Өңірлік уәкіл тағайындалды

Әлеуметтік қорғау

Ақмола облысы әкімінің өкімімен Анаргүл Қайыржанқызы Мұхамедрахымова халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл болып тағайындалды.

Бұл туралы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы хабарлайды.

Осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасына және Президенттің 2023 жылғы 28 наурыздағы №154 Жарлығына сәйкес тағайындалған Анаргүл Мұхамедрахымова алты баланың анасы, көп балалы аналардың «Асыл Аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Көкшетау қаласының іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Ақмола облысының әйелдер күштері Альянсының төрайымы, Адам құқықтары жөніндегі сараптамалық комиссияның, сондай-ақ, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі.

Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер институтын құру – мемлекеттік саясатта әлеуметтік әділетті қалыптастырудағы маңызды қадам. Өңірлік уәкілдер азаматтардың құқықтарын тиімді түрде қорғауға жәрдемдесе отырып, халықтың, мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.

Уәкілдің негізгі міндеті – азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың заңды құқықтарын қорғау. Уәкілдің құзыретіне мүгедектігі бар адамдарға, көп балалы отбасыларға, ардагерлерге және басқа да осал топтарға білім алу, тұрғын үй, әлеуметтік және атаулы көмекке қол жеткізуге, азаматтардың өтініштерін қарау және олардың мәселелерін шешуге жәрдемдесу, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үй қатынастары салаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылау мәселелері кіреді. Сонымен бірге, ол құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен және Үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатып, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады, азаматтар мен ұйымдарды ақпараттық-әдістемелік қолдау, жағдайды бақылау және әлеуметтік қолдау шараларын жақсарту бойынша ұсыныстар дайындайды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері – 3 адам, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер – 350 адам, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқандар  – 1051 адам, мүгедектігі бар адамдар – 29643 адам, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр-Ана» атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар – 5922 адам, көпбалалы отбасылар – 12763 адам, жасы бойынша зейнеткерлер – 116129 адам және басқалар жатады.

Анаргүл Қайыржанқызы Мұхамедрахымованың уәкіл болып тағайындалуы өңірдің әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бейілділігін айғақтайды. Халықтың әлеуметтік осал топтары қатарына жататын Ақмола облысының тұрғындары енді атаулы әлеуметтік көмекті неғұрлым уақытылы және тиімді ала алады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар