Жаз айлары туып, онымен бірге табиғат өзінің барлық жасыл желегін құлпыртатын кез келді. Бірақ, бұл жасыл желектің артында күнделікті жұмысымен осы табиғатты одан әрі жанды және таза ететін адамдар бар. Осындай жандардың бірі – Ақмола облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Күләш Зейнекешқызы Рахимова биыл өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтпекші.
Күләш Рахимова 1975 жылы 13 шілдеде Көкшетау облысы Красноармеец ауданының Заречный ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы) дүниеге келген. 1992 жылы мектепті бітіргеннен кейін №1 Көкшетау кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, хатшы-машинист дипломын алды. Алайда, оның ізденісті жолы осымен аяқталған жоқ. 1993 жылы ол өзінің мансабын Көкшетау облыстық экология және биоресурстар басқармасында бастады, сөйтіп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұзақ және бірегей еңбек жолы осыдан бастау алды.
1993 жылдан бүгінгі күнге дейін Күләш Рахимова өз кәсібіне адал болып келеді. Машинист-хатшы қызметінен бастап, ол көптеген қайта құрулар мен өзгерістерді басынан өткерді, бірақ, әрқашан өз жұмысына тиянақты болды. Бүгінде ол Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық бөлімшесі – Ақмола облысы бойынша экология департаментінде мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқаруда.
Бұл үшін «Көкше» академиясын сырттай оқып бітіріп, заңгер дипломын алды, өзінің кәсіби дағдыларын жетілдіруді жалғастырды. Бұған заңнамалық өзгерістерге және экология саласындағы жаңа ғылыми-техникалық деректерге үнемі назар аударып отыруы дәлел бола алады. Ол алған білімін өзінің күнделікті жұмысында сәтті қолданып келеді, сол үшін де көптеген марапаттар мен алғыстардың иесі атанды.
Айталық, 2018 жылы табиғат қорғау ведомствосының 30 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасының экологиясы саласына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2021 жылы Күләш Зейнекешқызы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ерекше жетістіктері үшін мемлекеттің жоғары наградалардың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Сондай-ақ, ол «Экология саласының үздігі» ведомстволық төсбелгісіне ие болған маман.
Осы еңбекқорлығы, жоғары кәсіби қасиеттері мен жауапкершілігі оны әріптестері ғана емес, басшылар арасында да экология саласының құрметті маманына айналдырды.
Бірақ, Күләш Рахимова кәсіби жетістіктерімен ғана марқаймайды. Оның жеке өмірі де осындай сәулелі сәттерге толы. Ол адал жар, төрт баланың қамқор анасы, сондай-ақ, сүйікті келіні де бар. Жан жолдасы Серікпен бірге өз ата-аналарын жетістіктерімен қуантатын екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен ұлы Айдар өз отбасын құрып, Астанада тұрады, ал, қызы Әсем Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде оқиды. Одан кейінгі Асыл және Аяулым атты қыздары көп салалы мектеп-гимназияның оқушылары. Ата-әжесінің көз қуанышы болып Айлин атты кішкентай немересі өсіп келеді.
Күләш Зейнекешқызы кәсіби қызметті отбасылық өмірмен қалай сәтті ұштастыруға болатынының нақты мысалы. Әріптестеріне ғана емес, туған-туыстары мен жақындарына да қол ұшын беріп, қолдау көрсететін кездері аз емес.
Біздің Күләш осылайша өзінің принциптері мен құндылықтарына адал бола отырып, кәсіби биіктерге жете алған адамның бірі. Оның өмірінде еңбек, жауапкершілік, айналасына деген сүйіспеншілік берік үйлесім тапқан. Міне, мұндай қасиет күнделікті өмірде отбасымен бірге, қоршаған орта, туған табиғатты да ұмытпай, алға қойған мақсаттарына жетуге ұмтылатындардың барлығына үлгі бола бермек.
Ақмола облысы бойынша экология департаменті.
![]()

