғырта отырып, жастар болашағына игі әсері тиетін мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады.

Көкшетауда «Жұмысшы мамандықтары жылы: жаңа мүмкіндіктер ашылады» атты жастар форумы өтіп, оған 2000-нан астам адам қатысты. Форум аясында көрмелер, шеберлік сабақтары, форсайт-сессиялар және пікірталастар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, осы шара аясында кадрлар қажеттілігіне байланысты Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы әзірленді. Сондай-ақ, кәсіби бағдар беру бағытында «One School – One Skill», «Кәсіп автобусы» жобалары іске асырылып, 30 бейіндік сынып ашылған болатын.

–Барлық колледждерде Ашық есік күндерімен қатар, бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер ұйымдастырылып, бұл шараларға 5000-нан астам студент тартылды. Сингапур мен Қытайда оқытушылар өндірістік тәжірибе бағдарламаларына қатысып келді. Алдағы уақытта Степногорск қаласындағы жоғары колледж жанынан жасанды интеллектіге негізделген «VeeLinq» қосымшасы мен дизайн студиясы іске қосылады деп жоспарланып отыр, – Нажмиден Нұралин.

Бүгінде облыс колледждеріне аймақтағы 170 кәсіпорын қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, 26 колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, оған 6 181 студент тартылған. Ал, «Серпін» жобасы қайта жандандырылып, облыстың 10 колледжінің оқытушылары оңтүстік өңірлерде 6000-нан астам оқушымен кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша  өзге облыстардан 250 студент оқуға қабылданады деп күтілуде.

Спикер брифинг барысында 2025 жылдың наурыз айынан бастап оқушылар мен колледж студенттері үшін «Электрондық еңбек биржасы» арқылы жұмысқа орналасуға бағытталған курстар жүргізіліп, қазіргі таңда 18 491 адам осы оқудан өткенін айтып өтті. Сонымен қатар, сәуір айында Ақмола өңірінде 65 құзыреттілік бойынша WorldSkills Aqmola–2025 чемпионаты ұйымдастырылып, оған еліміздің 8 өңірінен 300-ден астам студент қатысқан. Сондай-ақ, жыл басынан бері басқа да байқаулар өткізіліп, оған мыңға жуық оқушы қатысыпты. Маусым айында өткен халықаралық «DOSTI Skills Aktau 2025» чемпионатында көкшетаулық студенттер жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына грант иеленген.

–Көкшетауда «Мамандық Fest» атты жұмысшы мамандықтарының шеруі өтті. Оған 12 колледжден 820 студент қатысып, түрлі шеберлік аймақтарында өз мамандықтарын таныстырды. Сондай-ақ, мамырда бастау алған «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі Атбасар мен Есіл қалалары арқылы өтті, –деді спикер брифинг барысында.

Жаңа оқу жылында  аймақта екі жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Оның  бірі азаматтық қорғау жоғары колледжіндегі 450 орындық жатақхана болса, екіншісі Ақан сері атындағы мәдениет колледжіндегі 300 орындық жатақхана.

Бөлім басшысы өз баяндамасын қорытындылай келе, биылғы жылы еңбек жасақтарының құрамында 1356 түлектің жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Алдағы уақытта механикаландырылған студенттер жасағы да ауыл шаруашылығындағы өндірістік ортада жұмысқа тартылады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар