Қосшыда қылмыстан қорғайтын пилоттық жоба іске қосылды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «AI Тергеуші көмекшісі» атты пилоттық жобаны іске қосты. Алғашқы болып бұл жаңашылдықты Қосшы қаласының полиция бөлімі сынақтан өткізді.

Жобаның таныстырылымына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сабит Нұрлыбай және ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев қатысты.

«AI Тергеуші көмекшісі» жобасы ведомстволық дерекқорды жаңғыртып, қылмыстық істерді тергеу барысында цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануды көздейді. Жаңа ақпараттық жүйе – жасанды интеллектіні ішкі істер органдарының күнделікті қызметіне енгізудің нәтижесі.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жоба азаматтарды түрлі қылмыс түрлерінен қорғап қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелер мен сын-тегеуріндерге де дер кезінде жауап беруге қауқарлы.

– Қосшы – заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан қала, бүгінде мұнда 120 мыңға жуық халық тұрады. Пилоттық жоба тергеушінің көмекшісі болумен қатар, қоғамның сұранысы мен үмітіне сай қызмет етуі тиіс. Ең алдымен, ол процестік шешімдерді жедел қабылдау, азаматтарымызды түрлі құқықбұзушылықтан қорғау және қылмыстарды тез ашу. Біздің тұрғындар жиі хабарласып, әсіресе, интернет-алаяқтық бойынша істердің созылып кетуінен қауіптенетінін айтады. Бұл жобаның қала аумағында табысты жүзеге асатынына және нақты нәтиже беретініне сенімдімін, – деді өңір басшысы.

Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, жүйе жеке деректердің қорғалуын және құпиялылықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді.

– Бұл жоба төрт  айдан астам уақыттан бері әзірленуде. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, бар әдістемелер бойынша оқыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның негізінде жүйе тергеу әрекеттерінің алгоритмін құрады. Жасанды интеллект негізіндегі көмекші ЕРДР-ден материалдарды автоматты түрде өңдеу, құқық бұзушылыққа дұрыс баға беру, қылмыстық іс тараптарының өзара байланыс схемасын әзірлеу және қылмыстық істің тергеу жоспарының жобасын дайындау сияқты бірнеше модульден тұрады. Қазіргі заманғы қылмыстарды, оның ішінде әлеуметтік желідегі заңбұзушылықтарды тергеу талаптары да ескерілген, – деді жобаны әзірлеуші компанияның өкілі Ерғали Мәбиев.

Айта кету керек, бұл бағдарлама тергеушінің орнын баспайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетеді. Цифрлық технологиялар куәгерлердің жауаптарын автоматты түрде өңдеуге, оларды тергеу тілінде тіркеуге, әртүрлі тұлғалардың айғақтарын салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба процессуалдық құжаттарды әзірлеуді, деректерді талдауды және болжауды қамтиды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар