Тоқсан бестің толғауы

Өмір ұлағат

 Көкшетау Көкшетау болғалы, оның басынан нелер заман өтпеді, нелер ұрпақ ауыспады дейсіз. Біз әңгімелесіп, сөзге тартып отырған көненің көзі Бибінұр Болатханқызы Исмағұлова да өз дәуірінің не көрмеген елеулі бір перзенті. Сонау 1930 жылы осы күнгі облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Қызылтаң ауылының маңында жазғы жайлауда туыпты.

Бұл бәлшебектермен келген жаңа заманға көзі енді үйреніп жатқан қазақ үшін қандай кезең екенін оқырман өзі біледі. Сонда да елде ұжымдастыру басталып, оның түп кіндігі бай-кулактарды кәмпескелеуден, Голощекин заржақтың Кіші Октябрьді ойлап табуынан қазақ даласында мал қалмауға айналып, елді ашаршылық қысып келе жатқан тұс екенін еске сала кетсек артық болмас. Сондай үстемдік пен дәрменсіздік екіұдай болып тұрған қиын-қыстау кезде жарық дүние бетін көрген сәбиіңіз осы Бибінұр апамыз еді.

– Әкелеріміздің әкесі Омбы жақта туған. Атығай ішінде Бағыс,–дейді қазақы салтпен ата тегінен де бір дерегін білгізіп.

Е-е, қазақтың зиялы, зерделі аналарынан бір сыр аңдап қалғыңыз келсе, осындай жандардың жан дүниесіне үңілуіңіз керек. Олар кешкен өмір, олар еріне сүйеу болған көрегенділік біраз жайдан сыр аулатып берері анық.

–Ата-анам мен үшін күрделі мәселе. Исмағұл атамыздың баласы Болатханның қолында тәрбиелендім. Анам Зурә. Өз әкем Әуез Оспанов соғыс кезінде әскерге алынамын деп жүрген жерінен броньмен елде қалып, колхозда бригадир болды. Қазіргі Қызылтаң ауылының Қызылтаң болып тұруына кезінде көп еңбегі сіңген жан. 1941 жылы Поволжьеден немістерді күштеп Қазақстанға жер аударғанда облыс, ауданның нұсқауымен қаншама неміс отбасын осы Қызылтаңға орналастырып, жағдайын жасады. Сол немістердің ұрпақтары кешегі өтпелі кезеңде өз тарихи Отандары Германияға қозғалғанда, бауырдай болып кеткен осы елді қимай аттанды. Өзімнің туған анама келсем, Зылиқа шешемді білмеймін де. Менен кейінгі балаға босанғанда қайтыс болыпты. Енді неге басқа үйде тәрбиелендім десем, өсе келе ұққанымдай, оның да қазақтың ырымы, әдеп-ғұрпына байланысты өз сыры бар екен. Туысымен мені «Бала тұрсын» деп үлкен әжеміз Мәрияның қолына тапсырады. Маған әке орнына әке болған сол Болатхан әкетайымның менімен жасты қызы болған екен. Екеуіміз де қатар ауырғанда мен әупірімдеп аман қалып, ол қайтып кетеді. Содан сол үйдің Қайролла ұлына апа атанып, тұрмыс ауыр соқса да, кешегі қос қызға тиесілі жылуды мен көріп, әрі қарай мектепке бардым,–деп апамыз әңгімесін керек жерінен тағы бір қайырып алғанда, жас бала өмірінің осылай басқа үйде тосын бет алысына біз де бір елең ете қалғанбыз.

1939 жылы бұл үй жайлаудан Қызылтаңға түпкілікті көшіп келеді. Себебі, бұл ауылда жетіжылдық мектеп бар болатын. Ол кезде оны орталау мектеп дейді. Міне, сол білім ошағынан кейін Бибінұр апа Көкшетау қазақ педучилищесіне оқуға түсіп, оны 1948 жылы бітіреді де, қайра Қызылтаң мектебіне мұғалім болып келіп, бастауыш сыныпқа сабақ береді. Ол кезде қыздарды қазақшылықпен алысқа оқуға жібермейді. Содан әрі қарай оқығысы келген Бибінұр апа не істеген? Үйден отын салған жүк машинасымен ешкімге айтпастан қалаға кетіп қалады. Одан әрі қарай Алматы, қолында мұғалімдік жұмысынан осы жолға деп жинаған азын-аулақ ақшасы бар. 1957 жылы Қыздар педагогикалық институтының тарих-жағырапия факультетін бітіріп, сол кездегі Көкшетау облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Мұсахан Қанапияновтың алдына жолдамасын жайып салған қызды, ол кісі Сырымбет мектеп-интернатына жұмысқа жібереді. Оның да өзіндік сыры бар еді. Мұсахан ағаның өзі Омбы педагогикалық институтын бітірісмен, алғашқы ұстаздық жолын осы білім ордасынан бастаған болатын. Кейін оның директоры болып, бүкіл республика бойынша алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналдырған. Сондықтан, облыстағы мұндай ірі мектепке әлі де болса, Бибінұр сияқты Алматыда оқыған, болашағы зор, таңдаулы жастардың керек екенін білетін.

Барса, Мұсахан ағасы да айтқанындай, қазіргі директоры кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшылығына дейін көтерілген Нағима Жанахметова екен. Міне, сол барғаннан Бибінұр апаның жиырма шақты жылы тынбай еңбек етумен сол мектепте өтті. Сонда сабақ бере жүріп, бір жыл бұрын әскерден келіп, осы білім ордасында өздері сияқты математикадан сабақ беретін Қадыр қатарласымен отбасылық бақытын тапты.  Сүйіспеншілікпен бірін-бірі бағалай білген екі жас 1959 жылы қосылып, ендігі жерде тағдыр жазған өмір жүгі, мектеп жүгін де бірге көтерді.

Ол кезде Сырымбет орта  мектебінде жыл сайын 800-ге жуық бала оқитын. Тоғызыншы және оныншы сыныптар төрт-төрттен, он бірінші сынып та бірнешеу. Мұғалімдерінің бәрі дерлік, өте-мөте білімді, беделді. Анадайдан келе жатса болды, балалар лезде бойларын жиып, қалт тұра қалады. Шіркін, сондағы ұстазды сыйлауды айтсайшы. Осы жылдарда бір орта арнаулы, бір жоғары оқу орнында алған білімін барынша ел қажетіне жаратып, өзі оқытатын пәнін бүге-шегесіне дейін жетік білген Бибінұр апа да талай шәкірт, талай басшыларды көз алдынан өткізді. Айталық, Зәйкен Атығаева математикадан сабақ беріп, кейін сол мектепте директор болды. Бибінұр апа өзін Сырымбет орта мектебіне жұмысқа жіберген Мұсахан ағайымен де кейін осы білім ордасында қайта жүздесті. Бұл – өз заманының ұлық ұстаздарының бірінің Көкшетау облыстық оқу бөлімінің меңгерушілігінен соң осы мектепке қайта директор болып келген беті еді.

–Мені бір күні өз бөлмесіне шақырып алып, «орыс сыныптарына сабақ беріп көрсең» деген тілегін жеткізді. Мұндайды күтпеген басым «институтты қазақша бітіріп, қалай орыс сыныбына сабақ беремін?» деппін ғой. Сондағы жүзі солғын тартып айтқаны ғой. «Бибінұр шырағым, бұл сенің қолыңнан келеді, келмесе мен саған мұндай ұсыныс жасамас едім. Ертең керек осы мүмкіндікті пайдаланып қал. Өзін байқайсың ба, жылдан-жылға қазақ тілі кейіндеп, орыс тілі ілгерілеп барады. Түптің-түбі тіпті қазақ сыныптары жабылып қалуы ғажап емес. Мен содан қорқамын», – деп. Айтса айтқанындай, кейін расында, жағдай тұп-тура солай болды. Мұсахан аға осылай  бізде үш-төрт жыл істеп, кейін зейнет демалысына шықты. Біз, мұғалімдер аудан мен облыста кімдер басшымыз екеніне құлағымызды түрік ұстап, сергек жүреміз ғой. Сол Қанапиянов ағамыздан кейін Анна Дудкина, Бота Құсайынов, Тельман Мұқышев сияқты үзеңгілестері болды. Бәрі де облыстың білім саласына айтарлықтай үлестерін қосты. Әсіресе, тоқсаныншы жылдары сол мен айтқан қазақ сыныптарын қайта ашуда іскерлік танытқан Тельман Шәріпұлының еңбегін ауызға алмай болмайды.  Оның шет жағасын өз көзімізбен де көрдік,–дейді апа әңгімесінің келесі бір тұсында.

–Сырымбет мектебінде сол кезде қыз-келіншектерден гөрі ер мұғалімдер көп болатын. Бұл сол уақыттың  бір ерекшелігі еді. Солардың ішінен Борис (Боти) Әбілғазин орыс тілі, Қапен Молдағайыпов пен біздің Қадыр математика, әнші-сазгер, журналист Кәрім Ілиясов қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Қазихан Қозыбеков мектептің оқу ісінің меңгерушісі болды. Хамит Нұрманов та белді ұстаздардың қатарынан еді. Білім-біліктері жағынан қыз-келіншектер де ер-азаматтардан қалысқан жоқ. Кейін зейнет демалысына шыққан соң Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов музейін ұйымдастырып, соның алғашқы директоры болған Зәйкен Атығаева туралы жоғарыда бір сөзімде айттым. Қапен Молдағайыповтың зайыбы Мәруа Жанмұханова оқушыларға физика пәнінен сабақ беріп, кейін мектеп жанындағы интернатқа жұмысқа ауысты. Орыс тілінен дәріс берген Шәрбану Сәдуақасова «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болды. Осылайша, өзі қатарлы тағы үш-төрт мектеппен бірге, облыс білімінің көшін бастаған Сырымбет орта мектебінде өз ісіне берілген бірде-бір ұстаз абыройсыз болған жоқ.

Әсіресе, Мұсахан ағамыз басқарып тұрған жылдары, одан кейін де мектеп аты өзінің жақсы істерімен алысқа тарап тұрды. Бар жан-тәнімен осы қат-қабат жұмыстардың бір жағынан шығысқан Бибінұр апаның жұбайы Қадыр Ерденұлы Қапышев та әуелі мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалса, кейін интернат директоры болды. Ол кезде интернатта төңіректегі ауылдардан кемі 300 бала келіп оқитын. Басқасын айтпағанда, балалар алдын ала құрылған кесте бойынша жуынып тұратын жеке моншасы қандай еді.

Осылай көңілімізде бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуден басқа ой жоқ, өзіміз мақтан тұтарлық өнегелі ортада алаңсыз жүріп жатқанымызда, Қадырды жаңадан құрылған Уәлиханов ауданына оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырсын. Ол кезде облыстық оқу бөлімінің басшысы Анна Спиридоновна Дудкина. Сол кісі алдында да бірер жерге осындай ұсыныс жасаған. Алайда, қолымызда жасы келген қайын атам болды да, сол кісіге қарайлап бара алмадық. «Осы жолы келісімімді бермеске болмады» деп келді үйге ағаң. Естуімізше, мидай дала, жаңа ұйымдастырылып жатқан аудан, тайсақтауын тайсақтадық. Бірақ, соның алдында ғана кірген жаңа үйімізге дейін қалдырып, өзгелер барып жатқан Уәлиханов ауданына біз де «нар тәуекел» деп бетті түзедік. Сөйтсек, мұнда да осы өңірді түлетеміз, ісін оңға бастырамыз деп келген жасампаз бір қауым ел сыйлап, құрметтеп, құшағын жая қарсы алды. Қадыр да бара сала білек түріп, іске кірісті. Мен де аудан орталығындағы мектепке жұмысқа орналасып, бір адамға болса да, жетіспей жатқан педагог кадрлардың қатарын толықтырдым. Шынында да, атқарар шаруа шаш-етектен болып шықты. Жөні түзу, типтік жобамен салынған мектеп тек аудан орталығында ғана бар екен. Басқа шаруашылықтардың бәрінде оны құжаттарын дайындап, әртүрлі жолдарын қарастырып, жаңадан салуға тура келді. Жылма-жыл Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институты мен еліміздің басқа да институттарынан оқу бітіретін студенттерді жолдамамен жұмысқа тартып, оларға жағдай жасап, кадрлар мәселесі де біртіндеп шешіле түсті. Қадекең аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеген он жылда сол мектептерден тәрбиелеудің, іс басынан көріне алар қабілет-қарымын дөп басудың арқасында бір шоғыр басшылар шықты. Айталық, Балжан Жахина Авангард, Уәзипа Мырзахметова Гагарин, Бәтжан Сәткенова Сарыадыр, Қарлығаш Сапаева Еңбекшілдер орта мектептерін іскерлікпен басқарып, алғы лектен көрініп жүрді. Бұған қоса, Қарлығаш Кәмиқызы кейін Көкшетау қаласындағы №8 орта мектепте де директор болып қызмет атқарып, жаңа бір қырынан танылды,– деп Бибінұр апа әлі де сөз төркінін кешегі Көкшетау облысының білім жүйесін дамытуда елеулі еңбегі бар жан жары Қадыр Ерденұлының төңірегінен өрбітіп жатқанымен, осы салада ұзақ жылғы өз ұстаздық еңбегі де «мен мұндалап» тұр.

Әр ұстаз әлбетте, өзі үміт артқан, сол үміті кейін ақталған шәкірттерімен марқаяды. Мұндайда Бибінұр апаның алдымен аузына алатын оқушыларының бірі көбіне ғарышкерлер оқып бітіретін Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесінің түлегі Марат Нұрғожин. «Өзіміздің Зәйкеннің баласы» деп қояды сөз арасында кезінде Сырымбет мектебінде қатар сабақ берген сыйлас әріптесі Зәйкен Атығаева тұстасын меңзеп. Міне, алдынан оқыған сол бала кейін техника ғылымдарының докторы атағын қорғап, Қазақстан Республикасы Аэроғарыш Агенттігі директорының орынбасары қызметінен зейнет демалысына шыққан. Қазір Алматыда бір орталықтың директоры. Көкше өңірінде кезінде Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері қызметінен облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген ел ағасы Болат Жанәділовті кім білмейді?! Сырымбет мектебінде оқыған ол кісі де осы Бибінұр апаның шәкірті. Көкшетау қаласының әкімі болған Еркеш Баяхметов, көп жыл Айыртау елін басқарған  Армия Әбілқайыров, Уәлиханов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген Ементай Мұқанов та менің оқушыларым, – дейді ұлағатты ұстаз мақтаныш сезімімен.

Бір үйден қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатқан қос ұстаз! Қадыр аға осы салада тұп-тура 50 жыл қызмет атқарса, Бибінұр апаның да ұстаздық еңбек жолы соған жетеқабыл.

– Ағаңмен 52 жыл тату-тәтті ғұмыр кештік. Бар өмірі бір кезде өз жүрек қалауымен таңдап алған бір ғана қастерлі мамандықтың айналасында, соның ыстық-суығымен өтті. Арамыздан бақилық болып кеткеніне 15 жылдың жүзі болып қалса да, шүкір, ойдағы-қырдағы шәкірттері жылы сөзімен есіміне қылау түсірмейді. Ал, өзім сол көзі тірісіндегі өшпес бейнесі, үлгі-өнегесі, екеуміздің барымыз да, арымыз да – соңымыздан ерген үш ұлға, олардан тараған азды-көпті ұрпағымызға тәубе деумен келе жатырмын. Тұңғышымыз Нұрлан подполковник шенімен Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарып, кейін зейнет демалысына шықты. Нұржанымыз Ресейде тұрып, сол жақта кәсіпкерлікпен айналысып, он жыл бұрын елге көшіп келді. Бір қызы қазір Болгарияда көркем гимнастикадан жаттықтырушы. Арасында Астанаға келіп, осы жақтағы балаларға сол спорт түрінен шеберлік сабақтарын өткізіп кетеді. Кенжеміз Біржан біраз жыл мемлекеттік қызметте болды. 4 баласы бар. Алдияры Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді. Айжаны Америкада, Нью-Йоркте Колумбия институтын бітірген. Қазір Данияның астанасы Копенгагенде тұрады.  Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет істеп жүр. Ал, Айдынымыз әзірше Италияның қаласы Миланда оқып жатыр. Үш ұлдан он шақты немере, шөбере сүйіп отырмын. Алда да ондай үміт жоқ емес, бар. Міне, биыл 95-тің қырына да шығып қалдық. Көз алдымнан ұбақ-шұбақ өмірімнің әр кезеңі көлбеп өткенде, соның бір шеті сонау соғыс шарпыған жадау балалығыма келіп тіреледі. Естиярмын, 13-14 жастағы кезім. Үлкендер өгіз жегіп, шөп тасиды. Сол шөпті жинасамыз. Су тиген бидайды бір жерден екінші жерге көшіреміз. Қыста қар белуардан. Қолымызда күрек. Жазда егін мол шықсын деп ауылдың жанында із салып, қар тоқтатамыз. Сонда тоңып, қардан аттай алмай, құлап жатсақ та, осы қиындық-ау, ауыртпалық-ау деп ойламаппыз. Солай болуы тиістей көретінбіз. Өйткені, алыста күркіреп соғыс жүріп жатты, бала болсақ та, біздің де бар аңсарымыз жауды жеңу, сол Жеңісті жақындату болды.

Иә, кеудесі тұнған қазына білімдар қариямен де осылай әңгіме-дүкен құру бір ғанибет.Тоқсан бес әлі сыр бергізе қоймаған. Құлақ екі сұратпайды,   ақылы орнында, сана сергек. Жоғарыдағы балалардың зеректігі, білімге құштарлығы да осы ата-әжелерінен болуы керек. Маған жазуыма керек болар деп бір сөзінде өмірлік серігі Қадыр ағаның өз биігіне арайлы Айыртаудың Қараталынан құлаш сермегенін де құлаққағыс етіп қояды. Сырымбетте бұрынғы Қазақ ССР Оқу министрі, жерлесіміз Қажахмет Балахметовтың әкесі Балахмет ақсақалмен жақсы араласып, тығыз қарым-қатынаста болғандары да есіне түсіп жатыр. «Сол кездегі толар-толмас Қызылтаң мектебінен шықтым» дегені де, әрі қарай өмір, білім көшін таудай талабыммен өзім алып кеттім дегені ғой деп түсіндім. Иә, әйтпесе, кім жүк көлігіне жасырынып мініп, сонау Алматыға шығандап кетеді?! Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі адал еңбектері еш кетпеген Қадыр аға, Бибінұр апа да күні кешегі Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздіктері. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында биліктен келіп, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін де тапсырып кетіпті.

Шынында да, бүгінгі тоқсанды алқымдаған, жасы одан да асқан қарияларымыздың тылдағы еңбектері ерен. Осы ойдың үстінде біз де Бибінұр апамен әңгімемізді түйіндедік. Аузымызда «жүздің де төбесін көріңіз» деген игі тілек. Мұндай кісілер бір Аллаға осыған да, осыдан азға да риза, қанағатшыл ғой. «Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, енді сендер аман болыңдар, ел аман, жұрт тыныш болсын» деп қояды ағынан жарылған кәрі жүрек.

Сіз де бар болыңыз, апа! Тоқсан бестің толғауы ғасырға ұласса, несі айып?!.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар